Ұлттық ерекшелігіміздің ұстынындай мереке Избранное

Вторник, 20 Март 2018 05:14 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4153 раз

Күн мен түн теңелетін, Жаңа жылдың басы – Наурыз мерекесі табалдырықты аттады. Ұлыстың ұлы күніне жұртшылықтың ықыласы да ерекше. Соңғы уақытта жылдың басы Алғыс айту, Көрісу секілді дәстүрлерден бастау алуда. Осы орайда қазақтың жыл басын тойлауда қандай жақсы дәстүрлері бар, оны дұрыс көрсете алып жүрміз бе? Наурыз мерекесінің ұлттық ерекшелігін айшықтауға не қажет деген мәселе бойынша сауалнама жүргізген болатынбыз.

 

taghaev-22Жәнібек ТАҒАЕВ,
облыстық әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры:

Үт кірді, үтпен бірге құт кірді

Орталық ашылғаннан бастап қызметкерлеріміз қазақтың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпындағы ұмытылған тұстарын өңірдің түкпір-түкпірінен көз көрген қариялардан сұрап-біліп, жаңғыртып, халыққа ұсынуда. Осы тұста, ел арасында сөзге шешен, іске шебер ата-әжелереміздің сынықтың көзіндей болса да ұрпаққа айтары бар екені қуантады. Халқымыз көшпелі ғұмыр кешсе де әрбір әрекетінің астарында үлкен мағына жатқан. Мәселен, наурыздың басы Көрісу мерекесімен басталған. Бұл қалың қардан бір-бірімен қатынаса алмай, қыс бойы әбден қиналғаннан кейін, көлік қатынайтындай уақыт келгенде «ел аман, жұрт тыныш па» деп бірін-бірі іздеуі. 

Алғаш келген қонаққа арнайы сүрленіп сақталған шеке асы тартылып, тіпті, қырық жанмен саулық сұрасып, көріскен жандардың күнәсі төгіледі деп сенген.

Ертеректе Жыл басының келгендігін халқымыз үйге кірген үттен байқаған. Киіз үйдің саңылау, тесігінен түскен күн сәулесінің тозаңдануын қазақ «үт кірді» деп есептейді. «Үт кірді, үйге құт кірді» деп қуанған. 

Наурызда дәстүрлі ойындар мен ас-тағамдар ұсыну тарихтан жалғасып келе жатыр. Дегенмен, бұл тойдың тағы бір қыры – қамқорлықтың, мейірімнің айы болған Наурызды қамқорлықпен қарсы алу. Бұл ретте ата-бабаларымыз ұлыстың кем-кетігін толтыру, аш-жалаңашын тойындыруды ұмытпаған. Әз-Наурыз мерекесін тойлап, қайырымдылыққа үндейтін дәстүрді де ұмыт қалдырмасақ, игілігі осы болар.

 

shymkala-22-3Асма ҚАЛЫБЕКОВА,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор:

Әз болмай, мәз болмайсың

– Ертеде көшпелі ата-балаларымыз қыс айының қаһарынан, жұтынан мал-жанын аман-есен шыққанына қуанып, Наурыз мерекесін ерекше тойлаған. Ұлыстың ұлы күніне тойлау 8-9 күнге ұласқан. Фольклортанушы ғалым Мәшһүр Жүсіптің еңбектерінде Наурыз мейрамы туралы қызықты деректер бар. Бір жазбасында «Дала қазағы өзін қазақ ретінде сезінетін бір ғана мереке бар, ол – Наурызнама» деген.

Кеңестік дәуірдің көлеңкесінде қалып, тойланбаған әз-Наурыздың жөн-жоралғылары да ұмыт болып қалды. Тәуелсіздік алған жылдары ұлттық мерекемізбен қайта қауышып, жыл сайын тойлауды дәстүрге айналдырып келеміз. Дегенмен, осы жылдар аралығында Наурыз мерекесінің сипаты тойдың деңгейімен қалып қойды. Ұлттық киімдер, салт-дәстүрімізді жаңғырту, аста төк тағамдарды көрсетудің аясынан аса алмадық.

Соңғы бір-екі жыл көлемінде ғана ұлтымыздың мерекені тойлаудың түп-төркінін түсініп келе жатқаны қуантады. Шатқалдарға ағаш егіп, халыққа көгалдандыруды үндеуі – игі іс.

Жалпы,кез келген мереке отбасынан басталуы тиіс. Әз Наурызды ұлықтау да осылай болған. Алдымен көктемгі күннің теңелуі қарсаңында жұрт үйлерін, қора-қопысын, күнделікті қолданатын мүліктерін ретке келтіріп, жиһаздарын мұқият тазалаған. Қарыздарынан құтылған, ренжіскендер татуласқан. Өйткені, үлкендердің айтуынша, Наурыз үйге енген кезде барлық ауру-сырқау, жаманшылық атауы аулақ болуы тиіс.

Ұлыс күні барлығы көңілді жүруге тырысып, бір-бірімен кездескенде құшақтасып амандасқан, ізгі тілектерді тілеп, жаманшылық болмасын, пәле-жала жерге енсін деген. Әр адам сәнді киініп, мүмкіндігінше жаңа киім киген. Ал күн мен түн теңесетін күні барлығы таңды бірігіп қарсы алған. Ерте тұрған ер адамдар арық, құдық, бұлақ көздерін тазалаған, ағаш отырғызып, «Атадан мал қалғанша тал қалсын», «Бір тал кессең, он тал ек» деген, әйелдер егілген ағаштарға, тазаланған бұлақтарға ақ құйған, бұл – Жер-Анаға береке тілеудің белгісі болған. 

Сондай-ақ Шығыс елдері Наурызды «мұхаррам» деп атаған. Оның мәнісі қасиетті айда табиғатты ластауға, тәртіпсіздікке, ұрлыққа, ғайбат сөздерге және басқа да жағымсыз істерге тыйым салынған. Демек мұсылман елінде Наурыз әдептілік, адамгершілік сияқты асыл қасиеттерді ұлықтайтын күн есебінде ерекшеленген.

Тағы бір қызығы, Наурыздың алғашқы күндерінің бірінде қазақ халқының нанымы бойынша жердің бетінен ерекше бір гуіл жүреді. Білетін адамдар мұны бірінші болып қой сезеді, оларды баққан қойшы да байқайды деген. Мұндай күні тіршілік атаулының бәрі «әзден» кейін ғана ерекше күш-қуатқа ие болады. Сондықтан халқымызда «Әз болмай, мәз болма» деген сөз қалған.

 

shymkala-22-2Болат БІЛІСБЕКОВ,
қолөнерші:

Қолөнершілер сағына күтетін мейрам

– Наурыз мейрамы ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен әдеп-ғұрыптарымызға негізделіп, кең сахарада дүбірлете өткізетін той болған. Жаңа жылда тіршілік атаулы көктеммен бірге жаңарып, адамдардың таза әрі әдемі киініп, барлық зергерлік бұйымдарын тағынып жүруінің өзі неге тұрады? Бұдан бөлек киіз үйлеріндегі төсеніштері мен ыдыс-аяқтарын жаңартады. Осылардың бәрінде қазақтың қолөнершілерінің еңбегі мен қолтаңбасы жатқан. 

Қөлөнершілер Наурыз мерекесінде өздерінің шеберліктерімен жасалған бұйымдарын көрсетіп, бағаланатын уақыты да осы мерекемен тұспа-тұс келген. Сондықтан заман алмасып, уақыт жаңғырғанымен шебердің қажеттілігі, оларға деген сұраныс жоғалған жоқ. Күні бүгінге дейін әз- мерекенің ертерек келуін күтетін – осы қолөнершілер. 

Расында бір ғасырға жуық уақыт ұлттық құндылықтарымыздан ажырап, қадірін кетіріп алдық. Ұлттық киімдерді әртістер ғана сахнада киіп не болмаса көптеген дүниелерімізді мұражайдан көретін жағдайға жеттік. Бұл келеңсіздік әлі күнге дейін жойылған жоқ. Мәселен, ұлттық киімдерге келгенде шеберлер ескі көзқарастан арылмай, бар дүниені жылтыратып берумен ғана шектелуінен құндылығы төмендеген. Егер қазақтың киіну дәстүрін зерттеп, заманның ағымына қарай күнделікті өмірде қолдануға да ыңғайлы етіп ұсынса, қазіргідей көшірме дүниеге «ұста» елдердің ығында қалмас еді. Дегенмен, халқымыз қазір табиғи дүниелерді тұтынуға біртіндеп бет бұрды. Жаһандану дәуірінде әлем елдері цифрлық технологияға көшкенімен, алдағы он жылдықта қолөнершілердің дәуірі келеді. 

Егемендікке қол жеткізіп, ұлыс күнімен қайта қауышып, ұмытылып кеткен көптеген дәстүріміз қайта жаңғырғанына шүкіршілік етеміз. Наурыздың басынан басталатын «Көрісу» секілді дәстүрлермен халықтың бір-бірін құттықтап жатуының өзі адамдардың мерекеге дайындығын еселендіреді екен. Ақ жаулықты апа-әжелеріміз қазірдің өзінде ағайын-туыс, көрші-қолаңға көктемге аман-есен жетіп, ағарғанға аузымыз жетті деген жақсы ырыммен Наурыз көжесін беретін күндерін белгілеуде. Сол себепті Ұлыс күнін тойлаудағы бүгінгі үрдістердің ешбір сөкеттігі жоқ. Оның әрқайсысы мән-маңызға ие.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.