ЖУРНАЛИСТ БОЛУ – АРМАНЫМ

Пятница, 10 Май 2024 05:28 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 249 раз

Адам өміріндегі ең маңызды, әрі жауапты сәттердің бірі – мамандық таңдау. Өйткені, бұл шешім сенің өміріңді өзгертіп қана қоймай, болашағыңа бағдар болады. «Мамандықтың бәрі жақсы, қалауыңша таңдап ал» дегендей, қазір сан түрлі кәсіп пен мамандық бар. Осы жолда адам бойындағы өмірлік құндылықтары, кəсіби бағыттылығы анықталады. Мен әр адам болашақ мамандығын өз бейіміне қарап, жүрек қалауымен таңдауы керек деп ойлаймын.

 

Менің таңдаған мамандығым – бала кезімнен алдыма қойған мақсатымның, қиялымда кеңге жайған асқақ арманымның нәтижесі. Ол – журналист болу. Қарапайым журналист емес, жаһандық аренада танымал қазақ журналисі болу. Қазақ еліндегі журналистика саласының беделін әлемдік деңгейдегі елдермен теңесуіне өз үлесімді қосу.
Журналист болғым келеді! Бұл ой маған ғайыптан, не болмаса, ата-анамның қалауынан келген жоқ. Қазіргі жүректегі «журналист боламын» деген жалын оты бала кезімнен тұтанып, жүрегімнің түкпірінен орын алған. Бір кездері анама ұқсап мұғалім немесе дәрігер боламын деп те ойланғанмын. Дегенмен де, жүрек қалауымен журналист болуға бел будым. Бала күнімнен бастап, ойымдағының бәрін қаламның ұшымен ақ парақ бетіне түсіріп, көп кітап оқыдым. Теледидарда сөйлеп жатқан аға-әпкелерімнен үлгі алып, олардың сөйлеу мәнеріне ғашық болдым.
«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап…» демекші, талмай еңбектеніп, ізденіп, бойымдағы қабілетімді дамытып, шығармашылығымды шыңдап жатырмын. Бұл мамандық әдеби тілді, сауаттылықты қажет етеді деп түсінемін. Әрдайым газет-журналдарды оқи отырып, әр тақырыптағы мәселелерді зерделеп, ой елегінен өткізіп отырамын. Іздене отырып, менің де журналистикаға деген құлшынысым арта түсті. Өзімді шыңдау үшін әртүрлі сайыстарға қатысып тұрамын. Есейе келе бұл арман алға қойған мақсатыма айналды.
Журналистика – қиын да қызықты мамандықтардың бірі. Тапқырлық, шыдамдылық пен батылдықты қажет ететін мамандық. Дегенмен, қызығы мен шыжығы қатар жүретін қызықты мамандық еңбекқор болумен қатар, жауапкершілігі мол тіл жанашыры болуға тәрбиелейді. Сонымен қатар бұл мамандық иелері қарапайым халық пен қоғам арасындағы көпір секілді. Сондықтан олар тек шындықты айтатын, әділдікті жақтайтын журналист болуды мақсат етеді. Сонда ғана ол сөзге шешен, ұтқыр ойлы, жан дүниесі әсем, кез келген адаммен тіл табыса алатын, қарапайым, білімді маман болмақ.
Журналистика – күш, ашық пікір, шынайы мінез, тұңғиық ой, талғампаз көзқарас анық көрінетін бірден-бір мамандық. Қоғамдағы көкейкесті, өткір мәселелерді қозғайтын да осы сала. Сондықтан осы мамандықтың хас шебері болуды армандаймын. Сол жолда ұшқыр ойыммен, киелі қаламыммен қасқайып қарсы тұратын асқақ ойлы азамат болғым келеді. Ол үшін жоғарғы білім алып, халқыма адал қызмет етемін. Ащы болса да шындықты жақтайтын, шындық үшін күресе білетін, өз ісімнің маманы боламын. Себебі, бүгінгі арманым ертеңіме, мамандығым – мақтанышыма айналуы мүмкін.
Менің арманым – менің болашағым. Болашаққа деген үмітім мен сенімім мол.

Абай ЖАРЫЛҚАСЫН,
Шымкент қаласы, Н.Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.