БАЙЫҒЫҢ КЕЛСЕ, ЕШКІ БАҚ Избранное

Пятница, 17 Май 2024 06:05 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 343 раз

Шымкентте ешкі шаруашылығымен айналысатын шаруалар «Қажымұқан» стадионы жанындағы алаңда асыл тұқымды ешкілерді дәріптеу мақсатында «Сексек ата» республикалық көрмесін ұйымдастырды. Шымкентте бұл бағыттағы көрме биыл үшінші рет өтті.

eshki

 

Көрмеге Қызылорда, Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарынан 60-қа жуық ешкі түрлері әкелінген. Шаруашылық иелері бұл көрмеге белсенді дайындалыпты. Бұған дейінгі көрмеде бас жүлде «Ақмаржан» ешкі шаруашылығына бұйырған еді. Бұл жолы жарыс өте тартысты өтті.
Асыл тұқымды ешкілердің бабын жасаса, бірінші тумасының өзі 3-4 литр сүт берсе, кейіннен 7 литрге дейін жететін көрінеді.
– Асыл тұқымды ешкілер күтімді көп қажет етеді. Бір күнде екі рет жем-шөп беруіміз керек. Суыққа төзбейді. Үстін тазалап, жуындырып тұрамыз. Біз өсіретін ешкілердің сүттілігі өте жоғары. Бір күнде 7 литрге дейін сүт аламыз. Ешкілерді келесі туғанға дейін сауып отыруға болады. Ол шамамен 10 айға дейінгі уақыт. Бағасы 500 мыңға дейін барады. Бір айлық лақтарының өзі 200 мың теңгеге бағалануда. Ешкі өсіру арқылы табысымыз екі есе артты. Бұл отбасылық кәсіпті бастағанымызға 6 жылға жуық уақыт өтті. Қожалықта 10-ға жуық ешкі бар. Біздің ерекшелігіміз шығар, ешкі санын 10-нан асырған емеспіз. Лақтарын алып қалып, үлкендерін сатамыз өсіреміз, – дейді «Ақмаржан» ешкі шаруашылығының өкілі.
Аталарымыз «Есің кетсе, ешкі жи, Ешкі жи да, есіңді жи» деген. Ешкі өте өсімтал жануар. Қой мен сиыр малы жылына бір рет төлдесе, ешкі жылына екі рет, көбінесе егізден лақтайды. Ешкі еті тез тоңғанмен, жеуге сіңімді әрі жеңіл болып келеді. Сондай-ақ, сүті өте құнарлы әрі пайдалы. Ел арасында ана сүтінің құрамына ең жақыны ешкі сүті деп те айтылады.
«Сексек ата» көрмесінде асыл тұқымды ешкілер екінші жане одан жоғары тумалар арасында ең көп сүт беретін ешкі, «Ең биік жане көрікті теке», «Ең сүйкімді және көрікті лақ», «Сүттің майлылығы жане құнарлығы» деген номинациялар бойынша бағаланды. "Ең көп сүт беретін ешкі" номинациясы бойынша 1-орынға Шымкент қаласының тұрғыны Омар Нұртазаның ешкісі лайық деп танылды. Ал, «Ең сүйкімді және көрікті лақ» номинациясын Шымкент қаласының тұрғыны Талғат Серікбаевтың лағы иеленді. Талғат Серікбаевтың «Геракл» атты текесі «Ең биік және көрікті теке» атауын жеңіп алды.
Көрмеде жүлделі үш орынды иеленген жеке кәсіпкерлер мен шаруаларға арнайы Алғыс хаттар мен кубоктар табыс етілді.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.