Атап айтқанда, Бәйдібек би және Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысында орналасқан «Хан қорғанына» 45 мың түп сальвия және антирринум біржылдық гүлі егіледі. Гүлдер композициясы казақи нақыштағы ою-өрнек пішінінде жасалмақ.
Ал, Еңбекші ауданында орналасқан №1 автожол бойындағы айналма жолға петуния, тагетес, катарантус сияқты жалпы саны 48 мың түп біржылдық гүл отырғызылады. Қаланың көрнекті орындарының бірі – Қабанбай батыр даңғылы мен Анаров көшесінің қиылысы, теміржол вокзалы тұсындағы айналма жол маңында да көріктендіру жұмысы жүргізілуде. Бұл аумақ шафран, сальвия және целозия секілді біржылдық гүлдермен толығып жатыр.
Гүлдер арнайы ұңғыма арқылы суарылады. Бүгінде қарқынды жүргізіліп жатқан көріктендіру жұмысына мердігер мекемелердің арнайы агроном мамандары мен техникалары жұмылдырылған.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі