ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ ЕҢСЕСІ ТҮСПЕУІ ТИІС! Избранное

Пятница, 17 Май 2024 06:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 364 раз

Заң талаптарына сәйкес әрбір азаматтың жұмыс орнының қауіпсіз болуын талап етуге құқығы бар. Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жұмыскерлер еңбегінің қауіпсіздігін және қорғалауын бақылауды қамтасыз етуге бағытталған «Халықтық бақылау» жобасын ірі кәсіпорындарда енгізу туралы тапсырма берген болатын. Бүгінде бұл жобаны үшінші мегаполисте 18 кәсіпорын енгізген. Бұл туралы толығырақ Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы
Бауыржан Қалжанов баспасөз брифингінде мәлімдеді.

enbek

 

–Қаладағы кәсіпорындар мен мекемелерде тұрақты түрде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында мониторинг жүргізіледі. Мониторинг қорытындысы бойынша қазіргі уақытта қалада 1452 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі бойынша өндірістік кеңестер жұмыс жүргізіп жатқан болса, 2118 жұмыс орнына зиянды және қауіпті еңбек қауіпсіздігі бойынша аттестациялау өткізді. Сондай-ақ қаладағы 144 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттар енгізілген, – деді Б.Қалжанов.
Басқарманың негізгі функцияларының бірі – жұмыскерлердің, жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын сақтау, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі өтініштерді қарау. Осы тұрғыда басқармаға биыл
769 арыз-шағым түсіп, оның 656-ы қаралған. Нәтижесінде 194 тексеру жүргізіліп, 546 құқық бұзушылық анықталған.
Басқарма басшысының айтуынша, анықталған құқық бұзушылықтар бойынша 120 нұсқама беріліп, 4,3 миллион теңгені құрайтын 105 айыппұл салынған. Сондай-ақ, 690 жұмыскердің еңбек құқығы қорғалып, 423 жұмыскердің жалақы қарыздары өтелген.
Брифингте жыл сайынғы «Еңбек жолы» конкурсына өтінімдер қабылдау басталғаны туралы айтылды. Айта кетейік, бұл конкурс еңбек адамын насихаттау мақсатында жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Конкурстың өңірлік кезеңінен өткен қатысушылар республикалық конкурсқа жолдама алмақ.
Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бастамасымен және әлеуметтік әріптестердің қатысуымен Шымкенттегі кәсіпорындар мен мекемелерде «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасын іске асыруда. Бұл туралы «Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеев мәлімдеді.
–Біздің ең басты құндылығымыз – еңбек адамы. Бұл бағдарлама өндірістік жарақаттанудың, кәсіптік аурудың, өндірістегі өлімге әкелетін жазатайым оқиғалардың деңгейін төмендетуге, еңбек қауіпсіздігі жағдайларын жақсартуға, өмір сүру ұзақтығын арттыруға, халық денсаулығын сақтауға бағытталған. Қызметкер еңбек міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырудың алғы шарты –қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға және жақсартуға бағытталған алдын алу шаралары болып табылады. Осыған орай кәсіподақ мамандары кәсіподақ филиалдары төрағаларымен 26 мекемеде, бастауыш кәсіподақ ұйымдарында еңбек қауіпсіздігі мен еңбек қорғау тақырыбында кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді, – деді Бауыржан Ілімшаұлы.
Сонымен қатар 2019 жылы 17 маусымда Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы және Қазақстанның атқарушы органдары арасында «Vision Zero – нөлдік жарақат» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Атқаралырған іс-шаралар нәтижесінде тұжырымдамаға Шымкенттен 71 кәсіпорын қосылған. Бүгінде қалада 4291 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 1765-мен ұжымдық шарт түзілген. Ұжымдық шарт түзілген кәсіпорындардың 98,3 пайызы цифрландыру жүйесімен қамтылған. Цифрландыру жүйесі өз кезегінде жұмыскерлердің жұмыс орнының қауіпсіз болуына бірден-бір септігін тигізіп отыр.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.