Еліне қалқан болар сарбаздарымыз бар Избранное

Пятница, 04 Май 2018 05:05 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4605 раз

Ербол Отарбаевтың әскери мерзімін өтеп жүргендегі ерлігі көпке үлгі. Бүгінгі жас сарбаздар оны мақтаныш етеді. Олар бейбіт күнде де қаһармандық көрсетуге болатынын ұғынған. Еліне адал перзент, бөлімінің мақтанышы болсам дейді. Мереке қарсаңында ҚР Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6506 әскери бөліміндегі жас сарбаздардың тыныс-тіршілігімен таныстық. Мұнда дарынды азаматтар көп-ақ. 

DSC 1780

Мереке өз мәнінде аталып өтті

Сонымен, сарбаздардың бір күндік өмірін бақыладық. Бөлімде қарбалас. 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне бір апта дайындалған. Өнерлері де көпшіліктің көңілінен шықты. Бәрі де түрлі этнос өкілдерінің киімін киіп, ән айтты. Би биледі. Олардың мәдениетімен таныстырды. 

Бұл әскерлердің демалыс күнгі бір мезеті. Әскери мерзімін өтеуші Жылгелді Құдайбергенов гитарада ойнап, би де биледі. Өз елінің нағыз патриот азаматы. Қарағанды облысы Жаңарқа ауданында дүниеге келген. Қазақ күресінен спорт шебері, самбо, дзюдо күресінен спорт шеберлігіне үміткер. Жақында ғана ұлттық ұланның әскері арасында самбодан Қызылорда қаласында өткен біріншілікте үшінші орын алып қайтты. 90 келідегі балуандар арасында 9 қарсыласының 7-уін жеңіпті. «Жансай Смағұлов, Елдос Сметовтың өнері ұнайды. Әскери мерзімімді өтеп болған соң да спортты жалғастырам. Елімнің көк туын көкке көтерсем деген арманым бар», - дейді өзі шынайы көңілмен. 

Жалпы, мұндағы мерзімді әскери қызметін өтеуші сарбаздар қала көшелерінде қоғамдық тәртіпті күзетеді. Бір күн сабақ оқып, енді бір күні қызметке шығады. Сарбаздар сағат таңғы алтыда тұрып, сабаққа дайындалады. Бұл – күнделікті тәртіп. Сағат 9:00-ден 12:50-ге дейін сабақ өтеді. Түскі үзілістен кейін кешкі алтыға дейін сабақ жалғасады. 

DSC 2112

Қызметке шығатын күні де түске дейін сабақ оқиды. Сабақтан кейін қызметке дайындық басталады. Оған дейін тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Түстен кейін қызметке шығуға бұйрық беріледі. Алдымен әр топқа қаланың аудандық ішкі істер бөлімінде бағыт-бағдар беріледі. Одан кейін қаланың 4 ауданы бойынша өздерінің белгіленген аймақтарында қызметін атқарады. Содан қызмет түнгі он екіге дейін жалғасады. Соңында аудандық ішкі істер бөліміне қайта жиналып, қызметті сол жерде қорытындылайды. 

Сарбаздар жексенбі күні «Қазақстан» арнасынан «Ақсауыт» әскери-патриоттық телебағдарламаны тамашалайды. Одан кейін спорттық іс-шараларда бас қосады: әскери эстафета, волейбол, баскетбол, футболдан турнир өтеді. Былтыр желтоқсан айында қолбасшылық арасында өткен жарыста бөлімнің көңілді тапқырлар клубы сайыста бірінші орынға ие болған еді. 

Жас сарбаздар тарихты қаншалықты біледі? Әскери борышын өтеуге келген сарбаздарды отансүйгіштікке баулу, тарихын білуге, дәстүрін сақтауға тәрбиелеу – жауапты міндет. Әскери өмірге жаңадан қадам басқан сарбаздардан тарихта ата-бабаларымыз қандай ерлік жасағанын, Қазақ хандығының қалай құрылғанын, тарихтағы маңызды оқиғаларды сұраудың да мәні сол себептен. Бұл туралы рота командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтар жұмысы бойынша орынбасары Ернар Қамза: 

– Спорттық жағынан біздің әлеуетіміз зор. Қазақ күресінен, дзюдодан спорт шеберлеріміз, одан бөлек футболшылар бар. Патриоттық рухын көтеру үшін әрдайым олармен тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Яғни, іс-шарада да, жауынгерлік қызметті орындау кезінде де барлық жағдайға дайын болу керек, дейді.

 

Әскерлеріміздің әлеуеті артқан

IMG 20180501 133227

Әскерлердің тарихи таным көкжиегін кеңейтіп, білім-біліктілігін арттыру маңызды міндет. Мәселен, қызметке түсер алдындағы ақпараттық сағатта 20-30 минут осы төңірегінде насихат жұмыстары жүргізіледі. Елімізге белгілі тұлғалармен ұдайы кездесу жиындары өтіп тұрады. Жуырда ғана ҚР Парламент мәжілісінің депутаты 

Мұхтар Ерман мырзамен кездесу ұйымдастырылған еді. 

Бүгінде Қазақстан Қарулы күштерінің қатары білікті мамандармен толықты. Соңғы жылдары әскери бөлімдердің соңғы үлгідегі техникамен жарақтандырылуы, әр түрлі қажетті құралдармен қамтамасыз етілуі жоғары деңгейде. Рас, бұрынғыға қарағанда барлық жағдай жасалған. Сарбаздар үшін еш кедергі жоқ. Тек қана үйреніп, соны орындау керек. 

Былтыр бөлімге ақпан айында Дариға Назарбаева бастаған ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, армия генералы Мұхтар Алтынбаев келген-тін. «Оңтүстік» бағыт – өте маңызды. Террористік қауіптің алдын алу, шекарамызды күшейту сынды жағдай баса назарда тұрғаны мәлім. Сол себептен, бүгінгі әскери қорғанысымыздың, басқа да әскери құрылымдардың атқарып жатқан жұмыстарының деңгейін білмек керек. Сол кезде әскерилердің қазіргі заман талабына сай қажетті құрал-жабдықтармен қамтылуына қонақтар жоғары баға берген. 

IMG 20180501 133222

Қазақстан әскерінің қуаты жылдан-жылға артып келеді. Ресей, Қытай, Түркия, Беларусь елдерімен жауынгерлік, техникалық оқу-жаттығулар ұдайы жүргізіледі. Сол себептен де біздің әскеріміз ешкімнен кем емес.

 

Отарбаев пен Сүндетовтей болғысы келеді

Тәуелсіздіктің төл құрдасы Ербол Отарбаев бүгінде Ұлттық ұланның мақтанышы. Ол жауынгерлік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі үшін Елбасы Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған еді. Елбасымен екі рет кездесті. Ақтаудағы ерлігінен кейін 2011 жылы келісім-шарт бойынша осы бөлімде бас маман болып қызмет атқарды.

Сарбаздардың бәрі де Отарбаевты жақсы таниды. Ерлігін біледі. Бәрі де сол сияқты болғысы келеді.

IMG 20180501 112826

Сондай-ақ, 2016 жылы Ақтөбе қаласындағы лаңкестік оқиға кезінде ерлік көрсеткен Сырым Сүндетов те қазір осында қызмет атқарып жүр. Ол тәрбие және әлеуметтік-құқықтар жұмыстары бөлімшесі бастығының жастармен жұмыс жөніндегі көмекшісі. Лаңкестерге тойтарыс берген Сырым Сүндетов «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған. 

Әскери бөлімнің жігіттері қандай жағдайға да дайын. Офицерлердің де жас шәкірттеріне артар сенімі зор. 

Қазір қала тыныш. Бей-берекет болатын келеңсіз жағдайлар азайған. Дегенмен, сарбаздар жағдайға сақадай сай тұруы тиіс. Жігіттер осыны жанымен ұғынған. 

Айтқандай, бөлімнің жас сарбаздары Алматы облысындағы Заречный кентінде өтетін халықаралық іс-шараға жолға шығуға қамданып жатыр. Онда тактикалық оқу-жаттығуларын өткізіп, білім-біліктерін пысықтап алады. Отан қорғаушылар және Ұлы жеңіс күнін де сонда қарсы алмақ.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.