Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымов атындағы Шымкент республикалық «Жас ұлан» әскери мектебі – еліміздегі санаулы 4 әскери мектептің бірі. Мұнда 280 бозбала әскери бағытта тәрбиеленуде. Жатын орны мен білім алу ғана емес, оқу барысындағы күнделікті қажеттіліктің барлығы ақысыз.
Бұл мектептің тәрбиеленушілері республикалық масштабтағы талай сында топ жарып, облыстағы ауқымды шаралардың барлығына дерлік атсалысады.
Мектеп бастығының орынбасары, тәрбие және идеологиялық жұмыстар басқармасының бастығы, подполковник Медғат Мадрахымұлы бізді болашақ отан қорғаушылар мектебінің ішкі өмірімен таныстырды.
Уақыттың бәрі есептеулі
– Біздің мектеп тікелей ҚР Қорғаныс Министрлігіне қарайды. Әскери мектептің оқушылары Министрлік тарапынан бекітілген бағдарлама негізінде тәрбиеленеді. Оқу кестесі таңғы 7:00 мен түнгі 22:00-ге дейінгі аралықты қамтиды, – деді подполковник.
Күн тәртібіне сай ұландар дүйсенбі, бейсенбі күндері ақпараттық тренаж жасайды. Сейсенбі, жұма күндері саптық дайындық. Ал сәрсенбідегі пысықтау шаралары химиялық заттардан, уланудан сақтану жаттығуларына арналады. 10-11 сынып оқушыларының білім алу бағдарламасына сәйкес, сабақ оқиды.
Әскери мектепте 11 үйірме бар. Олар тәрбие (би, ұлттық домбыра, ВИА), спорттық (жеңіл атлетика, мерген, күрес, волейбол, футбол), оқу (робототехника, ғылыми жоба, мамандыққа кіріспе) компоненті болып үшке бөлінеді. Әрбір үйірмеге 25 бала қатысады. Бос жүрмейді. Өзінің қызығушылығына сай үйірме түріне жазылып, уақытын мейлінше тиімді пайдалады.
Одан кейін оқушылар ертеңгі сабақтарына дайындалады. Ал кешкі астан кейін ұландар теледидар қарап, кітап-газет оқып, жағаларын тігеді. Киімдерін ретке келтіреді, гитара тартып, ән шырқайтындары да бар. 21:20-да әскери мектеп оқушыларын кешкі тексеру. Саптық алаңда әскери тәртіппен ән орындаған болашақ сарбаздар тура сағат 22:00-де барлығы түгел ұйқыға жатады.
– Біздің мектептің түлектері болашақ отанқорғаушылар, әскери саланың қызметкерлері болғандықтан әрбір уақытын тиімді пайдалануына күш саламыз. Осындағы 10-11 сынып оқушылары барлығы 280 болса, биылғы бітірушілердің 90 пайызы әскери мектептерді таңдап отыр. Ата-анасы сеніп тапсырған балалардың жақсы тәрбие алып, дені сау, жан-жақты болып бой түзеуі үшін білім саласында, әскери жаттықтыру, үйірме және күнделікті қажеттілік барысында 100-ге жуық қызметкер жұмыс істейді, – дейді Медғат Мадрахымов.
Әскери мектепке қалай оқуға түсуге болады?
Шымкенттегі әскери мектепке Қазақстанның кез келген аумағынан оқуға түсуге болады. Бастысы, зор денсаулық және жоғары спорттық көрсеткіш қажет. Ал қалғаны қосымша ұпай ретінде ғана есепке алынады.
– Оқушылар 9 сыныпты бітірген соң тұрғылықты мекенжайы бойынша дәрігерлік тексеруден өтеді. Денсаулығы туралы құжатқа мектеп бітіргені туралы куәлігін және ата-анасының рұқсат бергені туралы қағазын қоса тапсыруы маңызды. Тиісті құжаттар қабылданғаннан кейін психологиялық тест, дене шынықтыру сынақтарынан өтеді. Әскери қызметкерлерінің балалары мен спорт шебері және СШ үміткер, қызыл аттестатқа бітіргендерге қосымша ұпай және жетім балаларға жеңілдіктер қаралған, – дейді подполковник М.Мадрахымов.
Жаңа 2018-2019 оқу жылдарына қабылдау 1 тамыздан басталады.
Әскери мектеп тәрбиеленушілерге екі апта сайын үйіне барып-қайтуға рұқсат береді. Ал аптасына 15 «бестік» алған оқушы апта сайын демалыста жақындарымен қауыша алады. Бұл балалардың үздік білім алуға талпынысын арттыру мақсатында қолға алынған ішкі тәртіп.
Жақында ғана «Жас ұлан» тәрбиеленуші Бейбарыс Ғарышбаев казармада өткен уақыттардың да текке өтпейтініне көңілі толады.
– Үлкен ұлымның әскери қызметкер болғанын қалап, осы мектепке бергенмін. Биыл оқуды бітіреді. Оның бойындағы көптеген өзгерістерге қарап, дұрыс таңдау жасағаныма қуанамын. Әрбір уақыттың қадірін білгені бір бөлек, бойында отансүйгіштік рухы қалыптасты. Еліне қызмет етеді. Атан-ана үшін бұл ең үлкен абырой, – дейді Бейбарыстың әкесі Қаржан Сыдықбаев.
Өзін «Ауған соғысына қатыстым» деп таныстырған Қ.Сыдықбаев екінші ұлының да әскери мектепте тәрбиеленгенін қалайды. Соңғы жылдары әскери мектепте оқуға ниет білдіретін ұландардың саны көптігіне орай осы бағыттағы мектептердің санын арттыру мәселесі қаралуда.