Жексенбіде жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шарада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, ҚР Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың маңызы зор екеніне тоқталып өтті.
– Елімізде ұлттық спорттың дамуына айырықша назар аударылып келеді. Биыл Астана қаласында дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Шымкент қаласы спортшылары да ұлттық құрама сапында жауапты сайысқа қатысады. Ұлттық спортты дамытуда қаламызда кезекті рет халықаралық бәсеке ұйымдастырылып отыр. Шымкент қаласына қош келдіңіздер!–деді қала әкімінің орынбасары.
Спортшылар 4 стиль (жамбы, түркі, азия, мажар стильдері) бойынша жарысқа түседі. 15 сәуір мажар стилі, 16 сәуір азия стилі, 17 сәуір түркі стилі, 18 сәуір жамбы стилі бойынша сайыстар жоспарланған. Ал, 19 сәуірде шетелдік қонақтар Түркістан қаласына экскурсия жасайды.
Айта кетсек, Азия чемпионаты 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық аясында ұйымдастырылып отыр.