МЫҢНАН АСТАМ БАЛА ЖҮЗУДІ ТЕГІН ҮЙРЕНДІ Избранное

Среда, 24 Июль 2024 05:49 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 674 раз

Шымкент қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Қаракөзев шомылу маусымы кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баспасөз мәжілісін өткізді. Нұржан Нұрханұлы ақпараттық-түсіндірме жұмыстары, балаларды суда жүзуге тегін үйрету, заң талаптарын бұзушыларды жауапқа тарту сынды жұмыстардың нәтижелерін баяндады.

2 МЫҢНАН АСТАМ БАЛА ЖҮЗУДІ ТЕГІН ҮЙРЕНДІ

 

Тұрғындардың жаппай демалу, туризм және спорт үшін қала аумағында 5 ресми орын бекітілген, оның ішінде 3 орында шомылуға рұқсат етілген. Ал шомылуға тыйым салынған 13 орын бар. Жыл басынан бері қаладағы су айдындарында 1 жазатайым оқиға тіркелген.
Н.Қаракөзов ендігі ретте ақпараттық-түсіндірме жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Сәуір айынан бастап судағы қауіпсіздікті сақтау бойынша рейдтік іс-шаралар, үгіт-насихат жұмыстары ұдайы атқарылуда. Шымкент қаласының су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар қаулысы негізінде жоспар бекітілген. Шомылу маусымы басталғалы бері 1000-нан астам баланы құтқарушылармен бірлесе суда жүзуге тегін үйреттік. Жалпы 15-ке жуық демалыс орындарымен меморандум түзілген, – дейді Нұржан Нұрханұлы.
Жазатайым оқиғаларды азайту, сондай-ақ шомылу маусымын қауіпсіз өткізу бағытында Департамент жергілікті атқарушы органдарымен, волонтерлермен бірлесіп, үгіт-насихат жұмыстарын одан әрі жалғастырады.
Сондай-ақ, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ирисмат Махмудов балалардың терезеден құлау жағдайларына тоқталып өтті. Оның мәліметінше, шаһарда биыл 5 жағдай тіркелген. Оған негізінен үлкендердің балаларды қараусыз қалдыруы, терезенің ашық қалуы сынды жағдайлар себеп болып отыр. Ирисмат Бақтиярұлы балалардың қауіпсіздігі ата-аналардың тікелей міндеті екенін айтып, бұл жағдайға немқұрайлы қарамауға шақырды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.