Оңалту орталықтарының орны бөлек Избранное

Пятница, 10 Май 2024 05:30 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 268 раз

Елімізде неврологиялық қалыпсыздығы бар балаларға қамқорлыққа көп көңіл бөлінетіні белгілі. Мақсат – қоғамның оларға деген көзқарасын өзгерту, оларды ортаға бейімдеу, дағды-машықтарын қалыптастыру, өзіне деген сенімін арттырып, тиісті білім мен тәрбие алуына жағдай жасау, мүмкіндігінше мамандық меңгертіп, өмірден өз орнын табуына көмектесу. Мұндай балаларға арнайы педагогтардың, психологтардың, дефектологтардың, тағы басқа да мамандардың көмегі қажет. Осы орайда оларға көмек қолын ұсынатын арнайы орталықтар бар.

Onalyu

 

«I'm BALA» ауқымын кеңейтуді көздейді

Ерекше күтімді қажет ететін балаларды емдеу-тәрбиелеу сияқты күрделі іске бүгінде «Шымкент қаласының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің құрамындағы бірнеше үкіметтік емес ұйым да белсенді түрде атсалысып келеді. «I'm BALA» коррекциялық дамыту орталығы – солардың бірі. Орталықты осыдан үш жылға жуық уақыт бұрын шымкенттік дәрігер-нейрореабилиотолог, клиникалық нейрофизиолог Шолпан Даниярова ашқан.
Шымкентте медициналық жоғары оқу орнын бітірген, Австрияда оқыған, АҚШ-тың Кембридж университетінде арнайы тағлымдамадан өткен білікті маман Шолпан Бахт-Полатқызы – бүгінде осы коррекциялық дамыту орталығының басшысы. Ол да осында балалар мен ата-аналарға тиісті қызмет көрсетеді.
Орталықтың атқарушы директоры, балалар психологы Татьяна Әлімжанқызының айтуынша, «I'm BALA» коррекциялық-дамыту орталығында бүгінде ерекше күтімді қажет ететін 30-дан аса бала тәрбиеленуде. Оларға түрлі қызметтер көрсетіледі. Яғни балаларды арнайы келісім-шарт жасасқан ата-аналары құжатта нақтыланған уақытта мекемеге апарып тұрады. Орталықтың бүкіл жұмысы сол азаматтардың бала емі мен тәрбиесі үшін төлейтін ақысымен жүріп тұр. Ал мекеменің ерекше күтімді қажет ететін балаларға көрсетіп жатқан қызметі көп, арнайы тәрбиеші, тазалықшыдан бастап, логопед, дефектолог, терапевт, невролог, нейропсихолог және тағы басқа да мамандардың көмегі ұйымдастырылған. Транскраниальды магниттік стимуляция (ТМС) аппараты, түрлі емдік терапиялар, массаж және тағы басқа да қажетті қызмет көрсететін құрал-жабдықтар бар. Тілді, яғни сөйлеуді кешенді дамыту, логомассаж, сенсомоторлық дамыту, тұрмыстық дағдыларды қалыптастырып, дамыту сияқты толып жатқан қызметтер көрсетіледі. Аса мұқият бақылауды қажет ететін балаларды қарапайым тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуге дағдыландыру, дұрыс тамақтануға бейімдеу іске асырылады, қандай да бір пайдалы нәрсе үйренуіне жағдай жасалады.

Onalyu-1


«Біздің орталықтың жұмысы медицина мен коррекциялық педагогиканы ұштастыра отырып жүргізіледі, – дейді Татьяна Әлімжанқызы. – Ерекше күтімді қажет ететін балаларға тиісті ем мен оқыту-тәрбие жұмыстары олардың әрқайсысының ерекшелігін, жағдайын есепке ала отырып кешенді түрде жүргізіледі. Жақсы нәтижелер бар. Арнайы құрал-жабдықтар жұмыс істейді. Мысалы, транскраниальды магниттік ынталандыру аппараты мидың терең қатпарларына дейін әсер ете алады. Мамандарымыз түрлі емдік-сауықтыру қызметтерін көрсетеді.
Балаларды қол өнеріне машықтандыру, үйрету жүргізіледі, олар түрлі заттарды қолдан жасап үйренеді. Бала 18 жасқа толғасын өзіне қажетті кәсіп игеріп, жұмысқа тұрып кетуіне жағдай жасағымыз келеді. Осы орайда арнайы шеберхана ашу жоспарымыз бар. Жалпы, балаларды қоғамға бейімдеуге қажеттінің бәрін де жасауға ұмтылудамыз.
Ата-аналар да шама-шарқынша көмек қолын созуға тырысады. Мысалы, таяуда №9 мектептен бізге балалардың қол өнерімен айналысуына қажетті қағаз, бояу, пластилин сияқты біраз заттар жеткізілді. Қуанып қалдық. Осындай және басқадай көмектер келіп жатса, оған біз қатты қуанған болар едік. Себебі түрлі мақсаттарға жұмсалатын шығындарымыз аз емес, алдағы уақытта жұмыс ауқымын кеңейте алу үшін де қаражат керек. Әзірге осының бәрін ата-аналардың көрсетілген қызметке төлейтін ақысы есебінен жүргізіп отырмыз».
Осылай деген Татьяна Әлімжанқызы бізге орталықтың ішін аралатып таныстырды. Оның әр бөлмесінде балалармен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Рұқсаттарымен бірнешеуін суретке түсіріп алдық.
Қысқасы, Шымкенттегі «I'm BALA» коррекциялық-дамыту орталығының тыныс-тіршілігі осындай. Ол бүгінде өз тұтынушыларына сапалы қызметтер көрсетуде. Мүмкіндік жетіп жатса, жұмыс ауқымын кеңейтпек ниетте.

Шымкентте 7859 ерекше бала бар

«I'm BALA» орталығынан көрген-білгендеріміз бізді біраз ойға жетеледі. Жалпы, Шымкентте осындай ерекше күтімді қажет ететін қанша бала бар, оларды күтіп-бағатын, тиісті қызмет көрсететін қанша мекеме бар, олар қалай қаржыландырылады, қандай қызметтер көрсетіп жатыр деген сияқты ойлар келді.
Анықтап білгеніміз, бүгінде Шымкентте ерекше күтімді қажет ететін жасы 18-ге дейінгі балалар мен жасөспірімдердің жалпы саны 7859 екен. Осының ішінде 7 жасқа дейінгі 2662 бала бар. Ал, жалпы, жасы 18-ден асқандарды қосқанда олардың қатары 41 мыңнан асады.
Қалада ерекше күтімді қажет ететін азаматтарды тәрбиелеумен, күтіп-бағумен айналысатын бірнеше ондаған мемлекеттік және жеке мекемелер жұмыс істейді. Бұлардың кейбірі өз жұмысын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүргізеді. Біз жоғарыда айтып өткен «I'm BALA» коррекциялық-дамыту орталығы сияқты ата-аналардың қаржылық қолдауымен ғана күн көріп отыр. Балаларды барша керектімен қамтамасыз етуден бөлек, өздері отырған ғимараттың жалдау ақысын, коммуналдық қызмет ақыларын, мамандардың жалақысын, көрсетілген түрлі қызмет ақысын уақтылы төлеп отыру оларға оңайға соқпайды. Осы орайда оларды мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа, түрлі гранттарға көбірек тартса деген ой келеді. Өйткені олар ерекше күтімді қажет ететіндерге қызмет көрсетіп, қоғамға пайдалы жұмыспен айналысып жүр.
Былтыр «I'mBALA» орталығы әзірге бес ұжымды қамтып отырған «Арман алаңы» коалициясының құрамына кірген болатын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, мақсат – ерекше күтімді қажет ететін балалар мен жасөспірімдерге қажеттінің бәрін бір орталыққа шоғырландыру, мәселелерді бір орталықтан шешу.
Ерекше күтімді қажет ететін балаларға қызмет жеке секторда әзірге осындай әрекеттермен жүріп жатыр. Жұмыс ауқымын кеңейтуді жолға қоя алса, көптеген бала мен ата-аналарға көмегі тигелі тұр. Әрине, мемлекет тарапынан, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан, жомарт жанды жекелеген кәсіпкерлерден лайықты қаржылай демеу болып тұрса, олар жұмысын өркендетіп, дамыта алар еді.
Ал мұндай көмекке мұқтаждар қатары баршылық. Мамандардың айтуынша аутизммен ауыратын балалар саны артып отыр. Баланың ондай қалыпсыздыққа ұшырауына қалта телефонының да әсері бар көрінеді. Яғни ол телефонға тәуелді болып қалады, содан дамуы тежеледі.
Мақала соңында мұны да айта кетуді жөн көрдік. Білгеннің зияны жоқ. Өйткені туабітті, жүре келе пайда болған мұндай ауытқуы бар балаларға қарау олардың ата-аналарына тіпті де қиын екені даусыз ғой.

Д.ОРАЗ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.