ҚАЛАНЫ ТІРШІЛІК НӘРІМЕН ҚАМТЫҒАН Избранное

Пятница, 06 Октябрь 2023 04:28 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 532 раз

"Су ресурстары-Маркетинг" ЖШС-іне 25 жыл

Бүгінде Шымкент қаласының халқын тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған "Су ресурстары-Маркетинг" ЖШС-і 1998 жылы құрылды. Ол елімізде әлеуметтік- экономикалық ахуал төмен, өндірістің дамуы тұралаған қиын кезең болатын. Соған қарамастан, кәсіпорын басшылығы күрделі міндетті қолына алды. Халықты тіршілік көзімен үздіксіз қамтып, кәріз жүйесі бойынша көрсетілетін қызмет сапасын арттыруды өндіріс шығындарын азайта отырып іске асыру – нағыз тәуекелшілдік еді.

255

 

Ескі, тозығы жеткен құбырлар, жиі болатын түрлі апаттар, жаңа жабдықтардың болмауы және үлкен көлемдегі су шығыны (сол кезде шамамен 42% құрады) – ол уақытта бұл көрініс үйреншікті жағдайға айналған-ды. 1998 жылы мекемеде екі ескі экскаватор мен аварияны қалпына келтіруге шығатын 15 көлік болды(бүгінде 200).
Қала тұрғындарына тәулігіне су 18 сағат қана берілетін. Авария өте жиі болатын: құбырлардан су кету, жүйеде қысымның төмендеуі жиі қайталанатын. Көпқабатты үйлерде 3-ші қабаттан жоғарыға су көтерілмейтін. Қаладағы су қабылдағыштардың барлығы іске қосылғанымен, ауыз су тапшылығы айтарлықтай еді. Сарапшылардың талдауы көрсеткендей, ол кезде 1 адам тәулігіне орта есеппен 456 литр су жұмсаған. Тұрғындар суды үнемдеуге мүлдем дағдыланбаған уақыт еді. Кәсіпорынның ең бірінші стратегиялық қадамы - суды есептеу құралдарын орнатты. Бастапқыда көбі бұған қарсы болды. Қиындықтарға қарамастан бірнеше жыл ішінде тұрғындардың 98 пайызында есептегіш құралдары орнатылып, Шымкент қаласы бірінші болып тұтынушыларға жеке су өлшегіштерін орнатқан қала атанды. Уақыт өте келе халық құнды ресурсты мақсатты пайдаланудың пайдасын түсінді. Нәтижесі: 1 адамға шаққанда тәулігіне тұтынылатын су 456 литрден 125 литрге дейін кеміді. Халық ауыз суды бағалауды, үнемдеуді үйрене бастады. Қала халқының саны ол уақытта 400 мың болса, қазір Шымкентте 1 миллион 200 мың тұрғын бар.
Қаланы ауыз сумен қамтуда 5 суқабылдағыш бар: негізгі екі су қабылдағыш жұмыс істейді, қалған үшеуі резервте тұр.
Ескі темір құбырларды пластик құбырларға ауыстыру жұмыстары - су желілеріндегі апатты азайтты. Судың есепсіз ағуы азайды. Шығын 42% - дан 17% - ға дейін төмендеді. Жалпы, ТМД елдерінде су шығыны бойынша орташа көрсеткіш 30% - дан асады.
Су құбырын, кәріз желілерін жаңарту, жаңа жабдықтар мен техника сатып алу, өндіріс қуатын арттыру инвестиция тарту арқылы шешілуде. Кәсіпорын алғаш рет 2009 жылы Еуропалық Қайта Құру және даму банкімен несие шартын түзді. Сол бастама жемісті болып, ЕҚҚДБ-мен 14 жылдан бері серіктесе жұмыс істеп келеді. 2022 жылы кәсіпорын еуропалық банкпен алтыншы несие-шартын түзіп, бұл қаржыны кәріз және тазарту қондырғыларының кешенін кеңейтуге және өндірістегі бірқатар маңызды тұстарға жұмсауда. Жалпы, аталған қаржы институтынан осы жылдар ішінде 18,7 миллиард теңге көлемінде несие алды. Оның 15,4 миллиард теңгесі игерілді. Несие шартының барлық талаптарын кәсіпорын да, банк те уақтылы және сапалы орындап келеді. Бүгінгі таңда кәсіпорын ЕҚДБ-не 13,2 миллиард теңгені қайтарды.

256


Кәсіпорынға тартылған инвестициялық қаржы өндірісті жаңғыртуға мүмкіндік берді. Су қабылдағыш қондырғыларына жаңа сорғы орнатылды. Бұрын ескі сорғыларды жиі-жиі жөндеуге бүкіл цех жұмылатын. Еуропалық үлгілерді енгізу көп қиындықтардан құтқарды. Ең маңыздысы, 1 текше метр суды өндіріп тасымалдауға жұмсалатын энергия шығыны 0,87 КВт-тан 0,06 КВт-қа дейін төмендеді.
Су қабылдағыш станциясы жаңғыртылды. Жаңа технологияны ендіру нәтижесінде сұйық хлор пайдаланылмайтын болды. Бүгінде ауыз суды дезинфекциялау-зарарсыздандыру үшін таблеткалы тұз қолданылады, ол адам ағзасына қауіпсіз. Жалпы, ауыз судың сапасы мен қауіпсіздігіне айрықша көңіл бөлінеді. Кәсіпорынның аттестатталған сынақ зертханасы арнайы бақылау орындарынан күн сайын сынама алып, тексеріп отырады. Бір жыл ішінде 70 мың сынама алынады.
Сумен қамту жүйесін оңтайландыру үшін қысым реттегіштері мен бақылағыштар, электр клапандары және жүйедегі су қысымын қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтар орнатылды. Бұл да құбырларда апатты барынша азайтуға мүмкіндік берді, демек жөндеу жұмыстарына кететін шығындар азайды. Кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасының негізінде 1115 шақырым су құбыры, 89,9 шақырым кәріз желісі жаңартылды. Қайта құру және ауыстыру жұмыстары жалғаса береді.
Ағынды су тазарту қондырғылар кешенін жаңғырту нәтижесінде биогаз қондырғысы орнатылды. Биогаз қондырғысы белсенді тұнбаны өңдеуге және одан метан алуға мүмкіндік береді. Одан, өндіріске аса қажетті жылу және электр энергиясы өндіріледі, ал энергия көздері тазарту кешеніне ауадай қажет. Нәтижесінде, электр энергиясының өзіндік құнының 50-60% - ы, жылу шығындарының 100% - ы жабылады. Алдағы уақытта жасыл энергия көрсеткішін де 90-95% - ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Түптеп келгенде, кәсіпорын бұл бағыттағы айтарлықтай жетістікке жетті - экологиялық ортаға келтірілетін зиянды барынша азайтты. «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС іске асырған биогаз қондырғысы - Орталық Азия елдеріндегі бірегей қондырғы. Айтуға оңай болғанымен, бұл өте күрделі процес. Жауапты қызметкерлерден жоғары біліктілік талап етіледі. Жалпы, "Су ресурстары-Маркетинг" ЖШС-де білікті мамандар баршылық. Сондықтан еліміздің өңірлері арасындағы жүйелі жұмысы бар ең үздік кешеннің негізінде басқа өңірлерден және алыс-жақын шетелдерден тәжірибе алмасуға келетіндер көп.
Президентіміз Қ. К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына сәйкес, 2023-2026 жылдары 38,3 шақырым кәріз жүйелерін жаңартуға, инвестициялық бағдарламаға қаржы қаралды. Ендігі жерде, осы бағдарлама аясында тозығы жеткен 300 шақырым су құбыры және кәріз жүйесін жаңартуға қаржы көзін шешу үшін күш салуымыз керек.
Шымкент халқының саны өсіп, аумағы кеңеюіне байланысты 2023 жылдың басында тәулігіне қосымша 50 мың текше метр шайынды су өңдейтін қосымша имарат құрылысы басталды. Ол аяқталғаннан кейін кешен тәулігіне 200 мың текше метр шайынды су өңдей алады. Кешенді кеңейтуге қажетті қаржы Еуропалық Қайта Құру және даму банкінен және ҚР Үкіметінің субсидиясы есебінен алынды.
Соңғы жылдары біздің кәсіпорын цифрландыру тұрғысынан айтарлықтай қадамдар жасады. Келесі кезеңде NB-Iот деректерін қашықтан бақылау жүйесінің көмегімен жеке есептеу құралдарының көрсеткіштерін жинауды автоматтандыру қолға алынбақ. Бұл - адами фактордың түзетуінсіз, жылдам және дәл есептеулер жүргізуге көмектесетін жүйе.
Кәсіпорында тұтынушылармен кері байланыс түзуге де көңіл бөлінеді. Орталық диспетчерлік қызметтің әдеттегі телефон байланысынан бөлек, кәсіпорынның әлеуметтік желілердегі ашық аккаунттары, электронды пошта және мессенджерлері де жұмыс істейді. Абоненттер кәсіпорын қызметіне байланысты барлық сұрақтарына жауап ала алады.
Telegram мессенджерінде "виртуалды көмекші" орнатылды. Чат-Ботта тұтынушы электронды түбіртегін көре алады, балансын біліп, онлайн төлем жасай алады және басқа да пайдалы ақпаратты біліп отырады. Шымкенттік тұтынушылардың шамамен 80%-ы "виртуалды ассистентке" жүгінеді.
Жас мамандардан мықты техникалық резерв құру бойынша жұмыс қолға алынған. Кәсіби ілгерілеуге, қызметте өсуге ынталандыру үшін "Су ресурстары-Маркетинг" ЖШС басшылығы тоқсан сайын техникалық сынақ ретінде конкурстар өткізеді. Жеңімпаздар қомақты қаржылай сыйлықтар алады, резервке алынады.
Шымкенттік "Су ресурстары-Маркетинг" ЖШС Қазақстан Республикасы Президентінің Алтын "Парыз" сыйлығын иеленді. Бұл марапат – ауқымды, жүйелі жұмыстың жемісі.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.