«Ауру ерте анықталса, тез жазылады» Избранное

Пятница, 21 Апрель 2023 06:34 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 8379 раз

Әлемде 9 миллионнан астам адам қатерлі ісіктен көз жұмады. Елімізде бұл статистика да көңіл көншітерліктей емес, жылына обырға 30 мыңға жуық адам шалдығады екен. Ұлт денсаулығын жақсартуда Қазақстанда Ұлттық скринингтік бағдарлама енгізілген. «Аурудың жазылуы оның қаншалықты ерте анықталғанына байланысты» дейді Шымкент қалалық №2 аурухананың емхана бойынша бастапқы медициналық-санитарлық алғашқы көмек директоры Нышанбай Кәрібайұлы Досанбаев. Сұхбатта «скринингтік тексерілудің маңыздылығы қандай?», «нысаналы топқа кімдер жатады?», «медициналық сақтандырылмаған азаматтар тексерілуден қалай өтеді?» сынды оқырман көкейіндегі сауалдарға жауап іздедік.

703

 

— Нышанбай Кәрібайұлы, әңгімемізді «скрининг не үшін қажет?» деген сауалдан бастасақ.

— Скринингтік зерттеулер – бұл ауруларды ерте кезеңінде анықтау үшін денсаулығына шағымы жоқ адамдардың медициналық тексерілуі. Бағдарлама жалпы қоғамдық денсаулықты сақтауға бағытталған. «Ауруды ерте кезеңде анықтау оның дамуына жол бермейді» деген сөзді пациенттерге жиі айтамыз. Өйткені, осы медициналық тексеріс нәтижесінде, әсіресе, онкологиялық ісіктерді ерте анықтау арқылы адам өмірін сақтап қалып жатқан жағдайлар өте көп. Қарапайым сөзбен айтқанда, скринингтік тексеру аурудың бастапқы кезеңін айқындап береді. Дерті анықталған пациент уақтылы ем қабылдайды, анықталған кезеңнен әрі асқынуына жол берілмейді. Сондай-ақ, мүгедектікке және өлімге әкеліп соқтыратын аурудың күрделі түрінің дамуын тоқтатуға мүмкіндік береді.
Жалпы скринингтік зерттеу нәресте ана құрсағында жатқан кезден 18 жасқа дейінгі балаларға және 30 жастан 70 жасқа дейінгі азаматтарға жас санатына сай жасалады. Ескеретін жәйт, нысаналы топтағы азаматтар скринингтік тексеруден тегін өтеді. Профилактикалық медициналық тексерілу оның түріне байланысты Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жүргізіледі.

— Биыл емханада скринингтік тексеріс барысы қалай?

— Емханаға 35 216 адам тіркелген. Жаңа жылдан бастап әр аймақ өзінің нысаналы топтарымен жеке жұмыс жасап, егерде мәртебесі сақтандырылмаған болса, міндетті түрде кеңес өткізіп, алдымен сақтандыру мәртебесіне ие болу жолын түсіндіреді.

702


Скринингтік зерттеулер дайындық, қарап-тексеру, зерттеу және қорытынды кезеңдерінен тұрады. Дайындық кезеңінде емханада медбикелер алдымен скринингтік зерттеулерден өтуі қажет азаматтардың тізімін жасап, хабардар етеді. Одан кейін тексеруге шақырып, нысаналы топтағы пациенттердің уақтылы өтуін бақылайды. Қазір бұл екі кезеңдегі жұмыстар аяқталды. Енді тексеру кезеңі жүргізіліп жатыр. Бұл кезеңде учаскелік дәрігердің, бейінді мамандардың, медбикелердің қабылдауы, сондай-ақ скринингтік зерттеу түріне байланысты зертханалық және диагностикалық зерттеулер жүргізіледі. Ал, қорытынды кезеңде анықталған патологиясы бар адамдарды динамикалық бақылауға қоямыз. Скринингтік зерттеулердің нәтижелері медициналық ақпараттық жүйеге енгізіледі, ал пациент толық тексеру және бақылау бойынша ұсынымдар алады. Қарап-тексеру барысында анықталған созылмалы аурулары бар адамдар диспансерлік есепке қойылып, динамикалық бақылауда болады. Жіті аурулар анықталған кезде тексеру жүргізіледі, толық сауыққанға дейін пациенттің денсаулық жағдайын бағалау арқылы емдеу тағайындалады.
Биыл бағдарлама аясында емханада 18 мыңға жуық тұрғынды скринингтік тексеруден өткізу жоспарланған. Мәселен, артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруы бойынша жоспар 3700 пациент болса, жыл басынан бері тексерілуден 884 тұрғын өтіп, оның 46-нан ауру белгілері анықталды. Сол секілді, қант диабеті бойынша жоспарда 3700 азаматты қамту көзделсе, 1111 азамат тексеруден өтіп, оның 10-ынан дерт белгілері анықталған. Глаукоманы ерте анықтауға бойынша 3700 адамды тексеру жоспарланса, 1138 адам тексеріліп, белгілері 3 кісіден табылды. Жатыр мойны обырын ерте кезеңде анықтау үшін анықтауға 1450 азаматты тексеру жоспарланып, бүгінге дейін 439 әйел қамтылды. Он ішінде 14 әйелден дерт белгілері анықталды. Дәл осындай сүт безі обырын ерте анықтауға 1950 кісі жолданып, 369 азамат тексеруден өтті. Өкінішке орай, 85 кісіден ерте кезеңде белгілері табылды. Колоректальды обырды ерте анықтауға 2400 тұрғын жоспарланса, жыл басынан бері 389 пациент өтіп, оның ішінде 7 адамнан дерт анықталды.

— Өткен жылы жүргізілген скринингтік зерттеулердің нәтижесі қандай? Салыстырмалы түрде тұрғындар тарапынан алға жылжу байқала ма?

— 2022 жылы емханада тіркеуде тұрған 16 мыңнан астам тұрғын тегін скринингтік тексерілуден өтті. Скрининг жүргізу барысында артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы жиілегені байқалды. Мәселен, жүрек қан-тамыр аурулары бойынша 3 мыңнан аса тұрғын тексеріліп, оның ішінде 235 адамнан дерт анықталды. Сол секілді колоректальды обырды ерте анықтауға арналған жоспар 2440 болса, өткен науқастар саны – 2462, оның ішінде анықталған – 85. Сондықтан тұрғындарға осындай мүмкіндікті өткізбей, скринингтік зерттеулерге бей-жай қарамай, денсаулықтарына ыждаһаттылық танытуға шақырамыз.

– Скринингтік тексеру түрлерін және оларды қашан, кімдер тапсыру керек екенін атап өтсеңіз...

— Скринингтерді тексерулерден белгілі бір жас тобына кіретіндер өтетінін жоғарыда атап өттім. Мысалы, биыл артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруы мен қант диабетін ерте кезеңде анықтау үшін 1993, 1991, 1983, 1981, 1979, 1977, 1975, 1971, 1965, 1961, 1959, 1957, 1955, 1953 жылы туған азаматтар;
- Глаукоманы ерте анықтау үшін 1993, 1991, 1983, 1981, 1979, 1977, 1975, 1971, 1965, 1961, 1959, 1957, 1955, 1953 жылы туғандар;
- Жатыр мойны обырын ерте анықтау мақсатында 1993, 1989, 1985, 1981, 1977, 1973, 1969, 1965, 1961, 1957, 1953 жылғы әйелдер;
- Сүт безі обырын ерте анықтау үшін 1983, 1981, 1979, 1977, 1975, 1973, 1971, 1969, 1967, 1965, 1963, 1961, 1959, 1957, 1955, 1953 жылы туған қыз-келіншектер;
- Колоректальды обырды ерте анықтау мақсатында 1973, 1971, 1969, 1967, 1965, 1963, 1961, 1959, 1957, 1955, 1953 жылғы азаматтар шақырылып отыр.
Скрининг түрлеріне тоқталар болсақ, біріншісі — артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруы мен қант диабетін ерте анықтауға арналған түрі. Нысаналы топқа артериялық гипертониямен, жүректің ишемиялық ауруымен және қант диабетімен динамикалық бақылауда тұрмайтын 30-70 жастағы ерлер мен әйелдер кіреді. Бұл тексеруден 2 жылда 1 рет өту керек.
Екіншісі — глаукоманы ерте анықтауға арналған скриниг. Мұнда глаукомамен динамикалық бақылауда тұрмайтын 30-70 жастағы ерлер мен әйелдер 2 жылда 1 рет тексеріледі.
Үшіншісі — жатыр мойны обырын ерте анықтауға арналған тексеру.

704


Бұл бойынша жатыр мойнының қатерлі ісіктерімен динамикалық бақылауда тұрмайтын 30-70 жастағы әйелдер 4 жылда 1 рет тексеруден өтуі қажет.
Төртіншісі — сүт безі обырын ерте анықтауға арналған скрининг. Сүт безінің қатерлі ісіктерімен динамикалық бақылауда тұрмайтын 30-70 жас аралығындағы әйелдер 2 жылда 1 рет тексеруге шақырылады.
Бесіншісі, колоректальды обырды ерте анықтауға арналған тексеру.
Мұнда тоқ ішектің қатерсіз және қатерлі ісіктерімен динамикалық бақылауда тұрмайтын 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер 2 жылда 1 рет скринигтік тексеруден өтеді.
Алтыншы, В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтауға арналған зерттеудің бұл түрі келесі тәуекел топтарының арасында жүргізіледі:
1. Медицина қызметкерлері:
- Қанды қайта өңдеуге қатысатын инвазивтік емшаралар жүргізетін; гемодиализбен айналысатын қан қызметі ұйымдары;
- хирургиялық, стоматологиялық, гинекологиялық, акушерлік, гематологиялық бейіндер, сондай-ақ диагностика мен емдеудің инвазиялық әдістерін жүргізетін;
- клиникалық, иммунологиялық, вирусологиялық, бактериологиялық, паразитологиялық зертханалар;
2. Жоспарлы және шұғыл операцияларға түсетін тұлғалар;
3. Гемодиализ, гематология, онкология, транспланттау, жүрек-тамыр және өкпе хирургиясы орталықтары мен бөлімшелерінің пациенттері;
4. Гемотрансфузия, ағзаларды (ағзалардың бөліктерін), тіндерді, жыныстық, феталдық, дің жасушаларын және биологиялық материалдарды транспланттау мен ауыстырып салуды алатын пациенттер;
5. Жүкті әйелдер;
6. Өмір салтының ерекшеліктеріне байланысты АИТВ-инфекциясын жұқтыру қаупі жоғары халықтың негізгі топтарындағы адамдар. В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтауға скринингтік зерттеулерден қауіп топтарының өкілдері 6 айда 1 реттен жиі өтпеуі тиіс. Ал скринингке жататын ауруы бойынша диспансерлік есепте тұрған адамдарға тексеру жүргізілмейді.
Былтыр скрингтік тексерілуде пациенттердің жасына байланысты өзгерістер енгізілді. Енді азаматтар 40 жас емес, 30 жастан бастап скринигтік тексеруге алынады. Бұл өзгерістер көзішілік қысымды өлшеу, яғни глаукоманы, кардиология жағынан артериялық гипертонияны және жүректің ишемиялық ауруын, эндокринология бойынша қант диабетін, жатыр мойны обырын ерте анықтау мақсатында қолға алынып отыр.

— Профилактикалық шараны өткізудегі емхананың материалдық-техникалық мүмкіндігі қандай?

— Бастапқы медициналық-санитарлық қызметте скринингтік кабинеттер бар. Кабинеттер қажетті медициналық құрылғылармен жабдықтылған. Сондай-ақ, емханамыз маммографиялық аппарат және видеокольпоскопиямен қамтылған.
Жалпы жыл сайын медициналық ұйымда профилактикалық жұмыстар жоспар бойынша жүргізіледі. Ендігісі, бұл жұмысқа тек медицина мамандары мүдделі болып ғана қоймай, тұрғындар уақытында тексеріліп тұрса, кез-келген сырқаттың алдын алуға болатындғын тағы да еске сала кеткім келеді.

— Әңгімеңізге рахмет!

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.