БҰЛ ЖЕҢІС ОҢАЙ КЕЛГЕН ЖОҚ! Избранное

Пятница, 10 Май 2024 05:43 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 397 раз

9 мамыр – Жеңіс күні. Күндей күркіреп өткен екінші дүниежүзілік соғыстың отына шарпылмаған, жаны жараланбаған жандар аз емес, сірә.

Mai

 

Сол кезеңдерде «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деді Бәукең, атақты Бауыржан Момышұлы. Рас, ол кезде Отан біреу болатын. Кеңестер Одағы. Онсыз да тағдырдың басқа салған зұлматынан қынадай қырылып, тарыдай шашылып қалған аз қазақ елдің алды болып майданға аттанды. Кешегі көк тітіреткен көк түріктердің ұрпағы ел басына күн туғанда етігімен су кешті.
Арын сатып бұқпантайлап қалмады. Жанын аямады.
Ұлы Жеңіс күнінің нүктесін қазақ Рақымжан Қошқарбаев қойды. Фашистердің жүрегіне баланған Рейхстагтің қабырғасына Жеңіс туын тікті.
Кейінгі кезде «бұл соғыстың қазаққа қатысы жоқ. Ол – неміс пен орыстың соғысы» деп жүргендер бар. Бұл – қате пікір. Ол кезде сенікі-менікі болған жоқ. Бір мемлекет – КСРО құрамында болдық. Сондықтан, бұл да – біздің тарих.
Біз, Қадыр ақын айтпақшы, оқулығы жұп-жұқа болса да тарихы қалын қазақтың осы соғысқа қатысын тарихи жазбалардан зерделеп көрдік.
Айтайық. Соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар және 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар жасақталып, майданға аттандырылды. Шымкент¬те жасақталған 102-атқыштар дивизиясы майданның алғы шептерінде шайқасты.

Қазақ қыздары да соғыс ауыртпалығын ер азаматтармен бірдей көтерді. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап соғысқа сұранып, әскери комиссариаттарға хат жазған қазақ қыздары өте көп болды. Майданға аттанған әйелдер мен қыздардың көбі медсанбаттар мен госпитальдарда борышын өтеген. Қазақ арулары түрлі әскери құрамаларда болып, ерен ерлік үлгісін көрсетті. Қолдарына қару алып – майданға аттанған қазақ жұлдыздары - Әлия мен Мәншүк Қазақстан даңқын әлемге паш етті. Авиация саласын меңгерген қазақ қызы – Х.Доспанова Кеңес Одағының батыры М.Раскова басқарған әйелдер авиациясының құрамында авиация штурманы болып 300-ден астам мәрте әуеге көтерілді. 2004 жылы Президенттің Жарлығымен Х.Д.Доспановаға Халық Қаһарманы атағы берілді. Сафарбекова Жауһария Насырқызы Ленинград майданында қалалық радиостанция бастығы болып, Ленинград майданында аса ерлігімен көзге түскен. 1942 жылы Қазақстанда құрылған 34-жеке әйелдер ротасының 300-ге тарта арулары Курск иініндегі шайқасқа қатысып, бірнеше марапаттарға ие болды.
Қазақстандықтар жау тылындағы партизан қозғалысына да белсене қатысты. Украина территориясындағы партизан бірлестіктерінде 1500 қазақстандық, Ленинград облысы территориясындағы партизан бірліктері құрамында 220, ал Белоруссия территориясында 1,5 мыңға тарта қазақстандықтар жаумен шайқасты.
Жалпы, Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1,9 млн. адам аттанды. Ал, еңбек армиясында 700 мың адам жіберілді. Олар соғыс шебіне жақын аудандарда оқ астында қорғаныс объектілерінде еңбек етті. Осылайша әрбір төртінші қазақстандық қорғаныс және майдан объктілеріне тартылған.
Жаумен шайқаста шымкенттіктер үлкен ерлік көрсетіп, Жеңіс күнін жақындатуға өз үлестерін қосты. Соғыстың алғашқы кезеңі Кеңестер Одағы үшін өте күрделі жағдайда өрбіді. 1941 жылдың соңына қарай Кеңес Одағы стратегиялық ресурстар мен өндіріс орындары шоғырланған аумағының үлкен бөлігінен, яғни Украина, Белоруссия, Мәскеуге дейінгі еуропалық Ресейден айырылды. Осындай қиын-қыстау жағдайда Қазақстанның рөлі күшейді. Қазақ жеріне Батыс аудандардан өндіріс орындары көшірілді.
Шымкентке Харьков қаласынан «Красный зеркальщик», Я.М.Свердлов атындағы химия-фармацевтикалық зауыт, шұлық-ұйық фабрикасы, тігін фабрикасы, Подольскіден құю-прокат зауыты, Кременчугтен электростанция, Мәскеуден алкалоид зауыты, Воронежден ұста-пресс жабдықтар зауыты эвакуацияланды.
Яғни Шымкентке барлығы 17 кәсіпорын 20 мың жұмысшылармен көшіп келіп, оған қоса 10 мың эвакуацияланған халық қабылданды.
Бұл жылдары сонымен бірге өсімдік каучугі, былғары зауыты, шұлық фабрикасы, т.б. кәсіпорындар Шымкентке әкелініп, тез арада монтаждалып, іске қосылды. Бұл кәсіпорындар сол кез-де соғыс үшін өте кажетті көптеген жабдықтар мен бұйымдар берді. Осы жерге қоныс аударып келген өндіріс орындары базасында, облыс орталығында аяқ киім фабрикасы құрылды.
Қазір Шымкентте Ұлы Отан соғысына қатысқан екі ардагер ғана қалды. Шымкент қаласында да ардагерлерге құрмет көрсетіліп жатыр. Отан үшін от кешкен майдангерлер барлық сый-сияпатқа лайық.