35 мың орынды стадион салынады Избранное

Пятница, 10 Май 2024 05:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 254 раз

Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасына биыл 25 млрд теңге, ал былтыр 27 млрд теңге бөлінген. Республика бойынша шекті лимит көлемі 15 млрд теңгеден аспауы тиіс. Дегенмен қала әкімінің қолдауымен қаржыландыру 2 есеге ұлғайған. Бұл туралы Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек МЫҚТЫБЕКОВ кеңейтілген алқа мәжілісінде айтты.

StdioN12

 

«Түркістан» сарайында өткен кеңейтілген алқа мәжілісіне қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, басқарма басшылары, спорт майталмандары мен ардагерлер, құзырлы орган қызметкерлері, мәслихат депутаттары және басқармаға қарасты спорт мекемелері басшылары мен өкілдері қатысты.
Күн тәртібі бойынша басқарма басшысы 2023 жылдың қорытындысын баяндап, 2024 жылдың І тоқсанына есеп берді.
Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бойынша жұмыс 4 бағытта жүргізіледі. Бірінші бағытта – халықты спортқа баулу. Бұл бағыттағы мақсат –дене шынықтыру және спортпен айналысатын азаматтардың санын жалпы халықтың 50%-ына дейін жеткізу. 2023 жылдың қорытындысына сәйкес қаладағы спортпен жүйелі шұғылданушылар саны тек 513 954 адамды (42,2%) құраған. Оның 197 266-сі – 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдер, 2798-сі (14,9%.) – мүмкіндігі шектеулі жандар.

StdioN11


Жыл басынан тұрғындарды спортпен шұғылдануға тарту мақсатында қала аумағында 308 бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 52 610 адам қамтылған. Оның ішінде ауқымды спорттық іс-шаралардың бірі –«Наурыз Шымкенттен басталады» мерекесі аясында 9 спорт түрінен халықаралық және республикалық деңгейде өткізілген ұлттық спорттық ойындар. Спорттық ойындарға 941 адам қатысса, соның 126-сы шет елдерден келген. Бұл қалада туризим саласының дамуына да үлес қосқан іс-шараларырдың бірі болды.
Ал, жыл басынан бері қалада Үстел теннисі спорт кешені және Жаңа ипподром (демеуші есебінен), «Металлург» стадионы мен №20 спорт мектебінің спорт кешені (бюджет есебінен) пайдалануға берілді. Қазақстандық футбол федерациясы тарапынан «Цементник» стадионының жасанды төсеніші (газон) ауыстырылды.
Спортшылардың жетістігі жыл өткен сайын артып келеді. Жоғары спорттық жетістіктер бойынша нәтижелер ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай. Мәселен, қала спортшылары Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысып, 653 алтын, 512 күміс, 598 қола медаль жеңіп алған. Биыл жалпы 1763 медаль қоржынға түскен.
Ел арасында «Шымкент – спорт қаласы» деп аталуы да бекер емес. Төрт жылда бір өтетін Қазақстан Республикасының 6-шы жазғы спартакиадасында спорттың 27 түрінен Шымкент қаласының спортшылары 72 алтын, 63 күміс, 55 қола, медальмен жалпыкомандалық есепте 2-орыннан көрінген.
2024 жылы Париж қаласында (Франция) өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына Шымкент қаласынан 11 спортшы лицензияға ие болып отыр. Бұл спортшылар Париж Олимпиадасына 2 жылдан бері дайындық жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келген. Осы еңбектер ақталады деген үміттеміз.
Басқарма басшысының мәліметінше, 2024 жылы 2 спорт нысаны пайдалануға берілмек. № 12 спорт мектебінің қосымша корпусын (бюджет есебінен) 2024 жылдың мамыр айында пайдалануға беру жоспарланған. Ал, №15 спорт мектебінің спорт нысанының құрылысы биыл сәуір айында ғана басталды. Құрылысқа бюджеттен 1,8 млрд теңге қаралған.
Басқарма басшысы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлына спорт саласындағы өзекті мәселерді де жеткізді.
– Бүгінгі таңда қаламызда олимпиадалық спорт түрлерін жоғары деңгейде дамыту мақсатында бірқатар өзекті мәселелер туындап отыр. Қаламызда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған спорт кешені тапшы. Мүгедектігі бар жандарға арналған халықаралық деңгейдегі ауқымды спорттық жарыстарды өткізуге және қала тұрғындарын спорттық секциямен қамтамасыз етуге арналған көпфункционалды спорт кешені керек. Қолданыстағы футбол стадионының УЕФА талаптарына сай келмеуіне, футбол спортына қала тұрғындарының қызығушылығының артуына, көрермендердің сыйымдылығы аз болуына және қысқы мезгілде футболдан оқу-жаттығу сабақтарын жүргізуге арналған талапқа сай жаңа стадион салуды сұраймыз. Қалада жер көлемінің ұлғайуына және халық санының артуына байланысты 5 ауданда дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу қажеттілігі туындап отыр, – деді басқарма басшысы Маратбек Мықтыбеков.
Қала әкімінің орынбасары әңгімесін жақсы жаңалықпен бастады. Шымкентте сыйымдылығы 35 000 адамды құрайтын стадион құрылысы басталғалы тұр. Арнайы жер телімі белгіленіп, жергілікті бюджеттен ақша бөлінген.
Сәрсен Абайұлы өз сөзінде кішкентай жастағы балалардың спортқа ерте келуі дұрыс еместігін айтты.

StdioN10


– Бала қаншалықты спортты ерте бастаса, соншалықты спорттағы карьерасын ерте аяқтайды. Ал спортшылар 18 жастан асқаннан кейін ғана әлемдік жарыстарға қатыса алады. Бапкерлер мен жауапты мамандар осы мәселеге назар аударуы қажет. Соңғы Азия біріншілігі мен Олимпиада ойындарында нәтижелеріміз өте төмендеп кетті. Олимпиада ойындарында 83-орынға табан тіресек, соңғы Азия ойындарында әупірімдеп жүріп 10-орынды иелендік. Ал бұған дейін Қазақстан Азия ойындарында 5-орыннан төмен түсіп көрген жоқ еді. Президент бұрын-соңды тек VII қысқы Олимпиада ойындарының нәтижесі бойынша спортшыларды қабылдаса, былтыр Азия ойындарынан кейін спортшыларды арнайы қабылдап, осы мәселердің бәрін анықтаған болатын. Сол жерде белгілі болған жайт, бірінші кезекте мықты спортшы дайындау үшін жалпы халқымыздың денсаулығын күшейтуіміз керек екен. Сол себепті еліміз бойынша барлық өңірлерде дене шынықтыру және спорт саласына айрықша көңіл бөлінуде. Сондай-ақ, басқармаға қарасты мекемелердің назарын аударуы керек мәселенің бірі – жылдық жоспарды дұрыс құру. Өйткені спортшыны жақсы формаға енгізу – біздің мақсатымыз. Жастарды оқу-жаттығу жиынына, жарыстарға пайдасы болсын-болмасын қатыстыра береміз. Спортшылардың күш-қуатын босқа сарқып, шаршатпау керек, – деді қала әкімінің орынбасары.
Жиын соңында мәжіліске қатысушылар тарапынан сын-пікірлер айтылып, ұсыныс, талап-тілектер тыңдалды. Спорт –ұлт денсаулығының кепілі. Сондықтан спорт саласы мамандарының жұмысы мықты спортшы даярлау ғана емес, дені сау ұлт, рухы мықты ұрпақ тәрбиелеу болуы тиіс.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.