Майдангерлерге мың тағзым! Избранное

Пятница, 10 Май 2024 05:38 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 270 раз

Қан майданнан аман келген жауынгерлердің бүгінде қатары сиреп, көзі тірілері Ұлы Жеңістің 79-шы көктемін қарсы алып отыр. Шымкент қаласында Ұлы Отан соғысының екі ардагері ғана қалған.

NaruK

 

ОТАН ҮШІН ОТ КЕШКЕН

Мұраталы Төлепбергенұлы 1925 жылы 20 мамырда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Жаскешу ауылында дүниеге келген. Арманы мен мақсаты көп, жалындаған жас шағында соғыстың хабары келіп, 1943 жылы 18 жасында соғысқа аттанады. Қыз ауылын торып, жастықтың қызуына мас болатын жас өркен қанды соғыстың отына түсіп кетеді. Брест қамалы, Варшава, Данск, Виссмарк, Биттенберг, Перлеберг қалаларының шайқасына қатысқан. Германияның Биттенберг қаласында жауынгерлік жолы жеңіспен аяқталып, елге 1950 жылы оралған. Елге келгеннен кейін туып-өскен жерінде абыроймен қызмет атқарады. Түлкібас МТС тракторлық бригадасының бригадирі, Калинин колхозында бухгалтер, Калинин колхозы фермасының менгерушісі қызметтерін атқарған. 2 ұл,
6 қыз өсіріп, 21 немере, 3 шөбере сүйіп отырған ардақты әке.
Соғыста көрсеткен ерлігі еленіп, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» және басқа да мерекелік медальдармен марапатталған. 2014 жылы мемлекет тарапынан Шымкент қаласынан 1 бөлмелі пәтер берілген. Қаламыздағы «Ерлік» музейінде Мұраталы Төлепбергенұлы атамыздың жеке заттары, орден- медальдары, майданда түскен фотосуреттері, ол кісі туралы жазылған кітаптар сақталған.
99-ға келген атаның ахуалы жақсы, бірқалыпты. Немере-шөберелеріне соғыстың ауыр жылдары мен кезеңдерін айтып, бейбіт күннің қадірін білуге үндеп отырады. Жыл сайын 9 мамыр күні қарсаңында күллі әулет жиналып, мәре-сәре болады екен.

АҢЫЗ АНА

Ерліктің үлгісі, көзі тірі екінші ардагеріміз – Нина Мосунова. Қария биыл 100-ге келіп отыр. Ол 1942 жылы әскерге өз еркімен аттанып, Можайск маңындағы соғыста қолына пулемет алып жауға қарсы шыққан. Соғыстан соң кассир, кітапханашы, хатшы-машинистка болған. Қазіргі таңда 1 баладан 2 немере, 5 шөбере сүйіп отыр.
– Мен соғыс жылдарын еске ала бергім келмейді. Соғыс басталғанда жасым небәрі 17-де болатын. Әскерге өз еркіммен сұранып, телеграфист мамандығын игердім. Ал, соғысқа аттанғанымда қолыма пулемет алып жауға шаптық. Содан 36 әскери бөлімнің «Зенит» бригадасында радистер бөлімінің командирі болдым. Соғыс аяқталып, аман-есен елге келдім. Шымкент қаласында 1948 жылдан бері тұрамын, – дейді қарт ана.
Нина әжей қала орталығындағы алақандай үйде немересінің қамқорлығында тұрып жатыр. Отан үшін отқа түсіп, қан майданда жеткен жеңісі, бүгінгі бейбіт өмір үшін бас иіп, алғыс білдірді. «Енді соғыс деген зұлматты жастар көрмесін. Елімізде тек бейбітшілік болсын!» деді қарт ана.
Бүгінгі берекелі, бейбіт өміріміздің негізін қалап, жолын салған майдангерлерге қандай құрмет көрсетсек те артық болмайды. Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасы мен мәслихат шешіміне сәйкес биыл Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 2 млн. теңгеден берді.

АРДАГЕРЛЕР АЗАЙЫП БАРА ЖАТЫР

Мереке қарсаңында мәслихат депутаттары Ұлы Отан соғысының ардагерлері М.Төлепбергенұлы мен Н.Мосунованың шаңырағында болып, мейраммен құттықтады.
Ардагерлермен сұхбаттасып, ақ тілектерін білдіріп, қос ардагерге шапан жауып, лайықты сый-құрмет жасады. Майдангер қарттар өз кезегінде батасын беріп, бейбіт күніміз, берекелі тыныштығымыз мәңгі болсын деген тілегін айтты. Ардагерлер ауласын театр әртістері майданда жауынгерлерге рух берген әндерді орындап, естелікке толтырды.
– Ардагерлердің зұлмат соғыс жылдарындағы Отан қорғаудағы ерліктері, ұрыстан кейін қираған халық шаруашылығын қалпына келтіруге қосқан зор үлестері мәңгілік есімізде сақталады. Азаттық жолындағы қаһармандығы мен батылдығы өскелең ұрпаққа үлгі, зор мақтаныш,– деді Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов.
Ардагерлер мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлыққа ризашылықтарын білдіріп, батасын берді. Аспанымыз ашық болып, елімізді одан әрі өркендетуге ақ жол тіледі.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.