ШЫМКЕНТ – ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІҢ ОРТАЛЫҒЫ Избранное

Пятница, 08 Сентябрь 2023 04:44 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 589 раз

Шымкентке арнайы іссапармен келіп, қала әкімін тағайындау жиналысына қатысқан ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов мегаполистің жаңа әкімі Ғабит Сыздықбековке бірқатар міндеттер жүктеді. Үкімет басшысы қаладағы өнеркәсіп және кәсіпкерлікті дамыту ісінің нәтижелерін оң бағалап, Шымкенттің қолайлы экономикалық және іскерлік ортасы болуы тиіс екенін ескертті.

290

 

Айта кетейік, Шымкент қаласында 2023 жылғы қаңтар-шілде айларында өнеркәсіп өнімінің көлемі 574 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,3 пайызды көрсеткен. Өнеркәсіп өнімінің артуына Шымкенттегі арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың ықпал зор екені белгілі. Атап айтқанда, Шымкентте жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді. Онда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін, жалпы құны 358 млрд. теңгені құрайтын 337 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бүгінде бұл жобалардың басым көпшілігі іске асып, нақты кәсіпорындар өнім өндірумен және өңдеумен айналысып жатыр.

Бұдан бөлек, Шымкентте өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты тағы 5 өндірістік алаң ашылады. Оның ішінде «Жұлдыз», «Бозарық», «Стандарт» индустриалды аймақтарын ашу және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен көлік-логистикалық аймақтың аумағын кеңейтуге бағытталған жобалары бар. Мәселен, биыл іске қосылуы жоспарланып отырған «Жұлдыз» индустриалды аймағында машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 200 млрд. теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Бұл 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Аталған аймақта инвестициялық құны 147 млрд. теңге құрайтын, 42 жобаны іске асыру жұмыстары басталып кеткен. Оның ішінде 2023 жылы инвестициялық құны 7 млрд. теңге құрайтын, 400-ден аса жаңа жұмыс орындарымен 5 жобаны іске қосу көзделуде.
Үкімет басшысы Шымкент қаласының экономикасы одан әрі орнықты дамуы үшін инвесторларға тиісті жағдай жасалып, мегаполистің дамуына серпін беретін өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға басымдық берілуі тиіс екенін айтты.
Биыл қаңтар-шілде айларында Шымкентке 282,8 млрд. теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23,9 пайызға артқан. Жалпы, соңғы жылдары экономикаға тартылған инвестиция көлемінің артуы бойынша Шымкент қаласы республикада алдыңғы қатардан көрініп келе жатқаны белгілі. Нақтырақ айтар болсақ, 2018-2022 жылдары аралығында шаһар экономикасына 2 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылған.
–Біз Шымкент қаласының шағын және орта бизнес үшін өнеркәсіптік аймақтар құру тәжірибесін кеңінен қолдаймыз. Биыл бұл тәжірибені барлық өңірде қолдану бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Шымкент шағын және орта бизнестің орталығы деп айтуға болады. Сол себепті шағын индустриалды аймақтарды іске қосу жұмыстары жалғасуға тиіс, – деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр бұл ретте «Іскер қала» өңірлік бағдарламасын іске асырудағы оң тәжрибені айтып отырғаны белгілі. Бұл бағдарлама бойынша тоқтап тұрған өндірістік аймақтар мен кәсіпорындардың аумағына жеке инвестордың есебінен қайта инфрақұрылым жүргізіліп, ол жерде шағын және орта кәсіпкерлік нысандары үшін өнеркәсіптік парктер құрылып жатыр. Кәсіпкерлер бұл парктерден дайын өндірістік ғимараттарды жалға алып, бірден өз кәсібін бастап кете алады. Өз кезегінде мемлекет бюджет есебінен өндірістік ғимаратты жалға алу ақысының бір бөлігін субсидиялайды.
Мұнан бөлек «Іскер қала» бағдарламасы арқылы жас және әйел кәсіпкерлер жылдық 1 пайыздық мөлшерлемемен 10 миллион теңгеге дейінгі соммада жеңілдетілген несие ала алады. Ал, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан бизнес субъектілері өнеркәсіптік парк аумағында өз жобасын іске асыру үшін жылына 2 пайызбен 50 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие алуына болады.
Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша, «Іскер қала» бағдарламасына биыл бюджеттен 1,4 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Жыл басынан бері 215 жобаға 516,3 миллион теңге бөлінген. Оның ішінде шағын несиелендіру бағыты бойынша 204 жобаға 497,8 миллион теңге, ал, өндірістік ғимараттарды жалдау ақысын субсидиялау бойынша 11 жобаға 18,5 миллион теңге қолдау көрсетілген.
Үкімет басшысы Шымкент қаласында осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру керектігіне тоқталып, жаңадан тағайындалған қала әкімі мен барлық мемлекеттік органдардың жұмысына табыс тіледі.