БҮГІНГІНІҢ БАТЫРЛАРЫ Избранное

Среда, 24 Апрель 2024 06:53 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 603 раз

Қазақта «Ел басына күн туса, ер етігімен су кешер» деген аталы сөз бар. Су басқан аймақтарға гуманитарлық көмектен бөлек алғашқылардың бірі болып Шымкент қаласынан да құтқарушылар аттанған болатын. Олар үлкен ерлік көрсетті.

Batir

 

Шымкент қаласының 2-эшелонының жеке құрамы Атырау облысында Алмалы елді мекенінің бойында жасанды бөгет орнату жұмыстарын жүргізді. Бөгет орнату барысында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-минстірі Серік Төленбергенов және Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов атқарылған жұмысқа оң баға берді.
Ал, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы Ақмола облысында су тасқынына қарсы жұмыстарды толық орындады. Су тасқынына қарсы жұмысты атқарғаны үшін Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттымен марапатталды. Ақмолалық құтқарушылар да осындай қиын сәтте көмекке келген әріптестеріне алғыс білдірді.
Құтқарушылардың жанқиярлық жұмыстарымен бөгеттер нығайтылып, ауылдарды су басу қаупі сейіліп келеді.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов тасқын судың бетінің қатты болғандығына қарамастан күні-түні жедел әрі ұтымды шаралар қолданудың арқасында бір ғана Ақмола облысының аумағындаға 25 елді мекенде екі мыңнан астам тұрғын жайдың тасқын судан аман қалғандығын айтты.
— Су тасқынына қарсы күресте Қазақстанның құтқару қызметінің кәсибіліктері жоғары екендіктеріне, олардың кез келген төтенше жағдайда батыл әрі шапшаң қимылдап, жедел шаралар қолдана білетіндіктеріне және құтқарушыларға сенім артуға болатынына көзіміз жетті. Сол үшін оларға алғысымыз шексіз! Бізде 94 елді мекенге қауіп болды. Сол ауылдарда су басуға мүмкіндік бермейтін жұмыс жасалды. 45 шақырым қорғаныс бөгеті құрылды. 300 мыңнан астам инертті материалмен толтырылған қапшықтармен жабдықтадық, — деді ол.
Ақмола облысының әкімі «Бүгінгі күннің батырлары» деп алғыс айтқан құрамдардың қатарында Шымкент қаласының құтқарушылары бар екендігі көңіл қуантады. Өйткені, қиналып жатқан өз жұртыңның жанына жалау болғанға, жанқиярлық жұмысыңмен қайғысын жеңілдетіп, жағдайды оңалтуына сеп болғаннан артық қандай құрмет болсын.
Жақында төтенше жағдайлар департаментінен аттанған жеке құрам Ақмола облысында орын алған су тасқынына қарсы жұмыстарды толық орындап, Шымкентке аман-есен оралды.
Етігімен су кешіп, елі үшін жыраққа кеткен құтқарушыларды әріптестері мен туыстары, балалары салтанатты түрде күтіп алды.
Салатанатты іс-шара барысында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы генерал-майор Қуанар Базарбаев авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізген құтқарушыларға алғыс айтып, бірлескен әрекет пен күш-жігер қиын кезеңді еңсеруге көмектескенін атап өтті.
— Шымкент қаласы ТЖД күштері мен құралдары Ақмола облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысты. Олар 28 наурыздан бастап Ақмола облысының Аршалы, Атбасар, Целиноград аудандарында тәулік бойы су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізіп, бөгеттерді нығайту үшін инертті материалдармен толтырылған 21 270 қап төседі. Сондай-ақ, 100 480 текше метр суды арнайы сорғылармен сорды. Ақмола облысына Шымкент қаласы ТЖД-ден 40 жеке құрам, 5 техника, 15 мотопомпа, 1 қайық жіберілген болатын, — деді Қ.Базарбаев.
Салтанатты жиында құтқарушыларға Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Айтты, айтпады, әлемнің жартысын әбігерге салған топан су елімізге үлкен сынақ болды. Бұл бір Қазақстанның қолынан келмейтін қиындық еді. Көрші Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстан көмегін көрсетіп, қасымызда болды. Сырт мемлекеттерден көмек келді. Жекелеген азаматтар келді. Өткенде дағыстандық азаматтың 50 мың қапшық тиеп, машинасымен күн-түн жүріп Батыс Қазақстанға жеткенін жазған едік. Топан сумен алысып жатқан жұртқа құнарлы тамақ керек. Өзбекстанда рестораны бар өзбек азаматы қазақ бауырларына көмекке келіп, күніге 500 адамға палау тартып жатыр. Осындай азаматтарға қазақ халқы атынан мың алғыс.
Бұл қиындықтан да өтерміз. Әлі-ақ көрген бәрі түстей болып қалады. Соны тілейік...