Қолайсыз отбасылар бақылауда Избранное

Пятница, 26 Апрель 2024 06:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 560 раз

Мемлекет басшысы жаңа заңға қол қойды. Заң тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны күшейтпек. Енді отбасындағы ұрып-соғу жағдайлары Қылмыстық Кодекспен қаралады. Құжатқа сәйкес, денсаулыққа қасақана, ауыр не орташа зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Суицидке итермелегендер үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
16 жасқа толмағандарға зорлық-зомбылық көрсеткендерге де бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Otbasi

 

Жағдайы жайсыз оқушы орталыққа жіберілді

Шымкентте құқық бұзушылық пен қылмысты болдырмау, зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында қоғамдық орындарда кәмелет жасқа толмаған балаларды, қолайсыз отбасылар мен пробация есебінде тұрған азаматтарды тексеру шаралары жүргізілді. Рейдке прокуратура, жергілікті полиция, Абай ауданы әкімі аппаратының салалық бөлім қызметкерлері қатысты.
Рейд барысында дүкендерде алкогольді сусындар мен темекіні заңсыз сату фактілерінің алдын алу бойынша да тексеріс жүргізілді.
– Профилактикалық іс-шараны Қайнарбұлақ саяжайында жүргіздік. Осы аумақтың зорлық-зомбылық көрсету бойынша тіркелген отбасыларын аралап, мәселелерін зерделедік. Бұл іс-шара әр он күн сайын өткізіледі. Қазіргі таңда құқық бұзушылықтар, жасөспірімдердің түнгі уақытта көшеде жүруі азайған, – деді Абай ауданы прокурорының орынбасары Князь Валиев.
Абай ауданында өткен жылы кәмелет жасына толмағандар арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау және алдын алу мақсатында аудандық полиция бөлімі мен Жастар ресурстық орталығы бірлесе 29 мектепте профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 27 іс-шара ұйымдастырылған. Нәтижесінде Абай ауданында кәмелетке толмағандарға қатысты орын алған қылмыстар 21-ден 16-ға төмендеген. Биыл да бұл шаралар жалғасын тауып, қылмыстық көрсеткіштер азайып келеді.
– Прокуратураның үйлестіруімен полиция қызметкерлерімен бірге аудан әкімдігі, қалалық әкімдік басқармасының қызметкерлері, кірістер басқармасының қызметкерлері және мектеп психологтары мен социологтары дайындалған алгоритмге сәйкес тиісті тапсырмаларын алды. Рейдтік іс-шара барысында мобильдік топ полиция органдарында қолайсыз отбасы ретінде профилактикалық есепте тұратын 25 отбасының мекенжайлары бойынша аралап, 6 отбасыға азық-түлік түріндегі материалдық көмек көрсетті.
Қайнарбұлақ саяжайында орналасқан №83 және №125 мектептерінде мектепішілік есебінде тұратын кәмелетке толмаған 12 баланың үйіне барып, олардың отбасылық-тұрмыстық тіршілігін тексеріп, профилактикалық сұхбаттар жүргізді.

Otbasi-1


Осы іс-шара барысында №83 мектептің оқушысы А.-ның желтоқсан айынан мектепке бармай жүргендігі анықталды. Мекенжайы бойынша барғанда қыз баланың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай емес жағдайда өмір сүріп жатқаны, шамамен мектептен қалған уақыттан бері күтініп жуынбағаны, киімдерінің ауыстырылмағаны және психикалық күйзеліске түсе бастағаны анықталды.
Психологтың қатысуымен, қамқоршылық және қорғаншылық өкілімен заң бұзушылықтар бойынша тиісті қарап-тексеру актісі түзілді. Мобильдік топтың бірауыздан қабылдаған шешімімен оқушы Шымкент қаласының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберілді. Көршілерінен түсініктеме алу барысында, оның анасының психикалық ауытқушылығы байқалатыны және қызымен таңнан кешке дейін айқайласып, дауыс көтеріп жататындары белгілі болды. Содан 103 номері арқылы анасы тексеруден өткізу үшін қалалық психоневрологиялық диспансерге жолданды, –деді К. Валиев.
Сондай-ақ, рейд барысында полиция органдарының есебінде бұрын құқық бұзушылық жасағаны үшін сотты болған 63 азамат тірек пунктіне жеткізіліп, профилактикалық сұхбаттар жүргізіліп, дактиласкопиялық саусақ іздері алынған. Пробациялық есепте тұратын 67 тұлғаның мекенжайлары бойынша заң бұзушылықты анықтауға тексеру жүргізіліп, 27.07.2005 жылы туылған А.Головқа ҚР ӘҚБтК-нің 492-бабының 1-бөлігімен мекенжай тіркеуі болмағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, жауаптылыққа тартылды.
Көші-қон заңнамасын бұзып жүрген 6 шетелдік тұлға анықталып, Шымкент қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау орнына жабылды. Қамқоршылықта тәрбиленіп жатқан кәмелетке толмаған 5 баланың мекенжайлары бойынша отбасылық-тұрмыстық жағдайы тексеріліп, әрбір баламен Қамқоршылық және қорғаншылық өкілі жеке сұхбаттар жүргізді. Қоғамдық орында масаң күйде жүргені үшін 7 азаматқа, қоғамдық орынды ластағаны үшін 6 азамат әкімшілік жауапқа тартылды.

Дүкендерге айыппұл салынады

Сондай-ақ рейд барысында дүкендердің алкагольді ішімдіктерді сату құжаттарының бар-жоқтығы және кәмелетке толмаған жастарға оларды сату бойынша да қылмыстық істер анықталып, арнайы хаттама толтырылды. Кірістер басқармасымен жүргізілген рейд барысында Қайнарбұлақ саяжайында жалпы 155-ке жуық азық-түлік дүкені орналасқандығы анықталды. Оның ішінде 12 дүкенде алкогольдік өнімді бөлшек саудамен саудалайды.
Іс-шара барысында 19 азық-түлік дүкеніне қатысты ӘҚБтК-нің 463-бабы 1-бөлігімен хаттама толтырылып, жалпы 5085 алкогольдік өнімге қатысты тәркілеу бойынша сотқа хаттамалар жолданды. Қайнарбұлақ саяжайында қараңғы уақытта орын алатын қылмыстық істердің алдын алу мақсатында 4 көше жарықтандырылған.
Рейд барысында Степная көшесінде 16 дана, Центральная көшесінде 8 дана, Дружба көшесінде 5 дана, Фабричная көшесінде 10 дана жарықшам күйіп қалғаны анықталып, аудан әкімдігіне жаңасын ауыстыру жөнінде өтініш берілді. Көшелердегі 28 бейнекамера Шымкент қаласының Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Аталған бағытта аудан прокуратурасы жұмыстар жалғастырып жатыр.
Мобильдік топ өкілдері дәл осындай рейдтерді тұрақты түрде жүргізбек. Мамандар мұндай іс-шаралар сотталған азаматтардың тұрмыстық жағдайымен танысуға, қайта қылмыстың алдын алуға, тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмауға мүмкіндік береді, заңсыздық пен қылмыстық істердің төмендеуіне ықпал етеді дейді.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.