ӨСЕР ЕЛ ҰРПАҒЫНЫҢ ҚАМЫН ЖЕЙДІ Избранное

Пятница, 22 Декабрь 2023 05:30 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1790 раз

немесе

Ұлттық қордың қаржысына сеніп, бала тәрбиесін босаңсытып алмайық

«Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» дейді дана халқымыз. Бұл – қазақ халқының алдағы күннен тек жақсылық күтетін, Жаратқан Иемізге тәуекел ете білетін, қанағатшыл болмысын айшықтап тұрған керемет сөз.

bala

 

Халқымыз әрбір адамның ұрпақ сүйіп, артында із қалдыруын қаншалықты маңызды деп санаса, сол ұрпақтың тәрбиесін түзеп, ертеңгі күні үшін қам жасауға да соншалық жауапкершілікпен қараған. Қазақтың осынау болмысын тереңнен ұғынған мемлекет те бүгінде ана мен балаға қамқорлық жасауды, оның құқықтары мен мүддесін қорғауды өз саясатының басым бағыттарының біріне айналдырды. Мұның айқын көрінісі ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынып, 2024 жылдан бастап іске асырылғалы отырған «Ұлттық қор – балаларға» атты жобаны айта аламыз.

Халықтың көңілінен шығып, ертеңгі күнге деген сенімін арттырған осынау маңызды жоба жайлы Мемлекет басшысы өзінің «Әділетті қоғам. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқан болатын. Оның бұл бастамасы «Әділетті қоғамның орнауы ұлт байлығын тең бөлу мен баршаға бірдей мүмкіндік беруден басталады» дейтін ойымен толық үйлесіп тұр.
Президент Қ.Тоқаев: «Біз Ата Заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есеп­шоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді» деген болатын.
Қазақ жеріне кіндік қаны тамған әрбір балаға қазба байлықтарынан түскен қаржыдан үлес беру – стратегиялық мәнге ие бастама. Ол ұлттық мүддені ілгерілету, ұлттық қауіпсіздікті нығайту тұрғысынан аса маңызды деуге болады. Осынау сүйінші хабарды естіген қарапайым халық үшін «әр баланың есепшотына қанша қаржы түседі» деген сауалдың жауабы қызық. Бүгінде Тик-Ток пен Instagram секілді әлеуметтік желілерде «Ақпаннан бастап әр балаға 1,5 млн теңгеден түседі» деген жалған ақпарат өріп жүр. Мұны көрген бала-шағасының басы бар кейбір азаматтар «Құдайдың бергені осы екен ғой» деп, әлгі ақшаға үй салып, көлігін жаңартуды жоспарлап, қиялға беріліп жүрген көрінеді. Мұндай фейк ақпаратты таратып, жұртты адастыруға болмайды.
Осы тұста екі нәрсені анықтап, астын сызып айтып кеткен жөн: Біріншіден, баланың есепшотына қанша қаржы түссе де оны қазір шешіп ала алмайсыз. Қаржы баланың өзі 18 жасқа толған соң ғана беріледі. Онда да бұл қаржыны тек білім алуына немесе тұрғын үй сатып алуына жұмсай алады. Яғни, күні ертең балаңыз ҰБТ-дан аздау балл жинап, мемлекеттік гранттың иегері атана алмай, университетке ақылы оқуға түскен жағдайда Ұлттық қордан алған үлесінің есебінен 1-2 жылдық оқу ақысын жауып тастайды. Баласын ЖОО-ға түсіруін түсіріп алып, оқу ақысын төлей алмай қиналып жүрген қаншама ата-ана барын ескерсек, мұның өзі қомақты көмек екенін түсінесіз.
Құдай жарылқап, балаңыз мемлекеттік грант арқылы оқуға түсіп кетіп, мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, шаңырақ көтерді дейік. Мұндай жағдайда Ұлттық қордан түскен қаржыны үй алуға жұмсай алады. Иә, ол қаржы дайын үйді бірден сатып ала салуға жетпейтін де шығар. Бірақ, жас жұбайлардың екеуінің де есебінде сондай қаржы болатынын ұмытпау керек. Екеуінің жинағын қосып кеп жіберген кезде бір пәтердің алғашқы жарнасына жететіні сөзсіз. Қазір ипотекалық несие арқылы үйлі болғысы келіп, бірақ, алғашқы жарна ретінде құятын қаржының басын құрай алмай жүрген қаншама жас отбасы бар. Демек, бұл да халыққа жап-жақсы көмек болмақ.
Оның үстіне шаңырақ көтерген жастар ғана емес, бір үйдің кәмелет жасына толған бірнеше баласы Ұлттық қордан түскен қаржысын біріктіріп, ортақ бір пәтер сатып алуына да рұқсат беріліп отыр.
Алда-жалда Сіз керемет үлгілі, білімді де бәсекеге қабілетті ұрпақ өсіріп, барлық балаларыңыз мемлекеттік грант арқылы оқуға түсіп кетсе, оған қоса табысыңыз мол болып, мемлекеттің көмегінсіз-ақ әр балаңызға бір-бір үй дайындап қойсаңыз, яғни, балаларыңызда Ұлттық қордан түскен қаржыны білім мен баспана алуға жұмсайтындай қажеттілік болмаса, онда не болады дерсіз? Мамандардың сөзіне сүйенсек, мұндай жағдайда мемлекет азаматтың өз есепшотындағы қаржысын пайдалануын 10 жыл күтеді. Егер адам 28 жасқа толғанша Ұлттық қордан түскен қаржысын пайдаланбаған жағдайда, ол ақша оның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы есепшотына аударылады. Мұндай адамның уақыты келгенде алатын зейнетақысы басқаларға қарағанда қомақтырақ болады деген сөз. Бейнелі түрде айтсақ, мемлекет шыр етіп дүние есігін ашқан сәбидің егде тартқанда алатын зейнетақысына қазірден бастап қаржы аударады деген сөз. Өз азаматына осыншалық деңгейде қамқорлық жасайтын қайырымды ел әлемде нешеу екен, сірә?!
Екіншіден, 2024 жылдың ақпанынан бастап әр баланың арнайы есепшотына бірден 1,5 миллион теңге түспейтіні анық. Бұл қаржының нақты көлемін есептеу үшін әуелі Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Ұлттық қордың орташаланған инвестициялық кірісін жария етеді. Кейін ҚР Әділет министрлігі мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бірігіп отырып, сол кірістің 50 пайызын елдегі 18 жасқа толмаған барлық балалардың санына шағып есептейді де, содан әр балаға аударылатын қаржының нақты соммасын есептейді.
Ескеретін тағы бір жәйт бар: инвестиция дегеніңіз – сауданың бір түрі. Ал, сауда үнемі тек пайда әкеле бермеуі бек мүмкін. Сол сияқты Ұлттық қордың инвестициялық кірісі кейбір жылдары аз болуы ықтимал. Тіпті, әлемдік нарықтағы бағаларға, басқа да тәуекелдерге байланысты кейбір жылдары Ұлттық қор табыс таппай, шығынға ұшрауы да ғажап емес. Бірақ, бұл сондай жылдары «Ұлттық қордан балаларға бөлінетін қаржы да кеміп қалады» деген сөз емес. Осындай жағдайды ескеріп, Үкімет пен Ұлттық банк балаларға аударылатын қаржының көлемін есептеу барысында Ұлттық қордың бір жылдық емес, соңғы 10 жылдағы инвестициялық кірісінің орташа көрсеткішін басшылыққа алу туралы шешім қабылдады. Бір ауыз сөзбен айтқанда, халықаралық экономикалық жағдай 1-2 жылға құбылып, айта беретін кәдімгі дағдарыс бола қалған жағдайда да балаларымыз Ұлттық қордан өз несібесін алуын жалғастыра береді.
Онда әлеуметтік желіде тарап кеткен «1,5 миллион теңге» жайлы қауесет қайдан шықты? Бұл жоба жайлы алғаш айтылған кезде Президенттің сол кездегі баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook-те арнайы жазба қалдырды. Онда «Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады» делінген. Біріншіден, бұл – нақты есеп емес, болжам ғана. Екіншіден, фейк ақпарат таратушылар осы жазбадағы «18 жасқа толғанша» деген сөзді әдейі алып тастап, жыл сайын 3 мың АҚШ доллары түсетіндей етіп көрсетіп жүр.
Ақпаратты бұлай бұрмалап таратудағы мақсат не? Біздіңше, ресми ақпаратты тыңдай бермейтін, әлеуметтік желідегі қаулап тұрған фейктерге имандай сенетін қалың топты әуелі «әр балаңа пәленбай ақшадан алып отырасың» деп дәмелендіріп алып, артынан одан әлдеқайда ақша түскен кезде «үміті ақталмай қалған» қалың бұқараны «көрдің бе, билік сені тағы да алдап соқты» деп ызаландырғысы келеді. Сөйтіп, елдің ішіне іріткі салуды көздей ма, деген күдігіміз бар.
Араб елдерінде «Мұнай – Алланың халқымызға берген рызық-несібесі, рақымшылығы» деген көзқарас бар. Ал. Венесуэлада, керісінше, халық мұнайды «Ібілістің іріткісі» деп атайды. Араб елдері мұнайды ақылмен пайдаланып, соның игілігін көріп отырса, Венесуэлада мұнай халыққа қақтығыс, қантөгіс пен кедейшілік алып келуге себеп болды. Мұны неге айтып отырмыз? Біздің елімізде 30 жылдан бері айтылып келе жатқан «Бізде де мұнай бар ғой, неге арабтар сияқты шалқып, тасып өмір сүрмейміз» дейтін әңгіме бар. ОПЕК-тің ресми деректеріне сәйкес, 35 миллион халқы бар Сауд Арабиясы 2022 жылы 519,6 миллион тонна мұнай экспорттаған. Оны айтпағанның өзінде, азаматтарының саны 1,3 миллионнан сәл ғана асатын Кувейттің (ресми деректер бойынша, бұл елде өмір сүріп жатқан 4,4 млн. адамның 70 пайызы шетелдіктер – авт. ) өзінде 2022 жылы 145,7 миллион тонна мұнай өндірілген. Тап сол ОПЕК ұйымы 2022 жылы Қазақстанның 84,1 миллион тонна мұнай өндіргенін мәлімдеген.
Енді қарапайым осы деректерді қарапайым арефметикаға салып, қорытар болсақ, 1 жылда жан басына шаққанда Сауд Арабиясында – шамамен 14,8 тонна, Кувейтте – 110 тонна мұнай өндірілгенін байқаймыз. Ал, халық саны 20 миллионға жеткен Қазақстанда өндірілетін мұнайды жан басына шағып есептесек, шамамен 4,2 тонна мұнайдан тиеді екен. Иә, мұнай өндірісінің халыққа тигізетін пайдасын бұл есептеу дұрыс па, жоқ па, ол жағын экономист мамандар айта жатар. Бірақ, кім не десе де факті факті күйінше қала береді. Демек, «Қазақстанда халық қара алтынның пайдасын көрмей жатыр» деген долбарды айтар кезде осындай фактілерді де ескергеніңіз жөн. Бұл – әңгіменің бір қыры.
Екінші жағынан, бір кездері мұнай экспорттаушы елдер ұйымының хатшысы болған Ахмед Заки Ямани: «Тас дәуірі тас біткендіктен аяқталған жоқ. Мұнай дәуірі де мұнай біткендіктен аяқталмайды» деген екен. Еліміздегі мұнай қоры әлі талай жылға жететін шығар. Бірақ, осы мұнайдың экономика мен қоғамға тигізер пайдасы жылдан-жылға кеми беруі мүмкін. Тіпті, ертең мұнайдың 1 баррель бағасы 200 доллардан асып жығылса да, оның экономикаға тигізер пайдасы, эффектісі бұрынғыдай бола алмайды. Өйткені, басқа факторларды айтпағанда, қазір адамзат балама қуат көздерін тиімді пайдалануды меңгеріп келеді.
Мұнай дәуірі аяқталуға бет алған болса, енді біздің мемлекеттің арқа сүйейтін жалғыз энергия көзі қалды. Ол – азаматтардың, қалың бұқараның бойындағы арман-мұрат, қажыр-қайрат, ерік-жігер. Басқаша айтар болсақ, қазір «Алма піс, аузыма түс» деп жататын заман емес. Адам өз әрекетін өзі жасап, білім алуға, кәсіп үйренуге бейім, іскер әрі еңбекқор болмаса, ауқатты тұрмыс пен жайлы өмірге жетуі екіталай.
Сондықтан «Не дейсің, Ұлттық қордан қаржы түседі, енді балаларымыздың болашағына алаңдамасақ та болады» деген ойдан аулақ болыңыз. Мемлекет ешқашан бүкіл халықты жатқызып бағып, аузына ақ май құймайды. Баламның болашағы жарқын болсын десеңіз, оны білімпаз, еңбекқор, бәсекеге қабілетті әрі парасатты да адал азамат етіп тәрбиелеуге ұмтылыңыз.
Ал, «Ұлттық қор – балаларға» жобасын Сізге осы жолда көрсетілген аздаған көмек пен қолдау ғана деп қабылдаңыз...