Республикадағы тұңғыш гидротехник

Пятница, 22 Декабрь 2023 09:27 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1491 раз

Қазіргі Отырар ауданы бір кездері (аудан болып құрылмай тұрған кезде) тандыры кеуіп, шөліркеп жатқан, тіршілік көзі құрдымға кетуге әзір, сусыз, сахара шөлдің біріне айналуға шақ қалған өңір болған. Суы болмағасын, нуы да жоқ шөлді далада мекен ете алмасын білген жергілікті жұрт жайлы жер іздеп жан-жаққа тарыдай шашылып, көше бастаған. Осы тұста елге жаңадан оралған Дүйсенбай Алтынбеков ежелгі Отырар алқабын суландырып, елдің қабырғасын қайыстырып отырған мәселені түбегейлі шешуге сүбелі үлес қосып қазіргі «Дүйсенбай» каналының жұмысын басқарады.

arxiv

 

Республикадағы тұңғыш гидротехник, Шәуілдір аудандық атқару комитетінің тұңғыш төрағасы, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған Дүйсенбай Алтынбековтың туғанына биыл –125 жыл. Дүйсенбай Алтынбеков 1898 жылы Шәуілдір селосының кедей шаруа отбасында дүниеге келген. СССР азаматы, 1927 жылдан бастап ВКП (б)-ның мүшесі. Сауатын ауыл молдасынан арабша ашып, әріп таныған. Ата-анасынан 16 жасында айрылған. 1914 жылы ата-анадан жетім қалғасын 7-8 туысымен бірге күн көру, жан бағу үшін Ташкент жаққа кетіп Зеңгі ата қыстағындағы Батшахан, Баймен деген байларға жалданып жұмыс істеген. 1916-20 жылдары Ташкент қаласында наубайхананың қару-жарақ қоймасының жұмысшысы да болады. 1921 жылы Ташкентте мұсылман кәсіптік техникумына түсіп, заңгерлік білім алады. 1922-23 жылдары Түркістан қаласында арыз тіркеуші, одан кейін сот орындаушысы қызметін атқарады. 1923-29 жылдары Шымкент, Әулие-Ата, Қазалы уездік прокуратурасының көмекшісі қызметін атқарады. 1929 жылы Торғай ауданына прокурор болып тағайындалып, онда 1930 жылға дейін қызмет істейді.

arxiv-1


Партияға 1927 жылы өткен. 1929 жылы жазда атақты революционер Амангелді Имановтың ауылы Торғайда байлардың бүлігі басталып, осы контрреволюциондық қозғалысты жою, ондағы советтік заңдылық пен тәртіп орнату үшін білікті, тәжірибелі заң қызметкері ретінде Дүйсенбай Алтынбековты Торғайға прокурор етіп жіберді. 1935 жылдың 23 октябріндегі «Правда» газетінің №293 (6539) номерінде Дүйсенбай Алтынбеков туралы жазылған Қазақстан еңбеккерлерінен Сталинге жазған хатта мынадай мәлімет бар: «Колхоздастыру жұмысында мықты ұйымдастырушы, бұрынғы батрак Дүйсенбай Алтынбеков небәрі 5 жыл уақыт мерзімінде күнге күйіп, шөлден табаны жарылып, аңқасы әбден кеуіп, қурап жатқан Шәуілдір алқабына 2000 көшпенді қазақты ұйымдастыра жүріп үлкен канал қазып, Арыстың өзенін бөгеу арқылы суармалы жерді игеріп, шөл даланы көгалдандырды. Атақонысты жаңғыртты. Сол еңсесін тіктеткен бұл канал 1931 жылы көктемінде ені 9, биіктігі 6 метрлік, ұзындығы 31 километрлік бас канал су қабылдауға дайын болды. Шәуілдір колхозының қайталанбас (бессменный) ұйымдастырушысы Дүйсенбай Алтынбеков қазіргі таңда Шәуілдір аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметінде. Абыройлы жұмыстарымен елдің құрметіне бөленіп мықты көшбасшылығын жалғастыруда. Ғасырлар бойы шөлдеп жатқан шөлейт жерді сулы, нулы алқапқа айналдырғанымен бірге, ауданға электр стансасын салдыртып, электр жарығын әкелді. Ауыл шаруашылығын дамытып мақта мен бидайдан да мол өнім алуда. Мал басын көптеп арттыруға қол жеткізді. Хат соңында еңбекші қазақтар Сталинге қарата: «Қымбатты Иосиф Виссарионұлы, бізде Қ.Сәтбаев, Д.Алтынбеков сияқты азаматтарымыз аз емес, жақын болашақта олардың қатары көбейген үстіне көбейе береді»,– делінген.
Қазіргі кезге дейін «Дүйсенбай каналы» аталып келе жатқан бұл каналдың жұмысы жарты жылда аяқталған. Өзенге тоған салынып, 31 шақырым арық қазылған, 5 колхоз ұйымдастырылған. Көктемде 1100 гектар жер игеріліп, күзде 973 тонна мақта өндірілген. 400 үй салынып пайдалануға берілген. 5 колхоздың атауы: «Абат», «Кеңес», «Жаңарық», «Қызыл Түркістан» және «Отырар» деп аталған.
«Қызыл Түркістан» колхозының тұңғыш төрағасы Жарас Рүстемов, «Жаңа арық» колхозының тұңғыш төрағасы Арқабай Құрманбаев, «Абат» колхозының тұңғыш төрағасы Тұрғанбай Бозшабаев, «Отырар» колхозының тұңғыш төрағасы Ордабай Бәйшімов деген азаматтар елге елеулі басшылар болған.
Шөліркеп жатқан шөл далаға су шығарып, халқының игілігі үшін, тіршілік тынысын нәрлендіру мақсатында еңбек еткен аға ұрпақтардың іс-әрекеттері еріксіз көз алдыңа оралады. Олар тандыры кеуіп жатқан кең алқапқа су шығарып, тіршілікті жандандыра түсуді армандағандар. Сол жолда өмірлерін сарп еткен жандар, солардың бірі кешегі Шәуілдір, ежелгі Отырар алқабын суландыру мәселесін түбегейлі шешуге сүбелі үлес қосып, сол істің басы-қасында жүріп еңбек еткен айтулы ел азаматы, шәуілдірлік Дүйсенбай Алтынбеков. Шәуілдірді ұйымдастырушы, аудандық совет атқару комитетінің тұңғыш төрағасы, бүгінгі ұрпақ үшін өнегелі жан.
Дүйсенбай Алтынбеков 1931-33 жылдары Шәуілдір құрылысы басқармасының бастығы, 1933-35 жылдары МТС-нің директоры болды. 1935 жылдың 16 ақпандағы қаулысымен Шәуілдір Түркістаннан бөлініп, өз алдына аудан болғанда оның атқару комитетінің тұңғыш төрағасы болып Дүйсенбай Алтынбеков сайланды. 1936 жылы жазда СОКП Орталық комитетінің жанындағы жоғарғы партия мектебіне Москваға оқуға жіберілді.
Архив материалдарында СССР халықтық жер комиссариатының 1935ж. 10 декабрінде берілген №2850 бұйрығында Дүйсенбай Алтынбековке қызметтеріндегі жоғары деңгейлік ұйымдастырушылығы, белсенділігі, көрсеткен жоғары нәтижесін ескере келе сыйақы (премия) ретінде жеңіл автокөлік сыйланған. Бұйрыққа СССР халықтық жер комиссариатының комиссиары Чернов М. деген қол қойып ф.7486, оп.1, д.695, п.126-ны бұйрыққа негізі деп көрсеткен. Бұйрық «Чимкент қ. Полторацкий көшесі 140 үйіндегі 23 кв.ға Алтынбекову Д.» деп поштамен жіберілген.
Архив құжаттарынан алынған тағы бір деректе мынандай да оқиға баяндалады: 1935 жылдың 28-ші октябрінде «Казахстанская правда» газетінің №249 санында Калинин Михаил Ивановичті қызметінен шығарып салуы туралы жазылған. Президиумға М.И. Калининмен бірге Мирас Құлымбетов және тағы басқа жолдастар шыққан. Бұл қоштасу шарасы мерекелік сессиясымен екпінді колхозшылардың бүкіл қазақстандық съезі барысында болған. Осы съезде Д. Алтынбеков сөз сөйлеп, былай дейді: «Халық жүрегін ұлы қуаныш кернейді. Әлемдегі ең бақытты, ең күшті елдің, СССР-дің Президенті, біздің сүйікті Михаил Иванович Қазақстанда өзімізбен бірге, халықпен бірге лениндік-сталиндік ұлт саясатын паш еткен ұлы мерекені тойлауда». Осы бүкілодақтық староста мерекелік сессиясы мен колхозшылар съезінде ол азаматтың Калинин атындағы колхоздың «Құрметті мүшесі» етіп қабылданғанын хабарлай келе арқасына қазақша шапан кигізеді. Алматыда өткен бұл үлкен шарада М.И. Калинин мырзаны алғашқы тарихи республикалық мерекелік белгісімен наградтайды делінген мәлімет айтылады. Бұл шара Қазақстан Республикасының 15 жылдығына арналған екен.
Дүйсенбай Алтынбековтің ұлы Ноян ағамыз 1994 жылы сол кездегі Түркістан әкімі болған С.Сүгірбаев пен ономастика жөніндегі комиссияның төрағасы О.Әмреевке хат жазып, өзінің әкесі Дүйсенбайдың ең жақын заман-үзеңгілес болған жақын адамы, елге көп адал еңбек сіңірген азамат Мұса Тоққожаевқа шаруашылықтың аты болса, мейлі бір даңғыл, көше беруін сұрап хат жазған екен. Көшірмесі біздің музей қорында сақтаулы, бірақ та хаттың жауабы (нәтижесі) белгісіз күйінде қалған.
Тағы бір мәліметтерді салыстыра келе айтарым, ол кісінің аты Дүйсенбай деп айтылып жазылғанымен оның өз қолымен толтырған жеке іс-құжаттарында атын Дюсембай деп жазған. Естеліктердің бірінде:
«...баладай қуанған жұрттың қуанышында шек жоқ еді. Адамдар, үлкен-кіші демей әр сүйемі сүйменмен ойғандай қиямет-қайғымен біткен каналдың екі жағында сумен жарыса жүгіріп, қуанышты істің садақасы болып жүр. Дүйсенбай каналға судың шыққанын түсінді.
- Иә, сәт!,- дегенде қос жанарынан ыстық жас ыршып кетті. Бұл 1931 жылдың 6-шы мамыры болатын. – деп жазылған. Бұл жазбаны Д.Алтынбековтың көзін көрген марқұм жазушы, журналист ағамыз Жұмамұрат Тұяқбаев жазып қалдырған. Ағамыздың артында көптеген шығармашылығымен қатар Дүйсенбай Алтынбеков туралы да жазылған кітап қалды. Ол «Иірім» деп аталатын роман. Кітап Әл-Фараби атындағы қалалық кітапхананың қорында сақтаулы.

arxiv-2


Дүйсенбай Алтынбековті 1937 жылдың 4 декабрінде ОҚО большевиктері Совет үкіметіне қарсылармен жұмыс атқаратын УНКВД-сы тұтқындаған. ОҚО-дағы УНКВД-ның 17 октябрь 1937 ж. 58-2; 58-7; 58-9; 58-11 қаулысымен УК РСФСР ең ауыр жазаға тартылып «Халық жауы» деген жазықсыз жаланың құрбанына айналып, небәрі 39 жасында ату жазасымен 1937 жылы 30 желтоқсанда мерт болды. Тұтқынға түскен кезде Дүйсенбай Алтынбеков Мәскеуде КСРО Бүкілодақтық Атқару Комитетінің Төралқасының жанындағы Кеңес құрылысы жөніндегі жоғары курста оқып жүрген кезі болған. Атпал азамат 1957 жылы 17 қазанда ақталды.
«Ер есімі –ел есінде», демекші жерлесіміз Дүйсенбай Алтынбековтің есімі тарихта алтын әріппен жазылып мәңгілікке қалды. Көзі тірі ұрпағы Ноян Дүйсенбайұлы Алтынбеков атамыз 2020 жылы жазда мәңгілікке аттанғанға дейін музейімізге құрметті қонақ болып келіп, жас ұрпақ алдында әкесінің еткен еңбегі туралы естеліктерімен талай бөлісті. Ол кісі жайлы музей қорында 15 минуттық «Рахат» ТВ түсірген деректі фильммен бірге құнды құжаттардың түп нұсқасы, https://youtu.be/E7uK-1gSItc сақталған.

Гүлмира АЛДОҢҒАРҚЫЗЫ,
Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі директорының орынбасары, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі
Мемлекеттік комиссияның Шымкент қалалық жұмысшы тобының Дәстүрлі дін өкілдері - саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу, қорытынды және
ұсыныстар дайындау жөніндегі бағыттың жетекшісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.