ҰЛТТЫҚ БІРЛІКТІ БЕКЕМДЕЙ ТҮСЕР СӘТ ТУДЫ Избранное

Пятница, 04 Октябрь 2024 06:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 406 раз

Қазақстан соңғы жылдары үлкен саяси жаңғыру жолынан өтті. Әсіресе, қасретті қаңтар оқиғасынан кейін елімізде түбегейлі өзгерістер орын алып, демократиялануға қарай шындап бет түзегендейміз. Нақтырақ айтар болсақ, Қазақстан суперпрезиденттік басқару жүйесінен ықпалды Парламенті бар президенттік республикаға айналды. Билік тармақтары арасында өкілеттіліктер қайта бөлініп, заң шығарушы органның билігі мен ықпалы күшейе түсті. Саяси партияларды құруға қойылатын талаптар жеңілдетіліп, ұлттық сайлау заңнамасы да демократия қағидаларына барынша жақындады. Ең маңызды қадамдардың бірі ретінде адам құқығын қорғау тетіктерінің күшейтілуін, соның ішінде Конституциялық сот институтының қайта қалпына келтірілуін айта аламыз. Енді әртүрлі деңгейдегі әкімдердің төте сайлауын біртіндеп енгізу арқылы билікті орталықсыздандыру, жергілікті биліктің жауапкершілігін арттыру үдерісі де орнықты әрі жүйелі түрде жүріп жатыр. Міне, осынау саяси жаңғырудың барлығын құқықтық тұрғыда негіздеу үшін 2022 жылы елімізде республикалық референдум өтіп, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені баршаға мәлім. Бұл – жаңа, әділетті Қазақстанның берік құқықтық негізін қалап берген саяси қадам ретінде тарихта қалды.

regeren

 

Иә, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2019 жылғы сайлауалды тұғырнамасында елімізде барлық маңызды мәселелердің жалпыұлттық референдум арқылы шешілетінін, кез келген тағдыршешті мәселе бойынша әрбір азаматтың пікірі мен көзқарасы есепке алынатынын айтқан болатын. Бұл Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізінде жатқан ұстаным десек қателеспесіміз анық. Ел Президентінің сол уәдесінің іс жүзінде орындалып жатқанына халық куә болып отыр. Соңғы үш жылда осымен екінші референдумның өткізілуі сөзіміздің айғағы бола алады.
Сонымен осы жексенбіде Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша республикалық референдум өтеді. Бұл мәселе соңғы жылдары мейлінше өзекті бола түсті. Себебі, жаһандық климаттың өзгеруі энергия өндірудің экологиялық тұрғыда таза көздерін табуды талап етіп отыр. Оның үстіне сарапшы мамандар 2030 жылға қарай еліміздің ауқымды энергетикалық дағдарысқа тап болуы мүмкін екенін болжап отыр. Міне, осындай өзекті мәселелерді шешу үшін әлемде көптеген елдер атом энергетикасы саласын дамытуға күш салуда. Біздің де осы соқпақпен жүруіміз уақыттың талабына айналғандай. Бірақ, бұл бағытта нақты шешім қабылдап, алға қадам басардан бұрын әрбір азаматтың пікірін ескеріп, қоғамдық келісімді қамтамасыз етіп алуымыз керек.
Иә, референдум – әрбір азаматқа еліміздің болашағына қатысты маңызды мәселелер бойынша өз ойы мен пікірін ашық жеткізуге мүмкіндік беретін демократиялық практика. Атом энергетикасына қатысты мәселенің әртүрлі, яғни, саяси, экономикалық, экологиялық және әлеуметтік аспектілері бар. Референдумның алдындағы бір жыл бойына елімізде ашық қоғамдық тыңдаулар, талқылаулар мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл әрбір азаматтың осы мәселе бойынша өз көзқарасын қалыптастырып, шешім қабылдауына жеткілікті уақыт болды.
Неге Қазақстан кейбір мемлекеттер секілді АЭС салу мәселесі бойынша ешқандай талқылауларсыз-ақ біржақты шешім қабылдамады. Мұның еліміздің өткен ғасырдағы тарихымен байланысты шетін себептері бар.
Бұл жөнінде Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында «Ел ішінде АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатқандар да бар. Бұл – түсінікті жайт. Көпшілік Семей ядролық полигонының қасіретін ұмыта қойған жоқ. Мұқият назар аударуды қажет ететін басқа да күр­делі жайттар бар. Мысалы, жобаның құны мен экологияға әсерін қаперден шығаруға болмайды» деп айтқан болатын.
Расында, халқымыздың тарихи жадында атомға қатысты осындай үрей мен қорқыныш бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ, өткен бір жыл бойына жүргізілген талқылаулар кезінде халқымыз бейбіт мақсаттағы атом энергиясының бағыты мүлде басқа екенін, қазіргі заманғы АЭС-тердің буыны да, қауіпсіздік жүйесі де, экологияға ықпалы да мүлде басқаша екенін ұғынып, үрейге бой алдыруға негіз жоқ екеніне әбден көз жеткізді деп ойлаймыз. Оның үстіне еліміз үшін атом энергиясының маңызы айрықша. Қазақстан – табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орында тұрған мемлекет. Ядролық отын компоненттері де өз елімізде өндіріледі. Сол себепті күні ертең референдумда қабылданатын шешім ел экономикасының болашағына тікелей әсер етеді. Мұны бір деңіз.
Екіншіден, Қазақстанның жақын саяси тарихында кез келген мәселе бойынша біржақты шешім қабылдауға асықтырмайтын тәжірибесі бар. АЭС салу – өмірлік қажеттілік. Өсіп келе жатқан экономиканы тұрақты, үздіксіз әрі арзан энергиямен қамтудың мұнан басқа жолы жоқ. Салиқалы ұстанымы бар, білікті сарапшылардың барлығы мұны растап отыр. Онда неге мемлекет бұл мәселені көптің талқысына салмай, бірден тиісті шешімді қабылдай салмайды? Себебі, елімізде тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылында үстемдік еткен саяси жүйеге байланысты халқымыздың билікке деген сенімі төмендеп кеткен болатын. Соңғы жылдары іске асырылған ауқымды реформалар халықтың билікке деген сенімін біршама қалпына келтірді. Бірақ, қоғамның белгілі бір бөлігінде ескі кезеңде қалыптасқан сенімсіз әлі де толық сейілмей отырғанын аңғаруға болады. Еліміздің біртұтастығын, саяси тұрақтылығы мен орнықты дамуын қаламайтын күштер осы бір жәйтті теріс пиғылдарына пайдаланып, АЭС-ке қатысты әңгімелерді бұра тартып, бүйректен сирақ шығаруға ұмтылуы мүмкін. Ал, осынау маңызды мәселе бойынша түпкілікті шешімді референдум арқылы халықтың өзі қабылдаса, оның дұрыстығына, лигитиділігіне ешкім дау айта алмайды.
Олай болса, күні ертең елімізде айрықша мәні бар тарихи оқиға орын алмақшы. Осындай жауапты сәтте азаматтарымыздың зор жауапкершілік танытып, Отансүйгіштік қасиетін паш ететініне сенеміз. Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолында үлттық бірлігіміздің бекем екенін тағы бір рет көрсететін сәт туып тұр.