ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ – ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАСТЫ ҚАҒИДАСЫ Избранное

Среда, 28 Август 2024 04:56 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 461 раз

Осыдан 29 жыл бұрын, яғни, 1995 жылдың 30 тамыз күні Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдау жөнінде республикалық референдум өткізіліп, онда Қазақстан халқы Ата Заңның қабылдануын жақтап дауыс берді. Содан беріде Конституция күні – халқымыз үшін айрықша қастерлі мерекеге айналды.

Kons

 

Мемлекетіміздің құқықтық негізін қалаған Ата Заң азаматтардың теңдігі мен бостандығына кепілдік беріп, елімізде тыныштық пен бейбітшіліктің сақталуына негіз болып отыр. Сол себепті Конституцияның әрбір сөзі барша қазақстандықтардың жүрегінен орын алып, үнемі жадында жаңғырып тұруы тиіс деген ойдамыз.
Конституциямыз Қазақстанның дамуына екпін беріп, жеткен жетістіктерінің берік кепіліне айналды. Тиімді құқықтық жүйені орнықтыру арқылы біз экономикалық өсімге және қоғамның әл-ауқатының артуына қол жеткізіп, елімізде бірлікті, ішкі саяси тұрақтылық пен бейбітшілікті қалыптастырдық.
Конституция талаптарының орындалуы – мемлекеттің дамуы мен қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Сондықтан, Ата Заңымызды құрметтеп, онда белгіленген принциптерді сақтау – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.
Біздің қоғамда әлі күнге дейін «Қазақстанда мемлекеттік идеология жоқ» немесе «ұлттық идеологияны жасау керек» деген сарындағы пікірлер кездесіп жатады. Ал, шындығына келер болсақ, мемлекеттік идеологияның қайнар көзі — Конституция. Конституцияның әрбір бабының астарында осы мемлекеттің құқықтық жүйесінің, ішкі-сыртқы саясатының негіздері, әлеуметтік-экономикалық бағыты мен рухани-мәдени бағдары жатыр. Конституцияның Ата Заң, негізгі Заң деп аталатыны да содан.
Кейде мемлекеттік идеология керек деген сарындағы әңгімелердің астарында баяғы кеңестік дәуірді аңсау жатыр ма деген ой келеді. Иә, ол кезеңде белгілі бір ой, көзқарас немесе концепция таңдалып алынды да сол бағыт қана дұрыс деп есептелді. Яғни, белгілі бір қоғамның суретін ойша салып, содан кейін қоғамды сол суретке қарай икемдеу, керек болса, тіпті күштеп икемдеу кеңінен етек алды. Сол ортақ ойға, көзқарасқа қарсы шыққанның бәрін дұшпан көрді. Сол қоғамның, сол идеологияның тәрбиесін алған азаматтар әліге дейін бүкіл қоғамның ойын, көзқарасын, ұстанымын бір арнада тоғыстырғысы келеді. Яғни, «мына ой, осы ұстаным, осы бағыт қана дұрыс, қалғанының бәрі қате деп» шегелеп тастауды көксейді.

Ол идеология неге негізделуі керек деген сауалдың төңірегінде де сан алуан пікірлер айтылады. Ең жиі айтылатыны «қазақтың ұлттық сал-дәстүрі, мәдениеті мен тарихы мемлекеттік идеологияның негізіне айналуы тиіс» деген пікір. Әрине, ұлттың мәдениетін, салт-дәстүрін, әдебиеті мен өнерін сақтап, дәріптеп, насихаттап отыруымыз керек. Оған ешкімнің дауы жоқ. Бірақ, тарихқа, салт-дәстүрге байланысты әркімнің көзқарасы әртүрлі болатыны сөзсіз.
«Дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар» деген сөз де босқа айтылмаған. Мәселен, барымта — қазақ халқының орта ғасырлардағы құқықтық мәдениетінде ерекше орын алған ұғым. «Барымтаны ұрлықпен, тонаушылықпен шатастыруға болмайды» деп қанша жерден ақтап алғымыз келгенімен, оның астарында күш көрсету жатқаны анық. Енді сол ұғымды меншік құқығы негізгі орында тұрған қазіргі құқықтық жүйемен үйлестіре алмайсыз ғой. Дәл сол сияқты бүгінгі қоғамның әмеңгерлік дәстүрді де қабылдамайтыны бесенеден белгілі. Яғни, мұның барлығы – белгілі бір тарихи кезеңдердегі қоғамның рухани және әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктеріне байланысты туындаған дәстүрлер. Ол өз дәуірінде қолданылып, сол замандағы өмірмен үйлесім тапты да сол заманмен бірге тарихтың қойнауына енді. Демек, қанша жерден ізгі салт-дәстүрлеріміз болғанымен, оны сол қалпында бүгінгі қоғамның идеологиясына, өмір сүру тәртібіне айналдыра алмаймыз деген сөз.
Бізге өркениетті елге айналып, адам сияқты өмір сүру үшін не керек? Ең алдымен, елімізде адам құқығының сақталғаны керек. Ой еркіндігі, шығармашылық еркіндік, сөз бостандығы, наным-сенім бостандығы керек. Бізге берік құқықтық жүйе мен азаматтық қоғамның орнағаны керек. Сонда әрбір азаматқа білім алуға, еңбек етуге, бизнеспен айналысуға, тағы басқа да дүниелерге теңдей мүмкіндіктер беріледі. Әділетті қоғам дегеніміздің өзі осы емес пе?! Бұған қол жеткізу үшін бізге бір ғана қағида, ұстаным керек. Ол – заң үстемдігі. Біздің қоғам үшін дәл қазіргі тарихи кезеңде заң үстемдігінен артық идеология да, басқа да жоқ. Алдымыздан бір жұмыс шыға қалғанда, бір мәселе бойынша ортақ шешім қабылдап, таңдау жасаған кезде біздің қоғам дәстүр не дейді, тарих не дейді немесе шариғат не дейді деп емес, ең әуелі Конституция не дейді, заңдарымыз не дейді деп ойланатын дәрежеге жетуі керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді саяси, құқықтық және әлеуметтік-экономикалық тұрғыда жаңғыртып, Әділетті Қазақстанды қалыптастыру мақсатында жүйелі реформаларды жүзеге асырып келеді. Ұлттық жаңғырудың берік құқықтық негізін қалау мақсатында 2022 жылы бүкілхалықтық референдум өткізіліп, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Референдум нәтижесінде Қазақстан суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшіп, билік тармақтары арасында өкілеттіліктер қайта бөлінді. Әсіресе, Парламенттің рөлі күшейіп, мәртебесі артты. Арада өткен 2 жылдың ішінде Ата Заңға енген өзгерістерді қолданысқа енгізу мақсатында бірқатар Конституциялық заңдар мен Кодекстер қабылданып, күшіне енді.
Осының барлығы елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, қоғамда ашықтық пен жариялылықтың орнауына жол ашып отыр. Конституцияға енгізілген өзгерістер мен Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы» жергілікті әкімдіктердің де халықтың алдындағы жауапкершілігін арттырып, тұрғындармен байланысын күшейте түсті.Ата Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейте түсті. Атап айтар болсақ, Конституциялық Сот институты қалпына келтірілді және Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институтының өкілеттілігі мен рөлі айқындалды.
Бір ауыз сөзбен айтқанда, бүгінде Қазақстан құқықтық-демократиялық дамудың жаңа бір кезеңін бастан өткізіп жатыр. Азаттығымыздың айшықты айғағына айналған Ата Заң — тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы. Референдумда халықтың өзі дауыс беріп қабылдаған өзгерістер арқылы Конституциямыз өркениетті мемлекеттің барлығына тән демократиялық қағидалармен толық қамтылып отыр.