ӘДЕБИ АВТОБУС ЖОЛҒА ШЫҚТЫ Избранное

Пятница, 26 Апрель 2024 06:09 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 485 раз

Жыл сайын 23 сәуірде әлемнің 100-ден астам елінде Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні атап өтіледі. Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасы осы айтулы күнге орай әдеби автобус ұйымдастырды. Мұндағы мақсат – Президентіміздің Ұлттық құрылтайдың 3-ші отырысында көтерген кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыру керек деген өзекті ойына үн қосу.

Adebi

 

Кітап пен авторға деген құрметтің және кітап оқуды насихаттаудың жарқын көрінісі болып табылатын іс-шара қалаішілік №74 бағыттағы автобуста өтті.
Әдеби автобуста «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын насихаттау мақсатында жолаушыларға «Менің атым Қожа» туындысынан кішігірім қойылым көрсетілді. Балалар қызыға оқитын шығармадағы Сұлтан мен Қожа бейнесін Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының әртістері Сағи Биғабылов пен Нұржігіт Таңатаров сомдады.
«Бір өлке – бір кітап» акциясы аясында жергілікті ақын-жазушыларымыз Мархабат Байғұт, Әбділда Аймақ, Қаныбек Сарыбаев, Шойбек Орынбай шығармаларынан үзінділер оқылып, жолаушыларға аталмыш қаламгерлердің өмірі мен шығармалары жайлы ақпарат берілді. Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына орай өлеңдері оқылды. Жолаушылар да әдеби шараға белсене қатысып, «Ақбілек» романы жайында оқыған кітабынан үзінді айтып берді.
Үлкен жастағы жолаушылар Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындады.Сонымен бірге қазақ әдебиетіндегі жазушылардың өмірі мен шығармаларынан, ұмыт қала бастаған салт-дәстүрлерден викториналық сұрақтар қойылды.
Бұл шара жаңа технологиялар ғасырында кітаптың қашан да көшбасшылық орында тұратынын, ал кітап оқу – адам жан дүниесіне рухани байлық сыйлайтынын айқын көрсетті.
Кітап – білім бұлағы. Бұл ықылым заманнан санаға сіңген түсінік. Бірақ, қазіргі күні еңбектеген сәбиден еңкейген қартқа дейін кітаптан гөрі смартфонға жақын. Ғабит Мүсіреповтен қалған "Кітап дегеніміз - алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік", - деген сөз бар. Ендеше, кітап оқиық, ой ойлайық!

А.АХМЕТОВА,
Шымкент қалалық жасөспірімдер
кітапханасының мерзімді басылымдар бөлімінің меңгерушісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Тау тұлғалы ғалым