ТАЗАЛЫҚ – АДАМНЫҢ КІСІЛІГІ МЕН ТӘРБИЕСІНІҢ МАҢЫЗДЫ КӨРСЕТКІШІ Избранное

Пятница, 12 Апрель 2024 04:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1142 раз

Көктем келіп, күннің шуағы жер бетіне таралып, табиғат та қайта түлеп, тіршілік атаулы жандана бастады. Көктем – жаңару мен жасарудың, сұлулық пен тазалықтың уақыты. Осы орайда елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтіп жатыр.

Kogal-1

 

Мемлекет басшысы «Әкімдердің қызметі елді мекендер мен қоғамдық кеңістіктердің сыртқы келбеті бойынша да бағаланатын болады» деген еді. Осыған байланысты аталған акцияға Шымкент қаласының әкімдігі де баса назар аударып отыр.
Дегенмен, қаланың, көшелер мен саябақтың, қоғамдық орындар мен қоршаған ортаның тазалығын сақтау әкімдіктің ғана жұмысы деп қарауға болмайды. Орыс жазушысы Антон Чеховтың әйгілі сөзінде айтылғандай, жиі жиналатын жер емес, қоқыс тасталмайтын, былғанбайтын жер таза болады.
Бәріміз сенбілікке қатысуын қатысып, туған жердің тазалығына үлес қосқан жақсы адам болып көріне береміз. Бірақ, кейбіріміздің былай шыға бере қоқыс пен түрлі қалдықтарды кез келген жерге тастай салатын жаман әдетіміз бар. Өкінішке қарай, көпшілік орында пісте шағу, көрінген жерге шайнаған сағызы мен насыбайын түкіріп кету секілді жағымсыз, жиіркенішті әдеттер біздің қоғамдық санада әлі де аса бір ұятты, масқара іс болып саналмайтын сияқты.
Мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтайда айтқан сын-ескертпесіне қатысты «насыбайдың кімге зияны бар», «ата-бабамыздан келе жатқан әдет қой» деген сияқты күңкілді әр жерден құлағымыз шалып қалады. Осы әңгімелердің өзі біздегі көп адамның ішкі мәдениеті мен ой-өрісінің қай деңгейде екенін көрсетіп тұрғандай.
Негізінде тазалық – адамның рухани-мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткіші. Өркениетті ел боламыз, заман ағымына ілесіп, орнықты дамуға бет түзейміз десек, жеке гигиенамыз бен өз үйіміздің ғана емес, тұрып жатқан елді мекеніміздің, туған жеріміздің тазалығын сақтауға да дағдылануымыз керек. Жас ұрпаққа жақсы үлгі көрсетіп, оларды тазалыққа жаны құмар азамат етіп тәрбиелеуіміз шарт.
Жер бетінде талай халықтар Отаным деп айтатын ұлтарақтай жер таппай, отансыздықтан опық жеп жүр. Ал, біздің бабадан қалған байтағымыздың қадіріне жетпей, оңды-солды былғап жатқанымыз өкінішті.
Айта кетейік, республикалық экологиялық акция бес аптаға жалғасады. Қазірдің өзінде шымкенттіктер тазалық шараларына белсенді ат салысуда. Қала тұрғындары мен қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындар өздеріне тиесілі аумақтарды тазартып, абаттандыруға үлес қосып жатыр.
«Киелі мекен» аптасы аясында тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, «Жасыл аймақ» аптасында ағаш көшеттері отырғызылады. Ал «Өнегелі ұрпақ» аптасы ардагерлердің аулалары мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазалаумен ерекшеленсе, «Мөлдір бұлақ» шарасы шеңберінде су айдындарының жағалауы қоқыстан тазартылады. Бүгінде мегаполисте бүлінген аялдамалар қалыпқа келтіріліп, қала көшелерін жамау жұмыстары да қарқын алған.