КӨБЕЮ ҰЛТТЫҚ САЯСАТҚА АЙНАЛУЫ ТИІС Избранное

Пятница, 03 Май 2024 05:30 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 778 раз

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында демография мәселесіне ерекше тоқталған болатын. Мемлекет басшысы «Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. ...Өмір сүру ұзақтығы да артып келе жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 74 жастан асты. Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Азаматтарымыздың орташа жасы – 32 жас. Тұрғындардың үштен бірі – жастар. Үкіметтің міндеті – қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалану» деп атап өткен болатын.

KopUlt

 

Сонымен өткен жылы қараша айында Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Оның ішінде 1 миллион 200 мыңға жуық адам Шымкент қаласында өмір сүріп жатыр. 1991 жылы халық саны 16,4 миллион болғанын ескерсек, 32 жылдың ішінде халқымыз 22,3 пайызға көбейгенін байқаймыз. Демографиялық өсімнің жоғары болуына еліміздің үшінші мегаполисі де лайықты үлес қосып келеді. Тәуелсіздік кезеңінде шаһардағы халық саны урбандалу үдерісінің әсерінен 3 есе көбейгені өз алдына, табиғи өсім бойынша да республика өңірлерінің арасында алдыңғы қатарда екенін айта кеткен жөн.
Нақтырақ айтар болсақ, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылы еліміздегі туу коэффициенті 1 000 адамға шаққанда 21,57 болған. Ең жоғары көрсеткіштер Маңғыстау (1 мың тұрғынға шаққанда 28,53), Түркістан (27,67) облыстарында және Шымкент қаласында (27,13) тіркеліпті. Демек, Шымкент қаласында өткен жылы 32,5 мыңнан астам бала туылып, халықтың табиғи өсімі бойынша республика өңірлері арасында үшінші орынға жайғасқан.
Сөз жоқ, Қазақстандағы қазіргі демографиялық өсім әлемнің көптеген елдерімен салыстырғанда өте жақсы деуге болады. Аумағы 2,7 миллион шаршы шақырымды алып жатқан алып ел үшін 20 милллион халықтың тым аз екені айтпаса да түсінікті. Оның үстіне бізбен бірге тәуелсіздікке ие болған Орталық Азияның төрт мемлекетімен салыстырсақ, демографиялық өсім тұрғысынан көш соңында қалып кеткен екенбіз. Мәселен, Тәжікстанда 1991 жылы xалық саны 5,5 миллион болса, 2023 жылдың соңында 10 миллионнан асқан. Демек, 32 жылдың ішінде Тәжікстан халқы шамамен 82 пайызға көбейіп отыр. Халық санының өсім динамикасы жөнінен тәжіктер бізді төрт орап алған.
Тәуелсіздік жылдарында Түркіменстан халқының саны 65 пайызға, ал, Қырғызстан халқының саны 64 пайызға көбейіпті. Орталық Азиядағы ең жоғары өсім Өзбекстанда тіркелген. Көрші елде 1991 жылы халық саны 20 миллионнан сәл ғана асатын болса, 2024 жылы 1 қаңтардағы деректер бойынша 36,8 миллионға жеткен. Демек, өзағамдар 32 жылдың ішінде 84 пайызға көбейген.
2023 жылы Өзбекстан табиғи өсім бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Бір жылдың ішінде бұл елде 970 мың сәби дүниеге келсе, қайтыс болғандар 260 мың адам екен. Яғни халықтың табиғи өсімі 710 мың адамды құраған. Осы қарқыны сақталса, тағы 4-5 жылдың ішінде Өзбекстанда халық саны 40 миллионға жететін түрі бар.
Әрине, Қазақстандағы демографиялық ахуалға түрлі тарихи факторлар әсер еткенін де естен шығаруға болмайды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары миллиондаған өзге этнос өкілдерінің тарихи Отанына қайтуына байланысты Қазақстан халқының саны 2001-2002 жылдары 14,8 миллионға дейін азайғаны белгілі. Осыны ескерсек, кейінгі 20 жылда халық саны шамамен 35 пайызға көбейіп отыр. Дегенмен, демографиялық өсіміміздің көрші елдермен салыстырғанда баяу болуының себебі туу көрсеткішінің төмендігі екенін мойындауымыз керек.
Ақпан айында өткен Үкімет сағатында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев адами ресурстың кез келген мемлекет үшін маңызды екеніне тоқталды.
Жоғарғы палата спикері «Бұл мәселе елдің дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан демографиялық мәселелер стратегиялық маңызға ие. Бұл саладағы ең соңғы бағдарлама 2005 жылы жұмыс істеуін тоқтатқан. Бізде демография мәселесімен айналысатын өкілетті орган да, ведомствоаралық комиссия да жоқ. Халық санының көбеюі бірқатар мәселелерді тудыратыны белгілі. Ол – инфрақұрылым мен мектептер, медициналық мекемелер мен жұмыс орындарын ашу. Алайда, бұл мәселенің барлығына қарамастан, халық санын көбейтуіміз керек. Біздің халқымыздың саны 35-40 миллионға жетпейінше, әлемде жер көлемі бойынша 9-шы орынды алатын елімізді дамытуымыз қиын. Даму үшін адам керек» деді.
Сол жиында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова елімізде демографиялық дисбаланс орнау қаупі артып келе жатқанын айтты. Сарапшылардың пікіріне сүйенген вице-премьер тиісті шаралар қолданылмаса, 2050 жылға қарай Қазақстан халқының 50 пайызы оңтүстік өңірлерде тұратынын айтады. Әрі бұл Алматы мен Шымкент секілді ірі мегаполистерді қоспағандағы көрсеткіш екен. Оларды қоса есептесеңіз, бұл көрсеткіштің 70-75 пайызға жетіп жығылатыны белгілі. Өзі азғантай халқымыздың төрттен үш бөлігі оңтүстікке жиылып алса, Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан ұланғайыр атырапта 5-6 миллион халық тарыдай шашырап жатпақ па? Бұл жағдайдың отандық экономикаға ғана емес, ұлттық қауіпсіздігімізге де қатер төндіретіні айтпаса да түсінікті болып отыр. Ал, көштің басын теріскейге бұруы тиіс болған мемлекеттік бағдарламаның мардымды нәтиже бермегенін жұрттың бәрі көріп отыр.
Соңғы жылдардағы демографиялық көрсеткіштерге көз жүгіртсек, Қазақстан халқының саны шамамен 3,5 жылда 1 миллион адамға көбейіп келеді. Егер осы тенденция сақталса, ХХІ ғасырдың ортасына қарай Қазақстан халқының саны 30 миллионға жетуі тиіс. Бірақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамдары басқаша екен. БҰҰ зерттеуі бойынша Қазақстан халқының саны 2050 жылы 25 миллионға жетуі мүмкін. Ал, 30 миллионға тек 2100 жылға қарай жетеді екенбіз.
Демограф Аяулым Сағынбаева баспасөзге берген сұхбатында Қазақстанның тарихында бала туудың рекордтық нәтижесі 2021 жылы тіркелгенін, сол жылы елімізде 446 мың сәби дүниеге келгенін атап өтіпті. «2020-2022 жылдары елімізде «бэйби бум» болды. Соның нәтижесінде халық саны 3-4 жылдың ішінде 19 миллионнан 20 миллионға жетті. Бірақ, 2023 жылдан бастап бала туу көрсеткіші қайта төмендей бастағанын байқадық. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2023 жылы елімізде 403,9 мың сәби дүниеге келген.
– Қазіргі 4-5 баласы бар көп балалы аналардың басым көпшілігі 1980-1990 жылдар аралығында өмірге келген әйелдер. Олардың жасы қазір 35-тен асып барады. Бұл буынның репродуктивтік әлеуеті сарқылып келеді, әрі кеткенде 5-6 жылдан кейін олар демографияға үлес қосуын толықтай тоқтатады. Ал, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары өмірге келген жастардың саны аз. Аз әйелден аз бала туылатыны анық. Ендігі буынның, яғни тоқсаныншы, екі мыңыншы жылдары туған жастардың репродуктивтік көзқарасы сексенінші жылдары туған адамдарға қарағанда өзгеше. Кейінгі буын индивидуализмге бейім, бірінші орынға өз өмірінің жайлы, қиындықсыз болғанын қояды. Сол себепті олардың көпшілігі 1-2 баламен шектелуді қалайды. Бүгінгі жас аналар қызметте өрлеуге басымдық береді, ғылым-білім қууға ынталы қыздардың саны көбейіп келеді. Урбанизацияның қарқын алуы, гендерлік саясаттың да әсері тимей тұрмайды. Бұл – бүкіл әлемде орын алып жатқан тенденция. Сондықтан да алдағы уақытта Қазақстанда туу көрсеткішінің деңгейі дәл қазіргідей жоғары болуы қиын, – дейді Аяулым Сағынбаева.
Халық көбеюі үшін, ең әуелі, мемлекеттің демографиялық саясаты дұрыс болуы керек. Ал, қазір демографиямен қандай министрлік айналысып отырғаны да түсініксіз. Кезінде бұл мәселемен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі айналысқан болатын. Бүгінде Ұлттық экономика министрлігінің бір басқармасы демографияға көп жұмыстың бірі деп қана қарайды. Ұлттық статистика бюросы, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер министрліктері демографияға қатысты әртүрлі жұмыстарды бөлек-бөлек атқарады. Сенат төрағасы айтқандай, олардың жұмысын үйлестіріп отыратын ведомствоаралық комиссия да жоқ. Мамандар әртүрлі мекемелерге қараған мәселелердің басын біріктіріп, агенттік немесе комитет құру заман талабы екенін алға тартады. Тіпті, халықаралық тәжірибеге сүйенсек, арнайы министрліктері бар елдер де кезігеді.
Халық санының көбеюі бар да, көбеюге бейіл тұрған халықты әлеуметтік қорғау, халыққа сапалы медицинаны қолжетімді ету, әсіресе, жас ұрпақтың заманға сай білім мен көркем тәрбие алуына жағдай жасау деген мәселе бар. Осы орайда, Мемлекет басшысының Жолдаудағы «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе» деп айқындап берген міндеттерінің маңызы зор.
Бұдан шығатын түйін біреу: мемлекет халық санының көбеюін ең басты стратегиялық мақсат етіп белгілейтін ұлттық саясат қалыптастыруы қажет. Біздіңше, ол саясаттың ең негізгі басымдықтары қандай болуы керектігі белгілі сияқты. ҚР Индустрия және ифрақұрылымдық даму министрлігі таратқан ресми деректер бойынша, елімізде 600 мыңға жуық адам баспанаға мұқтаж екен. Соның ішінде 247 мыңы әлеуметтік тұрғыда осал топтарға жатады. Баспанаға мұқтаждың қатарында көп балалы 85 мың отбасының болуы көп нәрседен хабар беріп тұрғандай.
Бүгінде Шымкент қаласында 25 мыңнан астам көп балалы отбасы өмір сүріп жатыр. Өкінішке қарай, қаламызда әрбір төртінші көп балалы отбасының басында жеке баспанасы жоқ. Ал, үбірлі-шүбірлі бала-шағаны ертіп, пәтерден пәтерге көшіп жүрудің қандай қиын екенін сол отбасылар ғана анық біледі... Ұзын сөздің қысқасы, елдегі демографиялық өсімді ынталандыра түсу үшін көп балалы отбасыларды кезексіз, кепілді түрде баспанамен қамтитын механизмдер жасап шығу керек. Бұл бүгін ел қазынасына айтарлықтай ауыртпалық салғанымен, ғасырдың ортасына қарай отандық экономиканың дамуына серпін беретін, Қазақстанды бәсекеге қабілетті елге айналдыратын фактор болатыны сөзсіз.
Иә, бүгінде мемлекет халықтың көбеюін ынталандыратын, жас ұрпақтың бәсекеге қабілетті азамат болып өсуіне ықпал ететін бағдарламалар мен жоба-жоспарлар қабылдап, оны дәйекті түрде іске асырып келеді. Оған мысал ретінде Президенттің бастамасымен іске асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын айтуға болады. Жоба аясында Шымкент қаласының өзінде заманауи үлгідегі 18 мектеп салынып жатыр. Мұның сыртында «Ұлттық қор - балаларға» секілді соны жобалардың да маңызы айрықша. Соңғы жылдары балаларға қамқорлық жасауға негізделген шешімдерді тек орталық билік қана емес, жергілікті атқарушы билік те қабылдап жүргеніне куәміз. Бірнеше жылдан бері Шымкент қаласында бастауыш сынып оқушыларына тегін бір мезгіл ыстық тамақ берілсе, биыл 1 мамырдан бастап Шымкент қаласындағы барлық оқушылар қоғамдық көлікте тегін жүретін болып отыр.
Иә, шеттен келетін қандастар, әлеуметтік қамсыздандырудың жақсаруы, орташа өмір сүру жасының ұзаруы, білім мен медициналық қызмет сапасының артуы, тағы да басқа факторлар қай елде болсын маңызды-ақ. Бірақ, халықтың өсімі тек әлеуметтік мәселені шешумен де бітпейді. Ең әуелі ұлттық психологияның сауығуы, көп балалы болуға ынтық отбасылардың көбеюі керек. Дұрысы, елде сондай саясат жүргізілуі тиіс. Қазақстан үшін ең басты құндылық – Адам екені Ата заңымызда жазылған. Ендеше, халықты көбейту, демографиялық мәселемен жүйелі айналысу – Үкіметтің басты жұмысы болуы керек.
Ойлап отырсақ, Отанды Отан ететін – халық. Қазақстан – барша қазақтың жалғыз Отаны екенін ескерсек, Отанымыздың іргесі берік болуы үшін халқымыз көбеюі керек. Дана халқымыз «Көп қорқытады, терең батырады» дегенді текке айтпаған. Қазақтың саны көбейсе ғана экономикасы мықты, мемлекеті мығым, Тәуелсіздігі баянды болады.