Соңғы жылдары автоиндустрияда зор серпіліс жасап, осы бағыт бойынша әлемдік масштабта көшбасшылыққа ұмтылып отырған Қытай елінің инвесторлары электромобиль салу үшін Шымкент қаласын бекерге таңдап отырған жоқ. Біздіңше мұның көзге көрініп тұрған ең кемінде екі себебі бар: біріншіден, Шымкент қаласында инвесторлар үшін мейлінше қолайлы жағдай жасалуда. Қаладағы бұрыннан жұмыс істеп тұрған 5 өнеркәсіптік аймақты айтпағанда, қазір жаңадан тағы да бірнеше индустриалды аймақ ашылмақшы. Бұл аймақтардың қай-қайсысында да барлық инфрақұрылым желілері: электр желісі, су, газ, керіз, жол мен тағы басқалары мемлекеттің есебінен жүргізілген. Аймаққа инвестиция құйып, кәсіпорын ашуды көздеген кәсіпкерлерге осы жерден қажетті жер телімі тегін беріледі. Қазір инвесторлар бұрынғыдай бюрократиялық кедергілерге де ұшырамайды. Керісінше, жобаны жоспарлау кезеңінен бастап, оны толық жүзеге асырғанға дейін инвесторларды қолдап, сүйемелдеп отыратын арнайы орталық жұмыс істеп тұр.
Екіншіден, Шымкентте еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда еңбек ресурстары жеткілікті. Міне, осы аспекті шетелдік инвесторлар үшін ғана емес, біз үшін де өте маңызды. Себебі, электромобиль дегеніміз қазіргі заманда ең жоғары технологиялардың бәрін өз бойына біріктірген өнім ғой. Шымкентте осындай жоғары технологиялы зауыт ашылса, оның барлық жұмысшылары Қытайдан келе бермейтіні белгілі. Олай істеуге еліміздің заңнамасы рұқсат бермейді. Демек, шымкенттік жастардың алдында жоғары технологияларды, заманауи білім мен біліктілікті игеріп, сұранысқа ие техникалық маман атану мүмкіндігі пайда болып отыр. Яғни, электромобиль зауытының салынуы жәй ғана жұмыс орындарын құру және салық түсімін арттыруға ықпал етіп қана қоймай, білікті, кәсіби деңгейі жоғары мамандар шоғырының қалыптасуына, сол арқылы халқымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға да мүмкіндік береді.
Жыл басында өткен Қазақстан Републикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық экономиканы дамыту бойынша алда тұрған жұмыстың бағыт-бағдарын айқындап көрсетіп берді. Президент ең басты мақсат – 2029 жылға дейін жалпыұлттық ішкі өнімнің көлемін екі есе арттырып, 450 миллиард АҚШ доллорына жеткізу екенін атап өтті. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін өнеркәсіп секторын, әсіресе, өңдеу өнеркәсібі мен шағын және орта бизнеске қолдау көрсету керек екені белгілі.
Осы орайда Шымкент қаласының Қазақстанның зор экономикалық серпіліс жасауына лайықты үлес қосарлық әлеуетке ие екенін атап өткен жөн. Бүгінде Шымкентте экономиканы әртараптандыру және өнеркәсіпті алға жылжыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мұны қаланың 2024 жылдың 5 айындағы даму қорытындыларына қарап айтуға болады.
Экономиканың қозғаушы күші инвестициялар екені белгілі. 2023 жылы шаһарда негізгі капиталға бағытталған тікелей инвестициялардың көлемі 722 миллиард теңгеден асқан болатын. Бұл көрсеткіш 2022 жылғымен салыстырғанда шамамен 42 пайызға жоғары. Ал, 2024 жылдың 5 айындағы көрсеткіштер былтырғыдан да жоғары болып отыр. Шымкент қаласы әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының деректері бойынша 2024 жылдың алғашқы 5 айында қалаға 203,7 млрд теңге инвестиция тартылған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,4 пайыға артық. Инвестициялардың жалпы көлемінен 29,5 млрд теңге – мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражат болса, ал, 174,2 млрд теңге – жеке инвестициялар екен.
Қала билігі 2024 жылы да өзінің алдына өте биік мақсат қойып отыр, ол – шаһар экономикасына 928,7 млрд теңге инвестиция тарту, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 28,2 пайызға жоғары болмақ. Осылайша жылдан жылға көбейіп келе жатқан көрсеткіштерге қарап, Шымкентте инвестициялық бум орын алуда десек қателеспейтін сияқтымыз.
Осы мақсатқа жету үшін бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жалпы сомасы 2,7 трлн теңгеге 220 инвестициялық жобаның пулы құрылған. Басқарманың мәліметі бойынша 2024 жылы құны 262 млрд теңге болатын 64 жобаны іске асыру жоспарлануда. Өңдеу өнеркәсібінде 2024-2028 жылдар аралығында 532 млрд теңге сомасына 114 жоба іске асырылатын болады.
Бұл жобаларды іске асыру 30 000-нан астам жаңа жұмыс орындарын құру, қала экономикасын әртараптандыруға және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.
Шымкент Қазақстандағы инвестициялық тартымдылық бойынша көшбасшылардың біріне айналуда. Мұнда бизнес үшін жасалған жағдайлар қаланы отандық және шетелдік инвесторлар үшін капиталды инвестициялау үшін қызықты етеді. Демек, Шымкент инвестиция көлемінің өсу динамикасы бойынша республика өңірлерінің арасында алдыңғы қатарда тұр. Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметтеріне сүйенсек қала экономикасына құйылған инвестицияның 70 пайыздан астамын жеке тұлғалардың капиталы құрап отыр.
Қаладағы инвестицияның ахуалдың жақсаруына бірнеше фактор әсер етуде. Оның бірі қала аумағында индустриалды және арнайы экономикалық аймақтардың қызмет етуі болса, екіншісі жергілікті атқарушы биліктің «ШымкентИнвест» орталығы арқылы инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіп, жобаларын басынан аяғына дейін сүйемелдеуі дер едік.
Жауапты басқарманың мәліметінше, Шымкентте жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Онда 358 млрд. теңге сомасына 337 жоба іске асырылуда. Оның ішінде, өткен жылдың қортындысы бойынша жалпы құны 216 млрд. теңгелік жобалар іске асырылып, 273 кәсіпорын нақты жұмыс істеп жатыр. Онда 8 мыңнан астам тұрақты жаңа жұмыс орны құрылған. Атап айтар болсақ, «Оңтүстік» индустриалды аймағында 95,9 млрд. теңгеге 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарымен 95 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 76 кәсіпорын іске қосылып, онда 2,5 мыңға жуық жұмыс орындары ашылды және оған 91,4 млрд. теңге инвестиция тартылды.
Бұл индустриалды аймақта былтыр тағы 5 жоба жүзеге асырылған. Инвестициялық құны – 1,4 млрд. теңге. Нәтижесінде 99 жаңа жұмыс орны құрылыпты.
«Оңтүстік» индустриалды аймағында 1 теңге бюджеттік инвестицияға 10 теңге жеке инвестиция тартылған. Жалпы аймақ жұмыс ашылғалы бері ондағы компаниялар бюджетке 36,3 млрд. теңге салық төленген. Иинфрақұрылымға жұмсалған қаржы 6,9 млрд. теңге екенін ескерсек, бұл аймақтың тиімділігі жоғары деген сөз.
Ал, «Тассай» индустриалды аймағында 50,7 млрд. теңгеге 2,6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнымен 43 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 36,7 млрд. теңге инвестиция тартыла отырып ашылған 24 зауыт-фабрика нақты өнімдерін шығарып жатыр. Онда 1,8 мыңнан астам жұмыс орындары ашылған.
«Тассайда» 2023-2024 жылдары 9 жобаны жүзеге асырылып жатыр. Инвестициялық құны 7,4 млрд. теңге құрайтын бұл жобалар 290 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұл аймақты ашуға бюджет әр 1 теңге қаржыға 35 теңге жеке инвестиция тартылған. Жалпы, «Тассай» индустриалды аймағы ашылғалы бері онда жұмыс істеп жатқан компаниялар бюджетке 6,8 млрд. теңге салық төлеген.
Шымкенттің экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратын тағы бір өнеркәсіптік аймақ – сауда-логистикалық орталығы. Мұнда 43,5 млрд. теңгеге 8 жоба жүзеге асырылуда. Онда 660 жұмыс орнын құру көзделген. Бүгінде 24,5 млрд. теңгеге 285 жұмыс орнын құрумен 3 жоба жүзеге асырылған. Мұнда 1 теңге бюджеттік инвестицияға 15 теңге жеке инвестиция тартылды. Жалпы аймақ жұмыс істеп тұрған кезеңнен бері аймақ қатысушылары бюджетке 5,2 млрд. теңге салық төленгенін айта кетуге болады.
Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақтың инвестициялық қоржыны жалпы құны 166,6 млрд. теңге болатын 58 жобадан тұрады, олар 5,7 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейді. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы инвестиция көлемі 58,4 млрд. теңге тұратын 35 жоба іске асырылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орындары құрылды.
Мұнда да 1 теңге бюджеттік инвестицияға 15 теңге жеке инвестиция тартылған. Жалпы аймақ жұмыс істеп тұрған кезеңнен бері аймақ қатысушылары бюджетке 9,6 млрд. теңге салықтық және әлеуметтік аударымдар жасаған. Сондай-ақ, басқарманың мәліметінше, жеке «Standard» индустриалды аймағын құрылып, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен сауда-логистикалық орталығының аумағы да кеңейтілген.
Шымкентте өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты бұрынғы жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік аймқтарға қоса, тағы да өндірістік алаңдар ашылып жатыр.
Мәселен, аумағы 306 гектарды құрайтын «Жұлдыз» индустриялық аймағында машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 126,7 млрд. теңгеге 35 ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Бұл 3 230 жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның ішінде 2023 жылы инвестициялық құны 13,2 млрд. теңге құрайтын, 353 жаңа жұмыс орындарымен 7 жобаны іске қосылған.
Одан бөлек 2023 жылы «Шымкент-Агро» индустриалды аймағында да жұмыс жалғасуда. Оның аумағы – 50 гектарды құрайды. Бүгінде онда орналастырылатын құны 37,5 млрд. теңгелік, 1200 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 44 жоба қолға алынған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда» деген болатын. Бұл Қазақстанның жаңа бір экономикалық серпілістің алдында тұрғанын көрсетеді.
Еліміздің осынау асқақ мақсатқа қол жеткізуіне Шымкент қаласы да өзінің лайықты үлесін қоса алады. Тіпті, жоғарыда баяндалған даму көрсеткіштеріне қарап Шымкент қаласының Қазақстандағы ірі өнеркәсіптік орталыққа айналып келе жатқанын да байқаймыз.