Қазақстан – көп этностық және көп конфессиялық зайырлы мемлекет. Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан әрбір азаматтың діни наным-сенімі өз еркінде. Қазақстан – бейбітсүйгіш ел. Қазақстанда діни алауыздық пен ұлтаралық араздыққа жол жоқ, өйткені еліміздің басты ұстанымы азаматтарының бейбіт өмір сүруі. Бейбітшілік – адамзаттың басты құндылығы. Дін ұлтқа бөлінбейді. Діни тұрақтылық та ең маңызды мәселелердің бірі. Әлемде орын алып отырған кесір-кесапаттардың, ұрыс-жанжалжалдардың себебін қандай да бір діннен іздеу себепсіз олқылық.
Бүгінгі күні Қазақстанда діннің орны ерекше. Діни көзқарас азаматтарды біріктіруші фактор. Кейбір топтардың діни көзқарастарды ыдыратушы фактор ретінде пайдаланғысы келгенімен, дінді қоғам өмірінен бөле жарып қарастыруға болмайды.
Адамзат тарихында мәдениет қалыптастырып, мемлекет құра алмаған халықтар болған. Бірақ, сенімсіз, дінсіз және ғибадатханасыз мемлекет болмаған.Діннің адам өміріндегі қоғам өміріндегі, атқаратын қызметтері сан алуан, көп қырлы және көп бағытты болып табылады. Дін құрылымының негізігі элементтерінің барлығы дерлік адам мен қоғам өмірінде үлкен рөл атқарады.
Дін – мемлекет саясаты мен қоғамның рухани өмірінде маңызды орын алатын фактор. Кез келген мемлекеттің қалыптасуында діни сана маңызы зор тәрбиелік және әлеуметтік қызметке ие. Дін мәдениеттер мен өркениеттердің дамуына да елеулі ықпал еткен. Дін тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, моральдық нормалар жиынтығы, қарым-қатынас әдебі, рухани қағидалар жүйесі. Дін мен ғылым, әрі өнер – бір ағаштың бұтақтары іспеттес бір бүтінді құрайды.
Дін – ақылды, нәсілді, жаратылысты және моральды қорғауға бағытталған негіздерден тұрады, жеке адам мен қоғамға бақыт сыйлайды.
Дін – отбасын, қоғам мен мемлекетті мықты негіздермен қамтамасыз етеді. Ол адамның рухани қажеттіліктерін қанағаттандырып, көркем мінездің қалыптастыратын да дін болып табылады.
Дін адам үшін қызмет етеді. Адам жаратылысындағы сенім сезімін күшейтеді. Діни сезім адамынң жаратылысында бар құбылыс. Адам нәсілі сенім сезімімен бірге бұл дүниеге келеді. Міндетті түрде бір нәрсеге сеніп, діни сезімін сөндіріп алмауға тырысады. Сол себептен діни сезім адамның рухани азығының бір бөлігі. Діни бұйрық пен тыйымдар, адал мен арамға байланысты үкімдер жеке адам мен қоғамның пайдасын көздейді.
Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы алғашқы кезеңдер ел экономикасын өркендетуге жұмсалса, бүгінгі таңдағы жұмыстар негізінен саяси құндылықтарды барынша дамытуға бағытталуда.
ҚР Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. Конституциялық негіздегі «зайырлы» ұғымы барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, діни көзқарастар мен мемлекеттік саясатты бір-бірімен араластырмайтынын білдіреді.
«Зайырлылық» сөзінің мәні мемлекеттің діннен, діннің мемлекеттен бейтараптылығын, ар-ождан бостандығын білдіреді. Зайырлылықтың сипаты: ізгілік пен қажеттілік. Өркениеттіміз деген барлық елдер зайырлылық дәстүрін таңдауда. Зайырлылық азаматтарды діни көзқарас еркіндігімен қамтамасыз етеді.
Зайырлы мемлекет дегеніміз – діннің мемлекеттен бөлінуі нәтижесінде пайда болған діни емес, азаматтық нормалар негізінде басқарылатын, мемлекеттік органдардың шешімдері діни көзқарастарға негізделмейтін мемлекет. Зайырлы мемлекеттің заңнамасы қандай да бір діннің нормаларына қаперіне алмастан толықтай немесе ішінара сәйкестік танытуы мүмкін. Десек те «зайырлы қоғам» қатаң діни ұстанымдар мен діни қарама-қайшылықтардан бойын жырақта ұстап, оларға тәуелді емес адамдардың өмір сүру формасы болып табылады.
2011 жылғы ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 3-бабының 1-тармағында да мемлекет дін және діни бірлестіктерден бөлінгені нақты көрсетілген. Зайырлы Қазақстан ресми түрде барлық діндерге мейлінше бейтарап көзбен қарайды: ол діншіл де емес, дінге қарсы да емес. Қазақстан Республикасындағы діндердің жағдайы авторитарлық, тоталитарлық және теократиялық басқару жүйесі бар мемлекеттердің түбірінен өзгеше. Конфессияаралық бейбітшілік пен келісім көп этностық, көп тілді және көп конфессиялық Қазақстан үшін күрделі мәселелердің бірі.
Діни сенім бостандығы туралы түсінік адамзат тарихында ежелден келе жатқан, бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтпаған мәселелер қатарында.
«Ар-ождан бостандығы» ұғымы «діни сенім бостандығы» түсінігінің дамуы барысында қалыптасты. ҚР Конституциясының 22-бабында «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар» деп анық бекітілген. Ар-ождан бостандығы ең алдымен жеке адамның кез келген идеологиялық бақылаудан азат екендігін білдіретін негізгі жеке құқықтарының бірі, әркімнің рухани құндылықтар жүйесін өз еркімен таңдай алу құқығы. Ар-ождан бостандығы адамның абсолюттік құқығы болып табылады.
Конституция елді зайырлы мемлекет ретінде орнықтырады және діни сенім бостандығын қамтамасыз етеді. ҚР Конституциясы әрбір адамның ар-ождан және діни сенім бостандығына кепілдік береді, сондай-ақ, конфессиялық, этникалық және басқа да белгілері бойынша кемсітушіліктің кез келген түріне тыйым салады.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің алғашқы онжылдығында сырттан келген діни теріс пиғылды топтардың алдын алу мақсатында және дін мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты белгілі жүйеге келтіру қажеттілігінен 2011 ж. 11 қазанында ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданды (алғашқысы ҚР «Діни сенім және діни ұйымдар бостандығы туралы» заң 1992 ж. 15 қаңтарында қабылданған болатын). Осы заңның 3-бабында «Қазақстан Республикасының, басқа мемлекеттердiң азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар жеке өзi, сондай-ақ басқалармен бiрге кез келген дiндi еркiн ұстануға немесе ешқайсысын ұстанбауға құқылы, дiнге деген, құдайға құлшылық жасауға, дiни жоралар мен рәсiмдерге, дiндi оқып-үйренуге қатысуға немесе қатыспауға көзқарасты айқындау кезiнде қандай да бiр күштеп мәжбүр етуге жол берiлмейдi» деп көрсетілген.
«Қазақстан Республикасының азаматтары дiнге көзқарасына қарамастан экономикалық, саяси, әлеуметтiк және мәдени өмiрдiң барлық салаларында заң алдында бiрдей жауапты. Азаматтардың дiнге көзқарасына қарай олардың құқықтарын тiкелей немесе жанамалап шектеу немесе қандай да бiр артықшылықтар белгiлеу, немесе соған байланысты өшпендiлiк пен жеккөрушiлiк туғызу, не азаматтардың сезiмдерiн жәбiрлеу, сондай-ақ қайсыбiр дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiкке әкелiп соғады.
Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда ешкiмнiң де өз діни сенiмдерiн себеп етiп азаматтық мiндеттерiн атқарудан бас тартуға қақысы жоқ. Дiни наным себебiмен атқарылуға тиiс бiр мiндеттi екiншiсiмен алмастыруға тек қана Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жол берiледi» деп көрсетілген.
Адамның ең басты құндылықтарының бірі саналатын дін оның наным-сенімі арқылы қоғам өміріндегі рухани саланы жүзеге асыратын механизмнің бір бөлшегі болғандықтан діни бірлестіктер қызметінің жүйеленуі мемлекет үшін өте тиімді. Қазақстанда сан тұрғысынан басымдылық танытқан ислам діні мен православие дінінің айтулы мейрамдары ресми мейрам болып тіркелген.
Қазақстанда тіркелген барлық діни бірлестіктердің негізгі мақсаты – діни сенімдері мен көзқарастары әр түрлі азаматтардың бейбіт қатар өмір сүруін қамтамасыз ету.
Азаматтардың діни сенім бостандығы – бұл демократиялық қоғамның іс-әрекет етуінің қажетті өмірлік шарты, адамның құқықтары мен бостандықтары жүйесінің негізгі элементтерінің бірі. Діни сенім бостандығы мәселесі көпконфессиялық мемлекет саналатын Қазақстан үшін әрдайым маңызды болып қала бермек.
Діни сенім бостандығы феноменінің маңыздылығы халықаралық тәжірибеде де танылған. 1948 жылы БҰҰ қабылдаған Жалпыға бірдей адам құқығы жөніндегі декларацияның 18-бабында «Әркімнің ойлау, ар-ождан және дін бостандығына құқығы бар» деп көрсетілген.
XVII ғ. өмір сүрген ағылшын ғалымы Дж. Локк: «Мемлекет еркіндікті қамтамасыз етуі керек, дін – әрбір азаматтың жеке ісі» деген ойын айтады. Ал XVIII ғ. ойшылы А. Коллинз «Еркін ойлау туралы пайым» атты еңбегінде «Әрбір адам дінмен байланысты сұрақтар жөнінде еркін ойлауы тиіс» деп пайымдайды. Бірақ ар-ождан бостандығы идеясының нағыз қолдаушылары XVIII ғ. француз ағартушылары: «Шын төзімділік және ой еркіндігі – діни фанатизмге қарсы ықпалды қару», деп жазады. Адамның негізгі құқықтары ретінде дінді таңдау немесе діннен бас тарту түсінігін қолдайды.
Қазақстанда дін саласына байланысты норматиивтік құжаттар аз емес. Ол нормативтік құжаттардың ең негізгі мақсаты – азаматтарымыздың құқықтары және ұлттық қауіпсіздік. Дін саласына қатысты барлық нормативтік құжаттар зайырлы қағидаттарға сүйене отырып шығарылған. «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңы және «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңы мемлекетіміздің біртұтастығы және сыртқы-ішкі факторлардан келетін қандай да бір қауіптердің алдын алу мақсатында шығарылған болатын.
Нормативтік құжаттар
1. «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 15 қаңтардағы №1128-ХІІ Заңы.
2. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы №483-ІV Заңы.
3. «Терроризм мен экстремизм көріністерінің алдын алу және тыю жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 10 ақпанындағы №332 Жарлығы.
4. «Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы туралы ережені бекіту жөнінде» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 маусымдағы №588 Жарлығы.
5. «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 қыркүйектегі №648 Жарлығы.
6. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 25 тамыздағы №898 Жарлығы.
7. «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 20 маусымдағы №500 Жарлығы.
8. «Қазақстан Республикасында діни сенім бостандығын қамтамасыз ету мен мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды жетілдіру жөніндегі 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламаны бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 5 желтоқсандағы №1185 Қаулысы.
9. «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 19 қыркүйектегі №580 Қаулысы.
10. «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 23 қазандағы №1141 Қаулысы.
11. «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 наурыздағы №124 Қаулысы.
Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының әрбiр адамның наным бостандығы құқығын құрметтейтiн демократиялық, зайырлы мемлекет екендігін, азаматтардың діни сеніміне қарамастан, тең құқылы болуына кепiлдiк беретін, Қазақстан халықтарының рухани мұрасымен үйлесетін дiндердiң мәдени және тарихи құндылығын және конфессияаралық келiсiмнiң маңыздылығын, дiни төзiмдiлiк пен азаматтардың дiни нанымдарын құрметтейтін, онымен қатар әрбір адамға ар-ождан бостандығына кепілдік бере отырып, кезкелген конфессияның ұстанушыларының заң алдында тең екендігін назардан тыс қалдырмайтын мемлекет екендігін әрдайым сөзге тиек ете жүруіміз қажет деп есептеймін.
Мәди Бесбаев,
Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық
университеті «Әлем тарихы және дінтану» кафедрасының аға оқытушысы