«ЕЛДІ ІС БІРІКТІРЕДІ...» Избранное

Пятница, 26 Апрель 2024 06:18 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 334 раз

Ойын алаңшаларын сырлады

Шымкентте «Таза Қазақстан» республикалық акциясының үшінші — «Жасыл аймақ» апталығы қарқынды жұмыстармен жалғасын тапты.
Қаратау ауданына қарасты «Тұран-1» шағынауданында өткен акцияға Жастар ресурстық орталығының жастары, Шымкент қалалық опера және балет театрының қызметкерлері, Қаратау аудандық коммуналдық мекемесі, тұрғындар, мектеп оқушылары атсалысып, жалпы 100- ге жуық адам көпқабатты үйлердің аулаларында тазалық жұмыстарын жүргізіп, көшеттер егіп, балалар ойын алаңшаларын сырлады.
Аудан әкімінің орынбасары Азамат Пармановтың айтуынша, бұл күні Қаратау аудандық коммуналдық мекемесінің жұмысшылары шөп орып, ағаш бұталарын қырқып, ретке келтірді. 20-ға жуық техника жұмылдырылған.

TalEgu

 

Тал екті, тазалады, айналаны көркейтті

«Жасыл аймақ» апталығы Абай ауданында жасыл желектерді баптау, шөп ору, тал егу сынды тазалық жұмыстарымен басталды. Экологиялық іс-шараға аудан аумағындағы тұрғындар, 70 кәсіпкерлік, 60 әлеуметтік нысан қатысты.
– «Бір тал кессең, он тал ек» демекші, қаламыздың көркеюіне біз де өз үлесімізді қоссақ деген ниетпен бүгін тал егіп жатырмыз. Бұл тазалық акциясы өзіміз өмір сүретін ортаны жай ғана жинап-тазалау емес, тұрғындарды өз қаласын таза ұстауға шақыру деп білемін. Сондықтан бәріміз де белсенділік танытуымыз қажет, – деді қалалық мәдениет үйінің дәстүрлі әншісі Сәбит Мұқанов.
Коммуналдық мекеме жұмысшылары Шымсити, Асар, Тұрлан шағынаудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын және Темірлан тас жолы, Барыс базары, әуежай аумағы мен Ақмешіт аумақтарындағы шөптерді орып, тазалық жұмыстарын жүргізді.
Жұмыс барысына 15 техника жұмылдырылып, 20 тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ, Шымсити шағынауданында орналасқан Конгресс хол аумағына мәдениет саласының қызметкерлері әкімдікпен бірлесе 100-ден аса көшет отырғызды.

100 түп қаратал көшетін екті

«Металлургтер» саябағында өткен акцияға «Тұран» коммуналдық мекемесімен қатар, Тұран ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері, Шымкент қаласының Цифрландыру басқармасы мен «Шаншар» театрының ұжымдары, еріктілер қатысып, саябаққа 100-ден аса қаратал көшеттерін екті.
– «Таза Қазақстан» науқандық жұмыс болып қалмай, әрі қарай жалғасады. Айналамыздың тазалығы мен көркіне бәріміз жауаптымыз. Осы уақытқа дейін аудан көлемінде 1000 түп көшет ектік. Ал, бүгін саябақтың ашық жерлеріне100 түп қаратал көшетін отырғыздық, – дейді Тұран ауданының әкімі Берік Әшірбеков.
Саябаққа, сондай-ақ, «Шаншар» театрының әртістері де келіп, қолдарына күрек алып, тал екті.
– «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген қазақпыз. Жұтатын ауамыздың тазалығы маңызды. Осы саябақтардағы талдарды да біздің әкелеріміз бен ағаларымыз еккен ғой, сол сияқты біз де парызымыз деп санап, осы науқанға атсалысуға келдік. Елімізді, қаламызды таза ұстау міндетіміз, – дейді әзілкештер.

«Бұл – еңбекке баулитын науқан»

Еңбекші ауданындағы «Алатау» саябағында өткен экологиялық акцияға аудан тұрғындары, әкімдік қызметкерлері және Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының ұжымы – барлығы 200-дей адам қатысып, 4 техника жұмылдырылды.

TalEgu-1


– Қаланың тазалығына үлесімізді қосайық деп келдік. Бұл тазалыққа шақыру ғана емес, ынтымақ-бірлікке, ұжымдық еңбекке баулитын науқан болып жатыр. Қала тұрғыны ретінде айналамызды таза ұстау баршамыздың міндетіміз, – дейді Шымкент әзіл-сықақ және сатира театрының актрисасы Әсел Ілияс.
Айта кетейік, бұрын қоқыс үйіліп жататын орыннан халыққа жайлы, көк желекті саябақ ашылғанына маңайдағы халық дән риза.

Спортшылар «жасыл аймақ» акциясына қатысты

Абай ауданында Әл-Фараби көшесі бойына 100 түп ағаш көшеті егілді.
Көгалдандыру шарасына 20 кәсіпкерлік, 15 әлеуметтік мекеме ұжымдарынан бөлек, ел намысын қорғап жүрген спортшылар – барлығы 200-ден астам адам қатысты.
Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Біржан Жақыпов Шымкентті таза, жасыл қалаға айналдыру үшін осындай экологиялық науқандарды жиі ұйымдастыру керек дейді.

«3-Энергоорталық» аумағы тазартылды

Еңбекші ауданында «3-Энергоорталық» АҚ аумағында санитарлық тазалау және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
– «Таза Қазақстан» акциясы Шымкент қаласында қарқынды түрде жүргізілуде. «Шымкент қаласы бойынша экология департаменті» РМК мен Еңбекші ауданы әкімдігі бірлесе отырып аудандағы қоқыс нүктелерін анықталған. Осы бойынша коммуналдық мекеме жұмысшылары қоқыс нүктелерін тазартты, – дейді Шымкент қаласы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Сабыр Дастанұлы.
Тазалық жұмыстарына «Интеко» ЖШС-нің 5 техникасы, 60 жұмысшысы қатысты. «Шымкент цирк» ұжымы да өз үлестерін қосты.


Гүлнұр БАЛАБАСОВА,
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА,
Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген: Серік ҚОСАЕВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.