ЖОЛДАУ – ҚАЗАҚСТАНДЫ ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ МОДЕЛЬГЕ КӨШУГЕ БАСТАЙТЫН ҚҰЖАТ Избранное

Пятница, 08 Сентябрь 2023 04:38 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 448 раз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауы елімізде іске асырылып жатқан реформалардың заңды жалғасы іспетті. Жолдаудың негізгі мазмұны ел экономикасын одан әрі дамытуға бағытталған.

284

 

Президент жаңа экономикалық жүйеге көшу кезеңінде алдымен еліміздің оған қандай мүмкіндіктері мен әлеуеті бар екенін, қандай тәжірибеге сүйеніп, экономиканың қай секторын дамыту арқылы қол жеткізуге болатынын нақты зерделеген. Тоғыз нақты бағыттар бойынша тапсырмалар берілді.
1. Өнеркәсіптік саясат.
2. Аграрлық сектор және азық-түлік базасы.
3. Инфрақұрылымды жаңғырту.
4. Көліктік-логистикалық әлеуетті іске асыру.
5. Цифрландыру, инновация және креативті индустрияны дамыту.
6. Орта кәсіпкерлік пен бәсекелестікті дамыту.
7. Макроэкономикалық саясатты қайта жүктеу.
8. Адами капиталды нығайту.
9. Тиімді мемлекеттік аппарат.
Қазақстан экономикасының жаңа парадигмасы өндірістің барлық негізгі факторлары – еңбек, капитал, ресурстар мен технологиялардың әлеуетін тиімді пайдалануға негізделмек.
Бұл бастамалар экономика салаларының жұмыс істеу механизмін толығымен өзгертетінін айрықша атаған жөн. Атап айтқанда, атқарушы билік, орталық және өңірлер жүйесіндегі өзара қарым-қатынастар логикасы қайта қаралды. Салықтық ынталандырудың, нормативтік және құқықтық реттеудің жаңа шаралары енгізіледі. Бұл ретте Жолдауда жалақыны арттыру, жұмыспен қамтуды, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім алудағы теңдікті және азаматтық құқықтарды іске асыру сияқты әлеуметтік сипаттағы бастамаларға да ерекше назар аударылды. Президент ұсынған жаңа экономикалық модель қаржы-экономикалық секторды реформалауды ғана емес, сонымен бірге адами капиталдың табиғи дамуын да қамтиды. Ұсынылған барлық жобалар егжей-тегжейлі есептеулер мен зерттеулерге негізделгенін түсіну маңызды. Бұл шаралар Президенттің мемлекет өмірінің барлық салаларында нақты реформаларды жүзеге асыруға бағытталған стратегиялық бағыт.
Президент өз сөзінің соңында бүкіл елдің алдында ұлттық байлықты әділ бөлуді қамтамасыз ету міндеті тұрғанын бекер айтпаған. Алдағы үш жылда (реформаларды іске асырудың белгіленген мерзімі) әрбір азамат дәйекті экономикалық даму нәтижелерін сезінуі тиіс.
Жалпы, Жолдауда жүзден астам түрлі идеялар мен ұсыныстар бар, олар бағыттардың барынша кең спектрін қамтиды және әлеуметтік-экономикалық реформалардың бірыңғай жүйелік кешенінен құрылады.

Шикізатты өз елімізде өңдеуге басымдық беріледі

Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық арнауында отандық экономиканың драйверлерінің бірі ретінде өңдеу өнеркәсібіне ерекше назар аударды.
Мемлекет басшысы атап өткендей, өнеркәсіптік негізді қалыптастыру кезінде өзіміздің шикізатты, кадрлар мен тауарларды, басқаша айтқанда, өзімізде не бар соны барынша пайдалану маңыздылығын айтты.
Айталық кейбір отандық өндірушілер өзімізде бола тұра шикізатты сырттан алады. Себебі өзімізде қымбатқа түседі немесе басқа да себептері бар. Ол үшін елімізде тиімді нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және Қазақстан аумағында өнеркәсіпті оқшаулау үшін қолайлы жағдайлар жасау қажет. Бұл тұрғыда қазіргі уақытта негізінен шетелде жүзеге асырылатын табиғи ресурстарды қайта өңдеуді ел аумағында іске асыру перспективалық шешім. Осылайша, Үкіметтің алдында ғылыми-техникалық базасымен шетелдік компанияларды табиғи қазбаларды қайта өңдеуді Қазақстан аумағына көшіруі үшін қолайлы жағдайлар жасау және ынталандыру міндеті тұр. Мұндай формуланың ел экономикасына тиімділігі орасан. Атап айтқанда, жергілікті халық тұрақты жоғары жалақы төленетін жұмыс орындарына ие болады, шетелдік инвесторлар шикізат логистикасына шығындарды қысқартады, мемлекет үшін салық түсімдерінің көлемі ұлғаяды, Мемлекет басшысы атап өткендей, олар әлеуметтік саясатқа (жайлы мектептер мен денсаулық сақтау объектілерін салуға) бағытталады. Сонымен бірге, мұнда өңдеу өнеркәсібі үшін шикізаттың жеткілікті көлемін қамтамасыз етуге назар аудару өте маңызды. Өйткені кәсіпорынның тұрақты жұмысы үшін шикізатты үздіксіз жеткізу қажет. Бұл мәселеде тиімді баға белгілеу маңызды. Өйткені теңгерімсіздік немесе басқа кәсіпорындарға зиян келтіретіндей, кейбіреулер үшін негізсіз жеңілдікті шарттар болмауы керек. Мемлекет басшысы ықтимал шығындарды түсініп, Үкімет жұмысының осы бағытын ерекше атап өтті.

Офтейк келісімдері отандық өндірушілердің әлеуетін арттырады

Мемлекет басшысы реттелетін сатып алулардағы офтейк-келісімшарттардың үлесін 10%-ға дейін жеткізуді тапсырды. Бұл отандық бизнеске қандай пайда әкелетініне тоқталсақ. Өндірісі дамыған елдердің бәрінде де офтейкерлер экономикада белсенді қызмет атқарады. Офтейк келісім шартынсыз бизнестің ұзақ мерзімді және тиімді дамуын елестету қиын болатын маңызды жағдайлардың бірі – бұл ұзақ мерзімді қаржыландыру жоспары. Офтейк келісімдері белгілі бір жоба шеңберінде өндірілуі тиіс өнімдерді сатып алумен ерекшеленеді. Бұл жобаны, яғни енді өндірілетін өнімді алдын ала қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Осылайша, мемлекет отандық бизнесті жеңілдетілген шарттармен несиелеу тетіктерін қолданбай, қаржыны тікелей құймай, нарықтық тетіктер арқылы қаржыландырады. Бұл жағдайда отандық өндіруші тауарды өндіру үшін капиталды алдын ала алады. Мәселен, ұлттық әл-ауқат қоры түріндегі тапсырыс беруші қажетті тауарды сатып алады. Соңғы 5 жылда «Самұрық-Қазына» 107,5 млрд теңгеге осындай 389 келісімшарт жасасқан екен. Бұл жалпы сатып алу көлемінен 21 трлн теңгеге айтарлықтай аз екенін көрсетеді. Сондықтан бұл жүйені ұлғайту отандық бизнеске үлкен көмек болары анық. Мемлекет басшысы сонымен бірге 3 жыл ішінде реттелетін сатып алулардағы қазақстандық қамту үлесін 60%-ға дейін жеткізу міндетін қойды. Бұл мемлекеттің өңдеуші өнеркәсіпте жұмыс істейтін отандық бизнес үшін елеулі қолдау көрсету деген сөз. Халықаралық тәжірибеде мұндай көрсеткіштерге қол жеткізудің түрлі әдістері бар. Мәселен, жеңілдікті шарттар бойынша кредит беру, салықтық преференциялар беру және т.б. Қазақстанда бұл тетіктер қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрғанымен, оны ары қарай дамыту .шін мемлекет отандық бизнес үшін көрсетілетін қолдау көлемін кеңейтуге ниетті.

Жаңартылған энергетика сыртқа тәуелділіктен арылтады

Мемлекет басшысы Жолдауда инфрақұрылымның тозуын ескере отырып, елдің энергетикалық қауіпсіздігіне ерекше назар аударды. Бұл мәселе ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды мәселелердің бірі болып табылады.
Энергетикалық қауіпсіздік мәселесі, сарапшылардың пікірінше, қазірдің өзінде күн тәртібінде тұр. Көрші елдерге тәуелді болмас үшін өзіміздің энергетикалық ресурстарымызды пайдалану қажет. Осыған байланысты алдағы бес жылда көлемі кемінде 14 гигаватт болатын жаңа энергетикалық қуаттар енгізілетін болады. 2023 жылы Екібастұз ГРЭС-1 бірінші блогын қайта жаңарту аяқталып, станцияда барлық 8 блок жұмыс істейтін болады. ГРЭС-2 кеңейту жобасы іске асырылуда, ГРЭС-3 құрылысы бойынша жоба бастау жоспары тұр. Осы жұмыс шеңберінде жаңартылған энергия көздерінің дамуына байланысты энергетика саласын басқару бойынша тәсілдерді жетілдіру жоспарлануда. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, жаһандық күрделі салымдардың шамамен үштен бірі қазірдің өзінде жаңартылатын энергетика жобаларына тиесілі. Бұл мәселеде табиғатты қосымша электр энергиясын өндіру үшін пайдалануға мүмкіндік беретін гидроэлектростанцияларды салу мен жаңғыртуға ерекше рөл берілген. «Астана» Халықаралық қаржы орталығының базасында да «жасыл» қаржыландыруды тарту үшін алаң құрылады.
Экономикалық ынтымақтастық даму ұйымы стандарттарын ескере отырып, экономиканың барлық секторларының қолданыстағы энергия тиімділігі саясатын, оның ішінде ресурс үнемдеу жөніндегі нормативтік талаптарды енгізу жолымен қайта қарау жүзеге асырылатын болады. Осыған байланысты нормативтен тыс тұтыну кезінде жоғары тариф белгілей отырып, жаңа тарифтік саясатты әзірлеу басталды. Мәселен, 2029 жылға қарай өнеркәсіпте энергия сыйымдылығын 15%-ға, энергетика секторында 10%-ға төмендету, бір аудан бірлігіне энергия тұтынуды 15%-ға, жан басына шаққандағы энергияны тұтынуды 10%-ға қысқарту жоспарлануда.

Судың да сұрауы бар

Бұл шара әсіресе су ресурстарына қатысты, оның тапшылығы биылғы жылы елдің оңтүстік өңірлеріндегі фермерлер үшін шығындарды тудырды. Су ресурстарын жылына қазіргі 40 мыңнан 150 мың гектарға дейін сақтауды ұлғайтуға мүмкіндік беретін озық су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарлануда. Мұндай тәсіл Қазақстанға өз байлықтарын тікелей мақсаты бойынша пайдалана отырып, одан әрі ұқыпты қарауға мүмкіндік береді. Электр, жылу және су – жайлы өмір сүру үшін ең қажетті негізгі тауарлар. Оларды үнемдеу Қазақстандағы негізгі жаңа тұрмыстық мәдениетке айналады.
Бұл ретте барлық табиғи монополиялар субъектілері үшін 5-7 жыл мерзімге барабар нарықтық тарифтер енгізілетін болады. Кепілдендірілген ұзақ мерзімді тариф инвестицияларды жоспарлауға мүмкіндік береді және несие қаражатын тарту кезінде «берік» кепіл болады. Осыған сүйене отырып, монополистердің жауапкершілігі едәуір артады. Цифрлық бақылау құралдары енгізіледі, азаматтардың тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламаларды орындау жөніндегі ақпаратқа қолжетімділігі кеңейтіледі.

Жайлы инфрақұрылым бизнестің дамуына серпін береді

Қазіргі уақытта объективті себептер бойынша жүк тасымалдаудың солтүстік бағыты жабылды, бұл елдің көлік-логистикалық әлеуетін құрлық инфрақұрылымы арқылы жүк тасымалдарын ұлғайту үшін пайдалануға мүмкіндік береді. Осы мақсатта «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» сияқты бірқатар ірі теміржол жобалары іске асырылуда. Сонымен қатар, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінің теміржол желісінің өткізу қабілеттілігі екі есеге артады деп күтілуде, ол жылына 13 млн тоннадан 30 млн тоннаға дейін артуы мүмкін. Көлік-логистикалық әлеуетті пайдаланудың тағы бір тиімділігі – экономиканы әртараптандыру. Қазақстан кең ауыл шаруашылығы және минералдық ресурстарға ие, бұл өнеркәсіптің жаңа салаларын тарта алады және тауарларды тасымалдау үшін инфрақұрылымды дамыту жолымен кәсіпкерлікті ынталандырады. Дұрыс құрылған логистика жүйесінің бонустары, әсіресе жұмыспен қамту мүмкіндігі шектеулі ауылдық жерлерде жұмыс орындарын құру, бизнесті жүргізуге жұмсалатын шығындарды азайту, шетелдік инвестицияларды ұлғайту және экспортты ынталандыру болады.

Креативті индустрия орталықтары құрылады

Қазір креативті индустрия орталықтары Астана, Алматы және Шымкент қалаларында шоғырланған. Осы орайда, Мемлекет басшысы өңірлер үшін де тиісті жағдайлар жасау қажеттігін атап өтті. Бұл өте орынды бастама деп білемін. Жаңа инфрақұрылымды құру шеңберінде әрбір облыс орталығы мен ірі қалада креативті индустрия орталықтарын құру жоспарлануда. Бұл орталықтың басты мақсаты – қатысушыларға коммерцияландыруға, яғни, өз өнімін нарыққа шығаруға көмектесу, ал өнім авторлары көбінесе өз ұсыныстарын жүзеге асыруда қиындықтарға тап болатыны рас.
Осы тұрғыда кез келген азаматтың ақыл-ой еңбегін мемлекет заңмен қорғауы тиіс. Зияткерлік меншік құқығын қорғауды жетілдіру арқылы авторларды жаңа өнімдер, әдеби немесе ғылыми шығармалар жасауға ынталандырамыз. Бұл тәжірибе әлемнің барлық дамыған елдерінде бар.
Креативті индустрия зияткерлік еңбек формаларының кең спектрін қамтиды: медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру, ақпараттық технологиялар саласы. Бұл ХХІ ғасырдағы өсу нүктесі, бірақ креативті индустрияның ЖІӨ-ге қосқан үлесі 1%-ға жетпейді және оның жұмыспен қамту құрылымындағы үлесі де өте төмен. Сонымен қатар, әлемде креативті экономика тек нығайып келеді: БҰҰ 2021 жылды Халықаралық креативті экономика жылы деп жариялады, 2022 жылы әлемдегі креативті индустриялар нарығының көлемі шамамен 104,2 млрд долларды құрады, ал капиталдандыру екі трлн доллардан асты. Бұл ретте жыл сайын сектор айналымы 15%-ға өседі. Қазақстанға бұл бағытта артта қалуға болмайды. Сондықтан Президент өсудің барлық қажетті жағдайларын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл ретте Астана мен Алматы ғана емес, барлық өңірлер де дамитын болады: бұл үшін Президент Astana Hub сияқты, облыстық инфрақұрылым орталықтарындағы нақты сектормен тығыз үйлестіре отырып, өңірлік жоғары оқу орындарының базасында біртұтас инновациялық экожүйе құруды тапсырды. Онда креативті бизнестің жаңа өкілдері өз ісін одан әрі дамытуға мүмкіндік алады.

Айгүл ҚАПБАРОВА,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.