Ұлт ұстазының рухына құрмет Избранное

Среда, 07 Сентябрь 2022 04:18 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1073 раз

Шымкентте Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұлт ұстазының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Оған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов, зиялы қауым өкілдері мен ұстаздар қатысты.

73

 

–Тарихымызбен терең танысып, өткен ғасырдағы ақтаңдақтар аршылған сайын, Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы мен өнегелі өмірі ұлтқа қызмет етудің айрықша үлгісіне айналды. Қазақ даласына терең біліммен қатар, саяси еркіндік қажет екенін түсінген ұлт ұстазы мемлекетшіл қайраткерге, дербестік жолындағы күрескерге айналды. Алаш ардақтылары ұмтылған, бірақ көре алмай кеткен тәуелсіздікті көру, іргесін нығайту осы тұрған буынның маңдайына жазылған екен. Егемендігіміз баянды, елім деген ерлеріміздің еңсесі биік болсын! Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы құтты әрі өнегелі болсын!, - деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Оның айтуынша, ұлт ұстазының қайраткерлігі мен ұлтжандылығы бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Алыстаған сайын биіктей түсетін тау тұлғалы Ахмет Байтұрсынұлының тарихта қалдырған ізі ғана емес, маңызды мұрасының болашақтағы әсерін әлі талай сезінетін боламыз.
Жалпы, Ахмет
Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуы – еліміздің рухани өмірінде айрықша маңызға ие атаулы оқиға. Өйткені, Қазақ халқының тарихы азаттық, теңдік, Тәуелсіздік үшін күреспен өрілгені баршаға аян. Сол ұлт-азаттық күрестің шарықтау шегі – ХХ ғасырдың басымен тұспа-тұс келді. Ол кезде халқымыз патша өкіметінің бодандық езгісіне түскен еді. Шұрайлы жерінен айырылып, ғылым-білім, мәдениет пен өнерден жырақ қараңғылықта қалған болатын.
Өз атамекенінде отырып осындай қорлық көрген халқына пана болуды ойлаған Ахмет Байтұрсынұлы бір жағынан ғылыми-шығармашылық, ағартушылық қызметпен айналысса, екінші жағынан саяси күрестің де бел ортасынан табылды.
Ахмет Байтұрсын
ұлы – қазақтың төл әліпбиінің авторы. Ұлт ұстазы төте жазу бойынша қазақ тіл білімінің негізіне айналған, ана тілімізді грамматикалық талдаған «Оқу құралы», «Тіл құралы», «Тіл жұмсар», «Әдебиет танытқыш» секілді еңбектерді жазып шыққан. Бұл еңбектерде әлі күнге дейін қолданылып келе жатқан аса құнды тілдік ережелер мен ғылыми терминдер жасалған болатын. Сонымен қатар оның «Қырық мысал», «Маса» секілді көркем шығармалары қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орны бар туындылар. Олар әдебиетке елдік мұрат, азаттық идеясын әкелуімен құнды.
Ахмет Байтұрсынұлының Қарқаралы петициясы авторларының бірі ретінде басталған саяси күрес жолы оның Орынборға жер аударылуына себеп болды. Бұл қалада ол Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатовпен бірге алғашқы жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарды. Бұл газет қазақ халқын оқу-білім, ғылым мен мәдениетке баулумен шектелмей, елдің рухын сергітіп, санасына Тәуелсіздік, азаттық идеясын біртіндеп сіңіріп отырды.
Ахаң бірінші қазақ съезін ұйымдастырған және «Алаш» партиясы бағдарламасын жазған шағын топтың құрамында болды. Алашорда үкіметімен бірге қазақ ұлттық автономиялы мемлекетін құруға күш салды.
Байтұрсынұлының ықпалымен Алаш қайраткерлеріне кешірім жарияланғаны, оның саяси наразылығының негізінде Қостанай уезінің Қазақстанның құрамына қайта өткені – оның саяси қайраткерлігінің ауқымын көрсетіп тұрғандай.
Туған халқының бостандығы үшін күрескен Ахмет Байтұрсынұлы патша өкіметі заманында да, кеңестік-тоталитарлық билік тұсында да қуғын-сүргінге көп ұшырады. Өмірінде төрт рет жазықсыз абақтыға жабылды. Бірнеше рет жер аударылып, жат топырақта адам төзгісіз ауыр бейнетке салынды. Ақырында жасы 60-тан асқан шағында денсаулығынан айырылды. Сталиндік қызыл террор жылдарында ұлт зиялыларының барлығы репрессияға ұшыраған кезеңде Ахаң да ату жазасына кесілді.
Өмір бойы қудалау мен азап көрсе де Ахмет Байтұрсынұлының сағы сынып, еңсесі түскен жоқ. Оның туған халқына деген кіршіксіз махаббаты оның бойына жігер беріп тұрғандай. Ол өз ұлтының жарқын болашағы үшін, Қазақ елінің, Сіз бен біздің бүгінгі азат, еркін бақытты әрі бейбіт өміріміз үшін күресті. Және қазақ халқының Тәуелсіздік жолындағы күресі түбі жеңіспен аяқталарына шүбәсіз сенді.
Бүгінде еліміздің ең басты, қасиетті құндылығы – Тәуелсіздік десек, сол Тәуелсіздіктің Алаш көсемдері Әлихан,
Міржақып пен Ахметтің бізге, бүгінгі ұрпаққа қалдырған аманаты!
Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлының рухына тағзым етіп, құрмет көрсету және оның артында қалдырған рухани мұрасын көздің қарашығындай сақтап, жас ұрпаққа өнеге ету баршамыздың азаматтық борышымыз.
Айта кетейік, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіру үшін өткен жылы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаштың жеті арысына арналған ескерткіш-кешені Шымкент қаласының орталық саябағына орнатылған.
Ұлт ұстазының рухани мұрасын дәріптеуге арналған шарада жастар Ахметтің жалынды жырларын оқып, жиналған көпшілік ғалымның өнегелі өмірі жайлы тағлымды әңгімелер айтты.