ЖЕДЕЛСАТЫҢЫЗ ІСТЕН ШЫҚСА... Избранное

Пятница, 24 Декабрь 2021 04:40 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 988 раз

Шымкенттегі 537 лифтінің 53-і ескірген. 1990 жылға дейін құрастырылған олардың жұмыс істеу уақыты мерзімінен асып кеткендіктен, 49-ы жөндеуді қажет етеді. Ал төртеуі апатты жағдайда. Тұрғындарда сол жеделсатыларды жөндеуге не ауыстыруға қомақты қаржы жоқ, сондықтан, бұл мәселеде мемлекеттің көмегі қажет-ақ.

828

 

Күнделікті тынбай жұмыс істейтіндіктен, жүк таситын жеделсатылар да, жолаушылар таситыны да тез тозады. Кейде жөндеуге келмей, толық ауыстыру қажет болып жатады. Ал бұл жұмыс қыруар қаржыны қажет етеді. Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Әбдінұровтың мәліметінше, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, лифтілер тұрғындардың ұжымдық меншігіне жатады, сондықтан, өздері жөндеуі тиіс.
– Лифтілердің жобалық қызмет ету мерзімі 25 жылды құрайды. Ал оған қызмет көрсету және жөндеуге қаржы бөлініп тұрса, одан да ұзақ мерзімге қызмет етуі мүмкін. Ал лифт жөндеуге келмей, ауыстыруды қажет етсе, оған да өздері қаржы жинауы керек. Тұрғын үй-коммуналды шаруашылықты дамыту бойынша 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес, пәтер иелері мен мамандандырылған уәкілетті ұйымдар көп қабатты үйлерді және лифт құрылғыларын да жөндеу немесе ауыстыруға келісімшарт түзе алады. Бұл жағдайда тұрғындарға қайтарымды негізде қаржы бөлінеді. Қарапайым сөзбен айтқанда, лифтіні ауыстыру тұрғын үй-коммуналды шаруашылықты жаңарту бағдарламасына кіреді. Оның аясында тұрғындардың өтінімі бойынша мемлекет тарапынан пайызсыз несие беріліп, осы қаржыға жаңа лифт сатып алып, орнатылады. Ал ол қаржыны тұрғындар белгілі бір мерзімде қайтарады, – дейді Мәлік Әбдінұров.
Мамандардың айтуынша, көп қабатты үйлердегі лифтілерді жөндеу немесе ауыстыру жұмыстары қала әкімі Мұрат Әйтенов бекіткен жол картасы аясында жүзеге асырылуда. Биыл тұрғындардың өтінімдері негізінде 11 лифтіні ауыстыру жоспарланған, оларға қайтарымды негізде қаржы бөлінеді.
– Лифтілерін ауыстыруға ниет білдірген тұрғындар аудандық әкімдіктерге өтінім жасай алады. Сондағы мамандар толық кеңес береді. Бір өкініштісі, соңғы кездері жалпыға ортақ мүлікті әдейі бүлдіру оқиғасы жиілеп кетті. Оның ішінде лифтіге жаудай тиетіндер де бар. Вандализмнің кесірінен жеделсатылардың сыртқы көрінісі ғана құртылмайды, кейде құрылғы істен шығып жатады. Ал бұл әрекетке заңды жаза қарастырылғанын ұмытпау керек. Қазақстанда вандализмге шара көру 14 жастан бастап қарастырылған. Егер ортақ мүлікті бүлдірген баланың жасы 14-ке толмаса, ол үшін ата-анасы жауап береді, – дейді Мәлік Әбдінұров.
Айта кетейік, Тәуке хан даңғылы бойындағы үйлерде 6 лифті болса, соның үшеуі істен шыққан. Ғани Іляев көшесіндегі №37 үйдегі жеделсатының датозығы жеткен. Тағы біреуі әзірге істеп тұр. Мамандардың қызмет көрсетуі нәтижесінде 1990 жылға дейін құрастырылған 26 лифтінің қызмет көрсету мерзімі 2023 жылға дейін ұзартылды.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.