– Ең бастысы, қала аумағын мобильді интернет желісімен және сапалы байланыспен қамту үлесін – 95 пайызға, ал шалғай елді мекендерді сапалы интернет желісімен қамтамасыз ету мақсатында оптикалық желі тартып, қамту үлесін 85 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Оған қоса қаладағы қоғамдық орындарды 100 пайыз wi-fi желісімен қамту, қала тұрғындарының цифрлық сауаттылық деңгейін одан әрі арттыру, бейнебақылау камералардың санын көбейту, IT саласына 1,5 млрд теңге инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар басты мақсат болып отыр, – деді Мақсат Маратұлы.
Жауапты маманның айтуынша, 2022 жылы мобильді операторлармен бірге қаладан шалғай орналасқан 14 шағынауданға антенна-мачталық құрылғы мен базалық станция орнатылып, 71 мыңға жуық қала тұрғыны сапалы интернетпен қамтылған. Олар – Асар, Мартөбе, Бадам, Ақниет, Тұран, Азат, Ынтымақ-2, Игілік, Шапағат, Достық (мамандандырылған ХҚО), Ақжар, Достық, Ақтас және Ақжайық шағынаудандары.
Ал биыл интернет сапасы төмен 29 елді мекенге базалық станция орнату жоспарлануда. Олар – Береке, Забадам, Оңтүстік шағынаудандары, Қарабастау, Сайрам, Таскен, Тассай, Нұртас, Қатпас-1, Тұран, Тұран-2, Шымсити, Бозарық, Абдулабад, Тоғыс, Маятас, Самал-3, Сайрам елді мекендері, Құрсай (агроферма), Асар-2, Достық (саяжай аумағы), Ынтымақ-2, Нұршуақ, Қызылжар, Жаңаталап, Тәуелсіздікке – 20 жыл, Сәуле және Қайнарбұлақ (саяжай және жаңақұрылыс аумағы) тұрғын алаптары. Тиісті жұмыстар жыл соңына дейін атқарылып, 200 000-ға жуық қала тұрғыны жоғарғы жылдамдықты интернет желісіне қосылуға мүмкіндік алады.
Оған қоса қала орталығына 5G технологиясын қамтитын 10 базалық станция орнатылмақ. Қазіргі таңда орындар бекітілуде.