1 қаңтардан бастап құжаттарды рәсімдеудің мемлекеттік баж көлемі өзгерген. Әзірге төлқұжат пен жеке куәлікті алу қызметі онлайн режимде қолжетімді емес, ол үшін міндетті түрде ХҚКО-ға жүгіну қажет. Десе де, қызмет эксаумақтылық қағидаты бойынша көрсетіледі, яғни, өзіңіздің тіркелген мекенжайыңызға қарамастан кез келген ХҚО-ға бара аласыз.
– Мысалы, сіздің төлқұжатыңыздың мерзімі аяқталса, оны мерзімі аяқталғанға дейін 1-2 ай бұрын ауыстыра аласыз. Төлқұжаттың мерзімі аяқталғаннан кейін жаңа төлқұжат алу үшін өтініш білдірсеңіз, 1 ай мерзімге дейін кешіккеніңіз үшін айыппұл қарастырылмайды. Ал егер мерзімі аяқталған жеке куәлік бір ай ішінде жаңартылмаса, айыппұл төлеу керек болады, – деді корпорацияның Шымкент қалалық филиалының баспасөз хатшысы
Алтынай Татаева.
Айта кетейік, төлқұжат алу үшін мемлекеттік баж – 8 АЕК (2023 жылдың 1 қаңтарында белгіленген АЕК) немесе 27 600 теңге, ал жеке куәлікке мемлекеттік баж 0,2 АЕК немесе 690 теңге болады. Қызмет көрсетудің стандартты мерзімі – 15 жұмыс күні. Қосымша төлем жасау арқылы бұл процесті жеделдетуге болады, үш күн және бір жұмыс күніне дейін қысқартылады.
Анықтама: 2022 жылы шымкенттіктер 50 мың жеке куәлік пен төлқұжат рәсімдеді.