ТУРИЗМДІ ДАМЫТУДАҒЫ БАСТЫ МӘСЕЛЕ – САПАЛЫ КАДР ДАЯРЛАУ Избранное

Среда, 29 Сентябрь 2021 05:57 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 352 раз

Бүгінде туризм әлемдік экономикадағы айрықша маңызға ие саланың біріне айналды. Ол көптеген елдердің экономикасының негізін құрайды. Инвестициялық тартымдылығы және тиімділігі бойынша туризм мұнай-газ және машина жасау салаларымен қатар тұратын деңгейге жетті. Сондықтан туризмнің дамуы экономикадағы көлік, байланыс, сауда, қызмет көрсету секілді көптеген секторлардың дамуына оң ықпал етеді. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен салық базасын кеңейтуге мүмкіндік береді.

860

 Шымкент секілді көптеген мегаполистердің экономикасы туризмнен түсетін табысқа сүйеніп отыр. Тиімді туристік бағыт ретінде танылған кез-келген ірі қала бүгінде табысты дамып, өркендеп келеді. Сондықтан Шымкенттің туристік әлеуетін шынайы бағалап, саяхатшыларға сервистік қызмет көрсетудің және инфрақұрылымының жай-күйін объективті талдау өте маңызды міндет. Осыған орай «Shymkent 2200: туристік креативті қала бейнесі» атты форум-көрме ұйымдастырылды. Оған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысып,  тұрғындарды 27 қыркүйек – Дүниежүзілік туризм күні мерекесімен құттықтады. 

–Мемлекет басшысы туризм индустриясы экономикалық өсімнің маңызды драйвері болуы тиіс екендігін айтты. Әлемдегі көптеген қалалардың экономикасы туризм табысынан құралады. Осы мүмкіндік Шымкент қаласының даму бағдары болуы керек. Бүгінгі форум-көрмеде қаламызда туризм индустриясын дамыту мүмкіндіктері қарастырылады. Қала аумағында ежелгі Сайрам тұрғын алабында сопылық ілімнің негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауидің туған жері, сондай-ақ, оның ата-анасы «Ибрагим ата», «Қарашаш ана» кесенелері орналасқан. Сондықтан оңтүстік өңірінің тарихи-сакралды туризміне саяхат Шымкент қаласынан бастау алады,- деді қала әкімі М.Әйтенов.
Іс-шарада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Шымкент филиалының директоры Нұрлан Қабыштаев, креативті индустрияны дамыту жөніндегі жобалық кеңсенің жетекшісі Данат Жумин және басқалар баяндама жасап, Шымкентте туризм саласын дамытуға қатысты мәселелерді талқыға салды.
Н.Қабыштаев Шымкент қаласында туризмді дамыту бағдарламасын әзірлеу өзекті мәселе екеніне тоқталып, онда бірқатар міндеттерді шешу қажеттігін атап өтті. Біріншіден, бағдарлама Шымкент қаласының туристік ресурстарын ашуы және олардың тиімділігіне баға беруі тиіс. Екіншіден, ол ең табысты экскурсиялардың сипаттамасын ұсынуы қажет. Үшіншіден, қазіргі кезеңде Шымкент қаласының туристік әлеуетін дамыту перспективаларын анықтауы шарт.

868


Нұрлан Орынбасарұлының айтуынша, маусым айындағы мәлімет бойынша Шымкентте туристерді қабылдайтын 125 бизнес нысан тіркелген. Оның ішінде бес жұлдызды 2 қонақ үй бар. Сондай-ақ, қалада 1 904 қоғамдық тамақтану орны тіркелген. Оның ішінде 185 бар, 313 кофехананың болуы саяхатшылар үшін өте қолайлы.
—Биыл бірінші жартыжылдықта Шымкент қаласына 158 224 турист келген. Оның ішінде 152 801 резидент, ал, 5 423 резидент емес саяхатшылар. Шымкентке келетін туристердің басым көпшілігі Ресей, Өзбекстан, Түркия және Қырғызстанның азаматтары. Сол себепті қалада туристік өнімдерді әзірлеу кезінде, ең алдымен, осы туристік топтардың мүдделерін ескеру қажет, – деді Н.Қабыштаев.
Ашығын айтқанда, 158 мың турист дегеніңіз мақтанардай көрсеткіш емес. Егер қаланың туристік әлеуетін дұрыс пайдалана білсек, қалаға келетін саяхатшылар саны еселеп артуы мүмкін.
Кәсіпкерлер палатасы директорының айтуынша, туризмнің дамуына ерекше ықпал ететін фактордың бірі – қонақжайлық. Сондықтан бүгінде туризм және қонақжайлылық саласында білікті мамандарды даярлау өзекті мәселе болып отыр. Бүгінде Шымкентте жұмыс істеп тұрған 11 мемлекеттік колледждің тек біреуінде ғана туризм саласына қатысты мамандар даярланады екен. Ол – Индустрия және тамақтандыру сервисі колледжі. Мұнда өткен оқу жылында даяшы, аспазшы, кондитер, гид-экскурсовод мамандықтары бойынша 379 түлек оқу бітірген. Ал, қалада толыққанды туризм индустриясын қалыптастыру үшін портьер мен даяшыдан бастап, қо-нақүйдің басшысы мен менеджеріне дейін өз қаламызда даярлануы тиіс. Әрі бұл мәселе клиенттерге қызмет көрсетудің сапасына тікелей әсер ететін болғандықтан болашақ мамандардың барлығы бірыңғай жүйе, бірегей стандарт бойынша оқытылу керек.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың креативті секторын дамытуға айрықша назар аудару туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай, Шымкент қаласында бұл сектордың дамуын үйлестіру функциясы қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасына жүктелді. Бұл – орынды шешім. Өйткені, креативті индустрияның ішіндегі ең маңызды әрі елеулі сектор туризм екені талассыз.
Жалпы, креативті индустрия деген ұғымның аясы өте кең. Ол шоу-бизнес, кино, эстрада, анимация, көркемсурет, қолөнер, ІТ-жобалар, креативті архитектура мен туризм және өзге де көптеген бағыттарды қамтиды. Еліміздің Ұлттық экономика министрлігінің жанындағы экономикалық зерттеулер институтының мәліметіне сүйенсек, бүгінде Қазақстанда экономиканың креативті секторының жалпыұлттық ішкі өнімдегі үлесі 2-3 пайызды құрайды. Егер ауыл шаруашылығы сияқты ауқымды саланың ЖІӨ-дегі үлесі 5 пайыздың төңірегінде екенін ескерсек, бұл өте жақсы көрсеткіш. Әрі Шымкент республикадағы креативті индустрияны дамыту әлеуеті жоғары негізгі үш қаланың біреуі.
Шымкент қаласында 100-ге жуық тойхана, 95 продюсерлік орталық, 50 залды безендіру қызметі, 70 үйлену салоны, жалпы, креативті индустрияға жататын 500-ден астам ұйым бар. Яғни, Шымкентте бұл салада 13 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Мемлекет экономиканың креативті секторын дамытуға жан-жақты қолдау көрсетсе, бұл саланың көрсеткіштері едәуір жақсаруы мүмкін.
Айта кетейік, форум нәтижесінде Шымкент қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы Нұр-Сұлтан қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасымен, Қызылорда облысы кәсіпкерлік және туризм басқармасымен және М.Әуезов атындағы ОҚУ-імен ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды. Сонымен қатар «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы мен «Тараз туризм», «OCA TRAVEL» туристік агенттігі арасында екі жақты келісімге қол қойылып, жеңімпаздар марапатталды.
Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен қолға алынған «Shymkent 2200: Туристік креативті қала бейнесі» конкурсына 6 сала бойынша 70-тен аса өтінім түскен. Олар медиа, IT-жоба, креативті архитектура, туризм саласындағы креативті қызметтер, қаланың қолөнер бренді және гастрономия секілді бағыттарды қамтыған. Өтінімдердің басым бөлігі IT-жоба мен креативті сәулет салаларының үлесінде. Әр жобада Шымкент қаласын креативті қалаға айналдыру мақсатында шаһарда бұрын-соңды болмаған дүниелер ұсынылған.
Конкурс қатысушылары форум-көрмеде марапатталды. Атап айтқанда, «Шымкент қаласының жаңа қолөнер орталығы мен бұйымдары» жобасын ұсынған Болатбек Бейсбеков «Қаланың үздік қолөнер бренді» номинациясын алса, «Virtual tour Shymkent» жобасымен Ерназар Байділбаев «IT» бағытындағы үздік жоба номинациясын иемденді. Ал, Насиба Махмұтова «Shymkent city Complex» жобасымен «Креативті архитектура» бағытындағы үздік жоба номинациясын жеңіп алды.
«Үздік гастрономия» бағытындағы номинацияны Дәулет Ниязбек «Фуд-корт темір жолы» жобасымен жеңіп алса, «Туризм саласындағы креативті қызметтер» номинациясы Жасұлан Сембайға берілді. Ал, «Қоғамдық хромокей» жобасын ұсынған Лаура Сарман «Медиа» бағытындағы үздік жоба номинациясына ие болды.
Мұнан өзге «Next Art Shymkent Virtual Museum App» жобасы – жыл жаңалығы, «Пиццаны дронмен жекізу» жобасы – үздік бизнес жоба, «Ұлттық қызғалдақ кейпіндегі сувенирлер» жобасы – үздік ұлттық жоба, «Шымкент қаласындағы жаңа Этнопарк» жобасы – үздік ғылыми жоба, «Жаңа форматтағы сенсорлы LED-экрандар орналастыру» жобасы – үздік инновациялық жоба атанды. Барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен сертификаттар тапсырылды.