Бірлігі бекем ел озады Избранное

Среда, 29 Сентябрь 2021 05:54 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1391 раз

Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов пен ҚР этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Іс-сапар барысында қаладағы этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен және ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдардың жетекшілерімен кездесті.

864

 

Жиын Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясында берілген тапсырмалар мен міндеттерді жүзеге асыру жайын талқылау тақырыбына арналды. Басқосуды алғашқы кіріспе сөзбен ашқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан ассамблеяның еліміздің саяси өмірінде алар айрықша орны жөнінде баяндап берді.
—Түрлі этнос өкілдері қоныстанған үшінші мегаполисте халық бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Мақсат та, арман да бір болғандықтан барша тұрғын бір ұлт болып ұйысып, ел бірлігі жолында жұмыла еңбек етуде. Қалада түрлі этнос өкілдері әрқилы салада қызмет етіп жүр. Олар барлығы жабылып, бірліктің арқасында қазақстандық даму моделін қалыптастыруда. Шымкентте 7 қоғамдық құрылым, 17 этномәдени бірлестік бар. Ассамблея мүшелері қоғаммен жан-жақты байланыс орнатқан. Олар түрлі қайырымдылық іс-шараларына қатысып тұрады. Мәселен, Риддер қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты гуманитарлық көмек ұйымдастырды. Бірлік бар жерде жетістік бар. Сондықтан ассамблеяның алар орны әрдайым ерекше боп қала береді, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Қазақстан халқы Ассам-блеясының жанындағы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері Орынбай Рахманбердиев осыдан үш жыл бұрын Шымкент республикалық дәрежедегі қалаға айналғанын, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шымқаланың елдегі ғана емес, Орталық Азиядағы дамыған мегаполис болатынын айтқанын жеткізді.

—Соның бірден-бір дәлелі, Шымкентке осы күнде 1 трилионнан астам инвестиция келді. 1 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Бюджет көлемі 3,5 есеге артып, 500 миллиард теңгеге жетті. Елордадан, шетелден ірі құрылыс компаниялары келіп, үй салып жатыр. Одан бөлек, 1 мың шақырым жол асфальтталды. Көлік кептелісін азайту мақсатында жолайрықтар құрылысы жүріп жатыр.
4 миллион тұрғыны бар Ташкент қаласының инвесторларымен жеңіл өнеркәсіп саласында бірлескен жобалар қолға алынуда. Бірлігі бекем ел әрдайым озады. Қалада қоғамдық келісім ұйымдары жұмыс істейді. Оған 90 адам мүше. Олардың қатарында қоғамға беделді азаматтар, ақсақалдар, мәслихат депутаттары бар. Осы ретте, менің айтар ұсынысым бар. Оның біріншісі, қазіргі таңда білімді жастар біржолата шет мемлекеттерге қоныс аударып жатыр. Неге жастардың жалынды күштерін ел игілігіне пайдаланбасқа?! Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы үздік жастарды елге алып келудің тиімді тетіктерін қарастырса екен, - деді Орынбай Рахманбердиев.
Қалалық ассамблея төрағасының орынбасары, корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак ассамблея ұйымы мегаполиске инвестиция тарту арқылы қаланың дамуына өзіндік үлес қосып жатқанын айтты.
—Мегаполисте «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске асырылуда. Соның арқасында үй аулалары абаттандырылып жатыр.
115 ашық спорт алаңшасы салынады. Ассамблея мүшелері «Тіл таным» жобасына қатысып, мемлекеттік тілді үйреніп келеді. Осы орайда, бір ұсыныс айтқым келіп отыр. Ассамблея жанында ғылыми-сараптамалық топтар бар. Олардың байқауларға қатысып, грант ұтып алуына жәрдем берсек. Осылайша жастарға өздерінің жобаларын жүзеге асыруына ықпал жасасақ. Жуырда жастар Оңтүстік Кореяға барып, мәдени байланыстар аясында тәжірибе алмасып қайтты, - деді Роза Пак.

866


«Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшесі, «Бірлігі бекем ел» телебағдарламасының жүргізушісі Хурматой Абдухамитова жастар болашағы жарқын екенін, соның бір айғағы жастардың Шымкент қалалық штабы киноиндустрия саласын дамытуға білек сыбана кірісіп жатқанын, сонымен бірге, жастардың қатысуымен экосана акциясы тұрақты өткізіліп тұратынын тілге тиек етті.
—Ассамблея жастарының ұраны — «ең бастысы, қоқыс тазалау емес, қоқысты тастамау». Сондай-ақ олар мұқтаж жандарға — көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға, әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға материалдық көмектер көрсетіп келеді. Бұдан бөлек, қала жастары «Біз біргеміз» акциясы аясында мегаполистің қоғамдық орындарында тұрғындарға тегін антисептиктер таратты. Менің бір ғана Отаным бар. Ол — Қазақстан. Елімнің алтын топырағында туғанымды мақтан тұтамын. Ұлттың ұлы мұраты жолында ұйысайық, - деді жастар өкілінің белсенді мүшесі
Хурматой Абдухамитова.
Түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латипша Асанов Елбасының осыдан 6 жыл бұрын берген тапсырмасына орай елге 240 миллиард теңге инвестиция тартқанын, бүгінгі таңда қаланың Бозарық тұрғын алабы аумағы маңындағы 32 гектар жерге мектеп, аурухана, балабақша, университеті бар тұрғын үй кешенін салу жоспарланып жатқанын, ол үшін тек инфрақұрылым мәселесі шешімін күтіп тұрғанын баян етті.
—Қоғам бірлігі — еліміздің мәңгілік құндылығы. Ол ешқашан өзгермейді. Мен АҚШ, Ұлыбритания, Германия мемлекеттерінің тәжірибесін зерттеп көрдім. Бұл елдерде де халық бірлігі, қоғам тыныштығы басты мәселе саналады. Сондықтан мәңгілік құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, келесі ұрпаққа басы бүтін аманаттауымыз керек. Ассамблея да тірі организм секілді. Сол үшін ол үнемі дамып отыруы қажет. Елдің болашағы жастардың қолында. Сол себепті бала тәрбиесін жастайынан, балабақшадан, мектептен бастауымыз керек. Ең бастысы, қоғамдық өзгерістерден қорықпауға тиіспіз, - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов.
Мұнан соң ол қалалық өзбек драма театрында болып, өзбек этномәдени бірлестігінің мүшелерімен кездесті. Жиында өзбек этномәдени бірлестіктері, «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов мегаполистегі бауырлас халықтардың өзара ынтымағы бірлігі және мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар жайлы айтып өтті. Іс-сапар соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары қалалық ассамблея ғимараты мен онда атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты.