ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК – КӨПШІЛІК ОРЫН... Избранное

Пятница, 10 Сентябрь 2021 04:28 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 252 раз

Автобустардағы қауіпсіздік басты назарда тұр

 

Соңғы тәулікте Шымкент қаласында коронавирусты жұқтырудың 150 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 116 адамда дерттің белгілері болса, қалғаны – симптомсыз. 86 адам инфекциялық стационарға жатқызылып, 64 адам үй бақылауына алынды.

704

Үшінші мегаполистегі мамандандырылған инфекциялық стационарларда барлығы 2 500 орын бар: инфекциялық орталық – 490 орын, «Атамекен» клиникасы – 450, Орынбаев гипербариялық оттегі орталығы – 180 орын, №14 емдеу орталығы – 260 орын, Жүрек орталығы – 6 орын, қалалық перинатальды орталық – 30 орын, №2 оңалту ортылығы – 100 орын, қалалық №2 аурухана – 250 орын, «Naz Med» ЖШС – 50 орын, «Мейірім» ОО – 120 орын, «Верум.kz» – 120, қалалық клиникалық аурухана – 170 орын, «Эскулап Вита» – 100 орын, «RIO Med» – 50 орын.

Қазіргі таңда осы стационарларда 1 318 адам емделуде, оның ішінде 184 адам үй карантинінде жатыр. Соңғы 14 күнде «COVID-19» жұқтырған науқастармен қатынаста болған 4629 азамат амбулаторлық бақылауға алынды.
Жалпы, қалалық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің мәліметінше, Шымкентте 2020 жылдың 24 наурызынан бері коронавирус белгісімен 37 367 адам тіркеуге алынып, 35 836 науқас сауығып шықты. Ал 2021 жылдың басынан бері 31 855 адам вирус жұқтырып, 30 537 адам емделді. Соңғы тәулікте 530 адам жазылып, үйіне шығарылған.

Дәрігерлер коронавирус індетінің алдын алудың негізгі жолы – вакцина алу дейді. Осыған орай тұрғындарға екпенің маңызын түсіндіру жұмыстары мамыр айынан бері толастаған емес. Бұл орайда Шымкент қаласы Қазақстан бойынша вакцина салудың көш басында келеді. Соңғы бір тәулік ішінде қалада 4 698 адамға вакцина салынған. Оның ішінде I компонентін – 2624, II компонентін 2074 адам алды. Жалпы, егу науқаны басталғалы бері Шымкентте барлығы 449 073 адам вакцина алған (екі компонентін алғандар саны – 379 639 адам). Тұрғындарға вакцина салу үшін 45 егу бекеті жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, жылжымалы 25 егу бекеті ұйымдастырылған.

Індеттен құтылу жалғыз екпеге ғана қатысты емес. Басты шарттардың бірі – вирустан сақтанып, карантин шектеулерін бұлжытпай орындау. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына қала аумағында мониторинг жүргізетін 40 мобильді топ жұмыс істейді. Жауапты мамандар соңғы тәулікте 358 нысанды тексерген. Нәтижесінде 5 нысанда карантин режимінің талаптары бұзылғаны анықталып, жауапты тұлғаларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Тек нысандар ғана емес, жолаушылар көп мінетін қоғамдық көлік те назардан тыс қалған емес. Осы орайда коронавирус індетінің таралуына жол бермеу үшін Шымкенттегі қоғамдық көліктерге тәулігіне екі рет дезинфекция жасалады. Жауапты мекеме – «Onlinepharma» ЖШС.

Мекеме басшысы Жомарт Елеусізовтың айтуынша, қазіргі таңда дезинфекциялау жұмысына 30 маман жұмылдырылған. Олар қорғаныш киімдерімен толық қамтамасыз етіліп, сақтық шаралары қолға алынған.

– Шымкент қаласы бойынша дезинфекциялау жұмыстарын 1 шілдеден бастадық. Қаладағы барлық қоғамдық көлік бағыттарында жұмыс істейміз. Екі-екіден 15 бригада бөлінген мамандар жұмысы таңғы сағат 06:30-07:00-де басталады. Әр автобус күніне екі рет, соңғы аялдамасында залалсыздандырылады. Таңертең жолаушылар мінбей тұрып, ал кешке, жұмыс уақытынан соң жолаушылар тасымалдаушы компаниялар базасына кіре берісте барлық автобусқа сұйықтық себіліп, дезинфекция жасалады, – деді Жомарт Байдәулетұлы.

Jomart

Мамандар автобустар дезинфекция жасалатын арнайы сұйықтықты «Юнидез» компаниясынан сатып алады. Айтуларынша, оның адам мен жануарларға залалы жоқ, көліктерге себілген соң 5 минуттан кейін салонға кіре беруге болады.
«Onlinepharma» компаниясы, қоғамдық көліктерден бөлек, қаладағы әуежай мен теміржол вокзалында да өңдеу жұмыстарын жүргізеді. Мамандар қала тұрғындары бұл жұмыстарға түсіністік танытатынын айтады.

– Мұндағы мақсат – індет таралуының алдын алу. Әзірге жұмыс жалғасуда. Тапсырыс берушімен келісімшартты әр үш ай сайын жаңадан құрамыз. О баста бірер жолаушы «Не үшін, қандай дәрі сеуіп жатырсыздар?» деп сұрағанымен, қазіргі таңда барлығы түсіністік танытады. Жолаушылар өздері қазіргі ахуалды көріп отыр. Қайта кейбірі алғысын айтып кетеді. Біз апта сайын барлық жұмысшыны жинап, жиналыс өткіземіз. Сонда жұмыс барысында туындаған түсініспеушілік болса, ортаға салып, мәселені шешуге тырысамыз. Ал дезинфекциялау жұмыстарын жергілікті билік өкілдері бақылап отыр, – деді Жомарт Елеусізов.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 16 тасымалдаушы компанияның 950 көлігі тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Карантин талабына сәйкес жолаушыларға қоғамдық көлік ішінде медициналық масқа тағу міндеттелген.

Последнее изменение Понедельник, 13 Сентябрь 2021 08:10
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.