ТАПСЫРМА КӨП, ОРЫНДАЛУЫ ҚАЛАЙ? Избранное

Пятница, 16 Сентябрь 2022 05:53 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 788 раз

Бүгінде Шымкент қаласында тұрғындарды таза ауыз су, сапалы электр қуаты және табиғи газбен қамту бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылым желілерін жүргізу барысында, әсіресе, қаланың орталығынан шалғай орналасқан шеткі шағын аудандар мен тұрғын алаптарға басымдық беріліп отыр. Шымкент қаласының 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспарының аясында жүргізіліп жатқан бұл жұмыстардың уақтылы әрі сапалы орындалуын қала әкімі Мұрат Әйтенов жеке бақылауына алған.

154

 

 Базарқақпада көпір мәселесі шешілді

Осы аптада Мұрат Дүйсенбекұлы Еңбекші ауданы Базарқақпа елді мекенінің жаңа құрылыс аумағына инфрақұрылым тарту жұмыстарымен танысып, тұрғындармен кездесті.
Қазіргі таңда мұндағы электр қуатымен қамту желісінің 90 пайызы тартылған. Қыркүйек айының соңында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і тарапынан абоненттеу жұмысы жүргізілмек. Нәтижесінде, Қаратөбе, Қарабастау, Абдулабад, Тоғыс, Жұлдыз, Бадам-1, Жыланбұзған, Айнатас және Базарқақпа елді мекендердің жаңа құрылыс аумақтарындағы 1 729 абонент сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.
Халықты сапалы электр қуатымен қамту мақсатында биыл 16 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қалада сапалы электрмен қамту көрсеткіші 98 пайыздан 99 пайызға дейін өседі.
Сонымен қатар қазір аталған елді мекендерге ауыз су құбыры да тартылып жатыр. Бүгінде бұл жұмыстың 11 пайызы істеліпті. Жаңа құрылыс аумақтарының тұрғындары 2023 жылы таза ауыз суға қол жеткізеді. Оған қоса аталған елді мекендерді табиғи газбен қамту бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр екен.
Қала әкімі абоненттеу жұмыстары барысында тұрғындардың жұмыла әрекет жасау керектігіне тоқталып, сала басшыларына бұл істі тиімді ұйымдастыруды тапсырды.
Бүгінде қаламызда «Халық қатысатын бюджет» жобасы да ойдағыдай жүзеге асып жатыр. Бұл жобаның аясында тұрғындар өздері өзекті деп тапқан жұмыстарды қаржыландыруға ұсына алады. Ең көп дауыс жинаған жобалар жүзеге асырылады. Осылайша, өткен жылы 41 көпқабатты үй ауласы абаттандырылып, ойын алаңшалары құрылған. Ал, биыл 73 көпқабатты және жеке сектор бойынша 6 мекенжай абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы тұрғызылып жатыр.

155


Солардың бірі – «Базарқақпа» тұрғын алабы Ю.Сареми көшесінде орналасқан 7 көпқабатты үйдің ауласы. Қала әкімі
Мұрат Әйтенов абаттандыру жұмыстармен танысып, тұрғындармен әңгімелесті.
Мұнда абаттандыру жұмыстарымен қоса балалар ойын және тренажер алаңшасы салынады. Жұмыс қараша айының соңына дейін толық аяқталады.
Базарқақпа тұрғын алабынның халқын алаңдататын мәселенің бірі Сайрамсу өзені үстінен өтетін көпір мәселесі болатын. Өйткені, Еңбекші ауданындағы №12 қалалық аурухана мен Қаратау ауданына қарасты орталық аурухана ортасын байланыстыратын, басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарға төте жол болатын көпірді жаңарту қажет екенін тұрғындар көптен бері айтып жүрген болатын.
Енді инвестордың есебінен ұзындығы – 18, ал, ені – 5 метрлік аспалы темір көпір салынып жатыр. Қала әкімі М.Әйтенов құрылыс жұмысының барысымен танысып, нысанды сапалы етіп салудың және уақтылы пайдалануға берудің маңызды екенін атап өтті.
Айта кетейік, Сайрамсу өзені үстінен өтетін аспалы ағаш көпір 1986 жылы салынған. Су шайып кеткен соң 1994 жылы ауыл тұрғындары өз есебінен қайта салған екен. Енді жаңа көпір жол кептелісін және жүктемесін азайтуға септігін тигізбек.

Қайнарбұлақтың көшелері жап-жарық

Қайнарбұлақ шағынауданын инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқын алған десек те, бірқатары келесі жылға өтпелі. Шымкент қаласының әкімі аталған шағынауданның тіршілігін бағамдап қайтты.
70 мыңға жуық тұрғыны бар Қайнарбұлақта қазір 329,8 шақырымды құрайтын ауыз су құбырлары тартылуда. Әзірге 50 шақырымы біткен. Табиғи газбен қамту жұмыстары екі секторға бөліп жүргізілуде. Жаңақұрылыс тұрғын алабында ұзындығы 233,4 шақырым болатын газ жүйелері тартылуда.
Саяжай алабында газ жүйелерінің ұзындығы – 206,7 шақырым. Екі сектордағы құрылыс жұмыстарды келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар электр жүйесімен қамтудағы жұмыстар 2023 жылдың ІІІ-тоқсанында аяқталмақ. Жалпы электр жүйелерінің ұзындығы 68,6 шақырымды құраса, осы кезге дейін жұмыстың 40 пайызы орындалды.
2020 жылы Центральная көшесі, 2022 жылы Степная, Бөлешов, №125 мектеп көшелері жарықтандырылды. Ал 2023 жылы Дружба, Фабричная, Металлург, Заводская, Құрасбеков, Шанин, Жаңақұрылыс көшелері жарықтандырылатын болады.
Нысандарды тексеріп шыққан қала басшысы мердігерлер мен тиісті сала басшыларына жұмыстардың мерзімдік және сапалық міндеттемелерге мұқият болуды тапсырды.

Балалар қуанған күн

Үшінші мегаполисте халық санының өсуімен қатар, балалар ойын алаңшасына деген сұраныс артуда. Жайлы орта қалыптастыру бағдарын ұстанған Жаңаталап тұрғын алабында өткен аптада 2 ойын алаңшасы ел игілігіне берілді.
Жұмыс барысымен танысқан қала басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы ойын алаңшасына орнатылған құрылғылардың сапасын тексеріп, қосымша жұмыстар бойынша мердігер мекеме және тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктесе, ендігі кезекте тұрғындардан өз алаңшаларын күтіп ұстауды өтінді.
Жалпы биыл Абай ауданы аумағында 15 спорттық және 17 балалар алаңшасы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында салынды.

Айтылды, орындалды

Абай ауданы аумағындағы Игілік тұрғын алабының Бабата көшесі тұрғындарының жыл басында әкіммен кездесу барысындағы өтініштерінің бірі көшеге асфальт төсеу болатын. Соған сәйкес орташа жөндеу жұмыстары сәуір айында басталып, қазіргі таңда афсальтбетон қабатының 1 қабаты төселді. Жолдың жалпы ұзындығы 1 шақырымды құрайды.
Салынып жатқан жол сапасын Шымкент қаласының әкімі арнайы барып тексеріп, тұрғындармен кездесті, арыз-шағымдарын тыңдады.
«Жол активтері сапасының ұлттық сапа орталығы» мекемесіне асфальтбетон қабаты бойынша сараптама жүргізуді тапсырған шаhар басшысы жол салу жұмыстарының әр кезеңінде сапа бақылауының маңыздылығына тоқталып, жоспарға сәйкес, магистралды көшелерімен қоса, ішкі орам көшелерінің сапасы басты назарда екенін атап өтті.