«КОРОНАВИРУСТЫ ЕҢСЕРДІК ДЕП АЙТУҒА ӘЛІ ЕРТЕ» Избранное

Пятница, 12 Август 2022 04:40 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4000 раз

Зерттеушілердің айтуынша, коронавирусты жеңу үшін әрбір елдің денсаулық сақтау жүйесінің айтарлықтай беріктігі қажет. Өйткені, вирустың таралуы оның қоршаған ортада өмір сүру қабілетіне ғана емес, өзге де факторлар әсер ететін көрінеді. Мамандар жылдың кез келген уақытында Covid-19 індетінің таралу жылдамдығы адамдардың әрекетіне тікелей байланысты болады дегенді алға тартып отыр. Жыл сайын мутацияға ұшырап жатқан коронавирустан қалай сақтанамыз? Вакцинаның дерттің алдын алуда қаншалықты септігі тиеді? Осы және өзге де сауалдарға Шымкент қалалық №6 емхананың бас дәрігері Айгүл ҚЫЛЫШБАЕВА жауап берді.

253

 

– Коронавирус инфекциясымен әлем халқы соңғы үш жылда күресіп келеді. Осы жылдар аралығында инфекция түрлі мутацияларға ұшырап, жаңа штамдары көрініс тауып келеді. Бұл өз кезегінде вирусты біржола еңсердік деп сенімді түрде айтуға мүмкіндік бермейді. Биыл ғана Қазақстан өңірлерінде эпидемиологиялық ахуал тұрақталып, «жасыл» аймаққа өттік. Дегенмен соңғы айларда ковид қайта бас көтеріп, аурушаңдық деңгейі біршама өсіп отырғандықтан сақтық шараларын ұстану әрбір жан үшін маңызды деп есептеймін. Сақтық шарасының ең тиімдісі – коронавирусқа қарсы екпе алу. Сондықтан вакцина қабылдап ғана өзіңіздің денсаулығыңызды және айналаңыздағы жақындарыңызды қорғай аласыз.

254

 

–Уақыт өткен сайын коронавирус инфекциясының жаңа штамдары пайда болып жатыр. Осыған байланысты вирустың ағзаға әсер етуі де басқаша секілді?

–Иә, бастапқыда коронавирус инфекциясы адамның иммунды жүйесі мен өкпе тінін зақымдап вирустық пневмония ауруын туғызды. Коронавирустарға тән жоғарғы тыныс жолдарының зақымдануымен клиникалық түрде инфекция қалыпты безгегімен және интоксикация симптомымен көрінді. Вакцинация және ревакцинациялаудың нәтижесінде бүгінде індет жеңіл өтіп жатыр. Жалпы, коронавирустық инфекция – бұл коронавирустар тектес вирустың жаңа штаммынан туындайтын жедел вирустық ауру, олардың 44 түрі бар екен. Бұл – құрамында РНҚ бар вирустар тұқымдасына жататын, адам мен кейбір жануарларды ауруға шалдықтыратын вирустар. Оның құрамында жұқпалы агенттердің үш тобы бар, адамдар үшін қауіптісі –229 Е, ол адамның ОС-43 вирусына және адамның ішек коронавирустарына қатысты.
Ковидтің қауіптілігі ересек адам не балалар болсын ағзаның ең маңызды бөлшегі иммунитетті төмендетеді. Дерттің инфекциясы халықтың көп шоғырланатын жерлерінде, желдетілмейтін ғимараттарда ұзақ уақыт сақталады. Мамандардың дабыл қағып, тұрғындарға аурудың алдын алуда көпшілік ортада жиі болмауға кеңес беруінің себебі осында жатыр. Қоздырғышы ультракүлгін сәулесінде, жоғары температурада және қоршаған ортада дезинфекциялаушы заттардың әсерінен ғана өледі. Ал SARS байланысты коронавирус денеден тыс тұрақты және қоршаған ортада 4 күнге дейін сақталуы мүмкін.

–Тәжвирус белгілерінде өзгерістер бар ма? Бастапқыда ковид науқастың ағзасында өте ауыр өтті...

–Елімізде Сovid-19 тараған алғашқы жылдары және өршіген кезеңдерде коронавирустық пневмония өкпені зақымдады. Мутацияға ұшыраған Омикрон штамы тез жұғатындығымен ерекшеленді. Үнді штамын жұқтырған кезде науқастың буындары мен іші қатты ауырып, жүрегі айнып, құсу клиникасы және бұл дерт кереңдік пен аяқ-қолда қанның ұйып қалына әкелуі ықтималдығы жоғары болды. Алайда коронавирустың клиникалық белгісі өткір аурумен басталады, не болмаса әлсіздік, бас ауруы, себепсіз шаршау мазалайды. Дене температурасы 38 С дейін көтеріліп, кеуде тұсының ауырсыну, ентігу, жөтел, бұлшықеттердің сырқырауы және дененің сырқырап ауыруымен де сипатталады. Мұрынмен тыныс алу қиындап, иіс сезу төмендейді. Инкубациялық кезең – 7-10 күн аралығы.
Бүгінде коронавирусқа қарсы екпені қабылдау індеттің бетін қайтарды әрі аурудың ағзада жеңіл өтуіне ықпал етіп келеді. «Тәжвирус белгілерінде өзгерістер бар ма» деген сауалға келсек, енді бұрынғыдай инфекция жұқтырғандарды қоғаммен араласуда шектеу шаралары жеңілдетілді. Короновирустың симптомды түрімен ауырғандар емдеу хаттамасына сәйкес ем алады, ал симптомсыз түрімен ауырғандар 10 күн медициналық бақылауда болады.

– Ем-домға қатысты қандай кеңес айтасыз?

– Соңғы жылдары «Саулық – сақтықта» деген қағидамен өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан алдымен коронавирусқа жол бермейтін бекітілген ережелерді ұстанған дұрыс деген пайым айтқым келеді. ЖРВИ белгілері бар адамдармен қарым-қатынысты шектеңіз, адамдар көп жиналатын жерлерге барудан аулақ болыңыз. Жеке гигиена ережелері – қолды сабынмен мұқият жуып, көз бен мұрынды мүмкіндігінше жиі ұстамауға кеңес беремін. Салауатты өмір салты ұстанып, дұрыс тамақтану да аурудың алдын алуға көмектеседі.

–Үй жағдайында емделуге бола ма?

–Жоқ, мүмкіндігінше маманға жүгіну қажет. Жоғарыда атап өткен ауру белгілері байқалса, егер де тыныс алу жиілігі минутына 24-тен жоғары болса, бөлмеде қозғалғанда және сөйлескенде ентігу өрши түссе, өзіңіздің тұрғылықты мекенжайға қарасты емхананың учаскелік дәрігеріне хабар беріңіз. Дәрігер науқастың жағдайына байланысты ем тағайындайды немесе тәулік бойы ауруханаға жатқызу ұсынылатын болады.

–Ревакцинациялау қаншалықты маңызды?

–Еліміздегі статистикалық мәліметтерге сүйенсек, коронавирус инфекциясының қайта күш алу қауіпі бар. Осы орайда індеттің алдын алудың ең тиімді жолы вакцинация екендігін тағы да атап өткім келеді. Дер кезінде алынған вакцина – дерттің таралып кетпеуіне бірден-бір себеп. Алайда белгілі бір уақыт өткеннен кейін екпенің күші әлсірей бастайды, сондықтан ұжымдық иммунитетті әлсіретіп алмас үшін вирусқа қарсы уақытылы 6 ай аралықта қайта екпе алу (ревакцинация) маңызды. Шымкент қаласында вакцинациялак Қазақстанда қолдануға рұқсат етілген «QazVac» «Vero Cell» вакциналарымен жүргізілуде.
Осы аптадан бастап емханада тұрғындарға тиімді болу үшін вакцина қабылдау уақыты созылды. Екпе кабинетінде мамандарымыз таңғы сағат 9.00-ден кешкі 21.00-ге дейін жұмыс істейді.

–Әңгімеңізге рахмет!

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.