КОРОНАВИРУСТЫҢ ҚАНДАЙ «ҚЫЛЫҚ ШЫҒАРАТЫНЫ» ҒЫЛЫМИ ОРТА ҮШІН ӘЛІ ДЕ БЕЛГІСІЗ Избранное

Среда, 10 Август 2022 06:24 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3425 раз

Әлемдік пандемия кезеңінде қарапайым адамдармен қатар жүкті әйелдердің де өмірі қауіп-қатерге толы болғаны шындық. Бір емес екі адамның өмірі қыл үстінде тұрған шақта дәрігерлер ана мен баланың өмірін сақтап қалуға барынша тырысты. Дегенмен, мамандар жүкті әйелдердің коронавирус инфекциясынан қорғанудың барлық амалын жасау қажеттігін ескертеді. Covid-19 инфекциясының алдын алу шаралары мен қазіргі таңдағы екпенің тиімділігі жайында Шымкент қалалық перзентханасы бас дәрігерінің емдеу профилактикалық жұмыстары жөніндегі орынбасары Шолпан Жақыпқызы Қалыбекова айтып береді.

211

 

– Коронавирус инфекциясының пандемиясы денсаулық сақтау саласындағы жаһандық дағдарыс және адамзат тарихындағы ең үлкен мәселе болып табылады. Бүгінге дейін пациентерді тестілеу мен тексеруді жүргізіп, қарым-қатынас жасаған адамдарды анықтап, азаматтарды оқшаулап, коронавирус инфекциясымен күресу жолында көптеген іс- шаралар атқарылды. Бақылау жұмысы мемлекет тарапынан өте жоғары деңгейде іске асырылуда. Тың мәліметтер түссе, оны бірден мамандарға хабардар етіп отырмыз. Ковид-19 үшінші жыл әлемді қысымда ұстап отыр. Коронавирус вакцина мен дәрілерге жеңілмей, мутацияға ұшырап жатыр. 2020 жылы Альфа, Бета, Гамма штамдары, 2021 жылы — Дельта и Дельта+, сосын Омикрон штамы мутацияланып шықты. Жаңа штамм тез жұғуымен ерекшеленді. Ауырған бір адам айналасындағы 12 адамға қауіпін төндіреді. Алдыңғы мутацияларда бұл көрсеткіш 5-6-дан көтерілмеген. Бұл штамның тағы да бір жағымсыз тосын сыйы- SARS-CoV-2 қа антиденесі болса да жұғу қаупі жоғары, инкубациялық кезеңі қысқа - 2-3 күн. Аурудың клиникалық белгілері: тамақтың жұтындырмауы, қарлығуы, ашып ауруы, мұрынның бітуі, бас ауруы, шаршағыштық, аяқ-қол буындарының сырқырауы, түшкіру, жөтелу, құсу, іш өту белгілері болады, дене қызуы көтеріледі. Ауру асқынған жағдайда науқас пневмонияға шалдығуы мүмкін. Сонымен қатар өте ауыр асқынулары өкпе мен бүйрек жұмысының әлсіреуіне әкеп соғады. Диагнозды растаудың негізгі әдісі бұрынғыша коронавирус РНҚ анықталатын аңқадан алынатын ПТР жағындысы болып табылады.

212

 

– Қазіргі таңда перзентханадағы жүкті әйелдер арасында коронавируспен ауырғандар қанша және емдеу шаралары қалай жүргізілуде?
– Егер жыл басынан бергі көрсеткішке сүйенетін болсақ, перзентханада 5855 әйел босанған. Ал бір айда 1067 ана өмірге сәби әкелген. Ал біздің басты міндетіміз – ана мен балаға өмір сыйлау, қиын жағдайда алғашқы көмек көрсету, емдеу-профилактикалық іс-шараларды тиімді жүзеге асыру. Перзентхананың провизорлық стационарында 40 әйелден коронавирус инфекциясы анықталып, емдеу шаралары жүргізілуде. Бүгінгі таңда оның 37-сі емделіп шықса, қалған үшеуіне ем-дом жүргізілуде.

– Коронавирус босанған аналардың сәбилеріне де әсер ете ме?
– Бүгінге дейін инфекция жұқтырған ананың сәбиіне өту жағдайлары кезіккен жоқ. Мәліметтер түсіп жатса, ол міндетті түрде айтылады. Вирус жұқтырған әйелдердің сәбилері де тексеруден өтеді. Ана мен бала аурудан айыққанша дәрігердің үнемі бақылауында болады. Бұл ретте, вакцинация үлкен роль атқарады. Жүкті әйелдер өздері тіркелген емханада вакцинациядан міндетті түрде өтіп келуі керек. Олар тек жеке басына ғана емес, бойына біткен баланың өміріне де жауапты. Сондықтан, тағы да қайталап айтуға тура келеді, жүкті келіншектер пандемия жағдайында барынша сақтық шараларды қамтамасыз етуі тиіс. Әрине, бізге вакцина алмаймын деп одан бас тартқан әйелдер келеді. Ондай жағдайда әйелдің клиникалық белгілеріне назар аударып, экспресс тест жасатып, оң нәтиже шықса жалпы палатаға жатқызылады. Ал коронавирус жұқтырған әйелдерді бірден изоляцияға жатқызып, емдік шаралар тағайындалады. Дегенмен, алдыңғы жылдарға қарағанда биыл көрсеткіштер азайды. Өйткені бұрынғы штамдарда жағдай өте ауыр түрде өтетін. Қазір жеңіл түрде өтіп кетіп жатыр, бұрынғыдай әйелдерге вирусқа қарсы препараттар тағайындамай, тамақ, мұрын шаю сияқты жеңіл емдік шаралармен шектелуге болады. Бес күн ем тағайындалады, үш күнде жақсы болса, үйлеріне шығарамыз.

– Демек, вирустың қауіпі азайған жоқ. Тек жүкті әйелдер ғана емес, барлық адамдар сақтық шараларын жасау керек. Солай ғой?
– Иә, вирус жойылды, кетті деп дандайсуға болмайды. Әлі де пандемияның кезекті штамдары шығып жатыр. Сондықтан, әр адам өз денсаулығына жауапты болуы тиіс. Адам көп шоғырланған орындарда сақтануды ұмытпаған жөн. Егер тұрғындардың көпшілігі вакцина алатын болса, сонда вирус ағзаға түскенде өз егесін таба алмайтындай жағдайға жетеді, сол кезде вирусты толық жеңдік деп айтуға болады. Ал оған дейін вирус толығымен жеңілмейді, демек бетпердені шешуге әлі ерте, жұртпен қарым-қатынасты жиілетуге де болмайды.

– Халық вакцинацияның тиімділігін түсінді ме?
– Бұл жерде мынаны түсінген жөн: екпе егу ауру жұғудан емес, ковидтің ауыр түрде өтуі мен асқынуларынан сақтайды. Өздеріңіз де білесіздер, алғашқы жылдары вирустың асқынуынан өлім-жітім саны күрт көбейді. Бұл жаңа вирус болғандықтан, алда ол тағы қандай «қылық шығаратыны» ғылыми орта үшін әлі де белгісіз. Әлі де зерттеулер жалғасып жатыр. Сондықтан, ең абзалы, вакцина салдыру. Ауырып, жазылған соң пайда болатын иммунитеттің күші әлсіз. Ауырып кеткен науқастар қайта ауырып жатыр. Ғалымдар вакцинадан кейінгі пайда болатын иммунитеттің тиімділігі әлдеқайда жоғары екенін айтуда. Коронавирусқа қарсы қазіргі таңда елімізде вакцинаның бірнеше түрі бар. Pfizer — қазіргі таңда балалар мен жүкті әйелдерге қолданылуда. Әзірлеушілердің деректері бойынша, вакцинаның тиімділігі 90% -ды құрайды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Р. ҚОНАРБЕКҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.