КҮРДЕЛІ ОТАЛАРДЫ ӨЗІМІЗДЕ ЖАСАУ – ОТАНДЫҚ МЕДИЦИНАНЫҢ ЗОР ЖЕТІСТІГІ Избранное

Среда, 11 Октябрь 2023 04:29 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 649 раз

Бүгінде мемлекет денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша назар аударып келеді. Әсіресе, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту мен дәрігерлердің біліктілігін арттыру мәселесіне баса назар аударылып жүр. Соның нәтижесінде Шымкент қаласының тұрғындары бұрындары күрделі ота жасату үшін берісі Алматы мен астанаға қарай ағылып, арысы шетел асып әуреленіп жатса, бүгінде Шымкенттің өзінде заманауи, жоғары технологияларды оталарды жасау жергілікті дәрігерлер үшін қалыпты жағдайға айналып келеді.

611

 

Мәселен, жақында ғана Шымкент қалалық № 2 ауруханасында жоғары санатты нейрохирург Мыңжылқы Бердіходжаевтың жетекшілігімен күрделі оталарды жасау бойынша шеберлік-сыныбы өтті. Тәжірибе алмасу кезінде аурухана базасында инсульттен келетін қауіпті алдын алу үшін төрт науқастың мидағы қан тамырына күрделі ота жасалды. Операциялар сәтті өтті.
Мамандар дер кезінде анықтаған ми тамырларының қауіпті патологиясы мен сәтті жасалған шұғыл ота науқастардың өмірін сақтап қана қоймай, оның белсенділігін толық қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
Айта кетейік, осыған дейін мұндай оталар Астана, Алматы және шетелдерде жасалатын. Еліміздегі жетекші нейрохирург Бердіходжаевтың қатысуымен өткен шеберлік сыныбында жергілікті дәрігерлер ота жасауда тәжірибелерін шыңдап, кәсіби біліктіліктерін арттырды.
Сонымен қатар Шымкент қалалық онкологиялық орталығында Санкт-Петербург қаласындағы Н.Н.Петров атындағы онкология ғылыми-зерттеу институтының профессоры, РҒА академигі Е.В.Левченконың қатысуымен бронхопластикалық операциялар бойынша шеберлік сабақтар ұйымдастырылды.
Жоғары технологиялық операцияның тиімділігі зор. Ота кезінде онкологиялық дертке шалдыққан науқастарда қатерлі ісік тек алынып қана қоймай, өкпені сақтап қалуға да мүмкіндік туындайды.
Күрделі операциялар осыған дейін шет мемлекеттерде жасалып келген. Мұндай оталар пациентті онкологиялық аурулардан айықтырып қана қоймай, түрлі асқыныстарды алдын алып, белсенділігін аз уақытта қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Шеберлік сабағы аясында озық технологияларға негізделген оталар үш науқасқа жасалды. Ресейлік профессордың нұсқауымен жергілікті мамандардар оталарды сәтті жасап шықты.
Бүгінде орталық мамандары онкологиялық дертпен күресте, заманауи талапқа сай хирургиялық көмектерді көрсетуде әлемдік деңгейдегі тәжірибелі дәрігерлермен әріптестік байланысты нығайтқан.
Айта кетейік, биыл сәуір айында Шымкент қаласында алғаш рет қалалық балалар клиникалық ауруханасында эпилепсия ауруына шалдыққан 2 балаға нейростимулятор отасы жасалды. Сонымен қатар, қалалық денсаулық сақтау басқармасының деректері бойынша, 2023 жылдың соңына дейін тағы 2 науқас балаға осындай ота жасау жоспарланып отыр екен. Ал, 2024 жылы 15 балаға ота жасау жоспарға қойылған.

Сонымен қатар 2023 жылғы шілде айында Шымкентте алғаш рет жүрек трансплантациясы жасалған болатын. Жүрек алмастыру отасы UMC МҚ басқарма төрағасы Юрий Пя, Ұлттық ғылыми кардиохирургия және Шымкент жүрек орталығы қызметкерлерінің қатысуымен өтті. Жүрегі алмастырылған науқас – 61 жастағы қала тұрғыны. Ота кезінде кардиохирургтар пациентке 46 жастағы ер азаматтың жүрегін хирургиялық жолмен қондырды.
Сонымен қатар, жүрек алмастыруды қажет ететін науқасқа дәрігерлер LVAD қондырғысын орнатып берді. Жоғары технологиялық операцияны дәрігерлер 60 жастағы науқасқа жасады.
Әрине, мұндай күрделі оталардың сәтті жасалуы дәрігерлердің біліктілігіне тікелей байланысты. Сол себепті 2023 жылға 3 000 маманды оқыту жоспарға енгізіліп, бірінші жарты жылдықтың қорытындысымен 1 762 маман біліктілігін арттырды. Оның 650-і жергілікті бюджеттен, 1 112-іс ведомствалық бағынысты медицина мекемелері есебінен біліктілігін арттырды. Оған қоса жыл басынан бері қарай 16 медицина маманы шетелдік клиникаларда, атап айтқанеда, Израиль елінде біліктіліктерін арттыруға жіберілген. Жыл соңына дейін тағы 28 маманды шетелдерге жіберу жоспарланып отыр.