ТАЗА ҚАЛА КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ АҚЫСЫН УАҚТЫЛЫ ТӨЛЕУДЕН БАСТАЛАДЫ Избранное

Среда, 23 Август 2023 07:06 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 410 раз

Шымкенттіктер тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен айналысатын компанияларға 314 млн. теңге қарыз. Бұл 1,2 миллион халқы бар қала үшін аз сомма емес екені белгілі.

143

 

Иә, бүгінде БАҚ пен әлеуметтік желілерде тұрмыстық қатты қалдықтардың уақтылы шығарылмауына, қоқыс контейнерлерінің дұрыс тазаланбауына қатысты сын жиі айтылады. Кейбіреулер бәрі тендердің кесірінен екен деп те жатады. Бірақ, мәселе тендерде емес екен. Байқап қарасақ, қоқыстың уақтылы шығарылмауының 2 түрлі себебі бар болып шықты.
Біріншіден, халықтың тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметімен айналысатын компанияларға қарызы қордаланып қалған. Екіншіден, қоқыс шығару қызметі үшін мердігер компаниялармен келісімшарт жасауға асықпайды.
Айта кетейік, қолданыстағы заңнамасына сәйкес, қоғамдық орындарды тазалау, күтіп ұстау, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады, ал, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметі үшін ақы төлеу заңнама бойынша тұрғындардың міндетіне жатады. Сондықтан қоқыстың уақтылы тазалануы үшін тұрғындар түгелдей тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметімен айналысатын мердігер компаниялармен келісімшартқа отыруы және қызметтің ақысын уақтылы әрі толық көлемде өтеп отыруы тиіс.
Бірақ біздің қаламызда бүгінде қызық жағдай қалыптасып отыр: мыңдаған адамдар компаниялармен келісімшарт жасамайды, әрі қоқыс шығару қызметі үшін ақы төлемейді. Алайда, олар еш қымсанбай-ақ күнделікті қоқысын контейнерлер тастап немесе көшеге шығарып жинап қойып жатыр. Әкімдіктегілер Шымкентте келісімшарт жасасқанына қарамастан қызмет ақысын төлемейтін тұрғындар да аз еместігін айтады. Сонымен нақты деректерге тоқталсақ, Шымкенттегі 5 ауданның әрқайсысына жауапты мекемелер бекітілген.
Тұран ауданында тазалық жұмыстарымен айналысатын 3 мекеме бар. Тұрғындардың оларға қарызы 39,4 миллион теңгеге жеткен. Атап айтқанда, «ШымкентСпецкомплекс» ЖШС – 34 млн теңге, «Бастау» ЖШС – 4,7 млн. теңге, «Керемет 2020» ЖШС – 540 мың теңге қарыз.
Әл-Фараби ауданынының берешек сомасы 34 млн. теңге, яғни «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-іне - 18,3 миллион теңге, ал, «Арнаулыавтокөлік» компаниясына - 5,7 миллион теңге, «ЭкоТазалық» ЖШС-не 10 млн. теңге қарыз болған.Ауданда 2 903 абонент немесе 9 700-ден астам тұрғын мердігер компаниялармен келісімшарт жасамаған.
Абай ауданында 49 300 абоненттің мердігер компанияларға жиынтық қарыз көлемі - 49,5 миллион теңге. Айталық 18 мыңнан астам халқы бар Ақжайық және Бозарық шағын аудандарына қызмет көрсететін «ЖанМейір» компаниясы өз клиенттерінен 19 миллион теңге қарызын өндіріп ала алмай отыр. Ал, тұрғындардың «Бастау» ЖШС-інің алдындағы қордаланған қарызы 18 миллион теңге болыпты. Сондай-ақ, осы ауданда 10 мыңнан астам азамат тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарушы компаниялармен келісімшарт жасамай, бұл қызмет үшін ақы төлемей отыр.
Еңбекші ауданына тоқталар болсақ, мұнда тұрғындардың мердігер компаниялардың алдында 90,5 миллион теңгелік берешегі қордаланып қалған. Оның ішінде тұрғындар «Арнайыавтокөлік» ЖШС-іне - 64 миллион, «ЭкоКомТазалық» компаниясына - 10 миллион теңге, «Вейсалидзе» ЖК –не 8,5 млн. теңге, «Жасыл өңір» ЖШС-на 8 млн. теңге қарыз болып отыр.
Қаратау ауданы тұрғындарының 5 коммуналдық мекеменің алдындағы қарызы 101 миллион теңгеге жетіпті. «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-і – 30 млн. теңге, «ЖанМейір» ЖШС – 29,4 млн. теңге, «Вейсалидзе» ЖК – 24 млн. теңге, «Жасыл өңір» ЖШС – 3,5 млн. теңге, «Спецавтотранспорт» ЖШС – 15 млн теңге қарызы өтелмеген.
Расында 1,2 миллионға жуық халқы бар үлкен қаланың тұрмыстық қатты қалдықтарын күнделікті шығарып, тазалықты сақтап отыру өткен ауқымды жұмыс. Бұл жұмыс үлкен қаржы мен өзге де ресурстарды талап етеді.
Арнайы автокөліктердің жанар-жағармайы мен техникалық күтімін, амортизациясын айтпағанның өзінде, қаланың тазалығы үшін тазалығы үшін ертелі-кеш тынбай еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшылардың жалақысын да ұмытпауымыз керек. Ал, олардың зейнетақы аударымдары мен әлеуметтік төлемдері ше?! Сіздің күнделікті шығаратын тұрмыстық қалдықтарыңызды тазалап, тасымалдау үшін белін жазбай еңбектеніп жатқан адамдарға төленетін қаржыны кешіктіру немесе төлемеу адамгершілікке жата ма? Осыншама қиын, лас әрі ауқымды жұмысты Сіз өзіңіз ақысыз атқарар ма едіңіз?!
Сүйікті қаламыздың мұнтаздай таза болғанын қалаймыз ба? Онда бәрін өзімізден бастауымыз керек. Әрі Сіз тұратын көше немесе шағын ауданда тұрғындардың барлығы түгелдей мердігер компаниялармен келісімшарт жасады ма екен, егер жасаған болса, бәрі де қызмет ақысын уақтылы төлеп жүр ме әлде жоқ па? Қоқыстың уақтылы шығарылмағанын айтып, наразылық білдірер кезде осы сұрақтар жөнінеде де бір уақ ойланғанымыз жөн болар...
Әйтпесе, ақы төлемейтін жауапсыздардың кесірінен коммуналдық қызметтер үшін уақтылы төлем жасайтын ұқыпты азаматтар неге зардап шеге беруі керек?!.