Мемлекет басшысы Қазақстандағы қазіргі экономикалық жүйе инвестицияны ең бірінші кезекте шикізат секторына тартуға бейімделгенін, ал шағын және орта кәсіпкерліктің жекелеген өңірлерде ғана жүйесіз түрде дамып жатқанына айтты. Президент шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты болуы керектігі жөнінде көп айтылғанымен, іс жүзінде бұл бағытта елеулі алға жылжудың болмағанына тоқталып, соның салдарынан әлі күнге дейін азық-түлік өнімдері мен күнделікті тұтынатын тауарларға дейін шет мемлекеттен импортталып жатқанын, инфляцияның бақылаусыз өсіп кетуінің негізгі себебі осы екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы «Еліміздің экономикасы сыртқы саудаға және инвестицияға әрдайым ашық. Қазақстан – Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі. Сондықтан сыртқы саудамызды еркін түрде дамытуымыз керек. Бірақ кемінде өз әлеуетіміз жететін нәрселермен өзімізді қамтамасыз етуіміз қажет. Мысалы, шикізат та, мамандар да, кейбір технология да өз елімізде бар. Елдің ішкі сұранысын өтеуге қатысты бір негізгі ұстаным болуға тиіс. Ең алдымен, ішкі нарыққа бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамытуымыз қажет» деп, отандық экономиканы дамытудың нақты бағдарын белгілеп берді.
Расында, отандық өнеркәсіптің ішкі нарықтағы сұранысты өтей алмай отырғаны айдан анық. Осындайда халқымыздың «Кісідегінің кілті аспанда» деген мәтелі ойға оралады. Күнделікті қажетті заттың бәрін өзіміз өндірмей, шетелдерден сатып алып келеміз. Бүгінгі қымбатшылықтың негізгі себебі де осы сияқты. Шымкент қаласының 2021-2022 жылдардағы сыртқы саудасының негізгі көрсеткіштеріне қарап айтуға толық негіз бар.
Шымкент қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сүйенсек, шаһардың сыртқы сауда айналымы өткен 2 жылдың (2021-2022 жылдар) қорытындысы бойынша 2 миллиард 603,8 миллион АҚШ долларын құраған. Бұл көрсеткіш, әрине, пандемия кезеңіндегіден әлдеқайда жоғарылаған. 2019-2021 жылдары Шымкенттің сыртқы сауда айналымы 1 миллиард 924,8 миллион АҚШ долларын құраған болатын. Яғни, Шымкенттің сыртқы экономикалық белсенділігі жылдан жылға артып келе жатыр деген сөз. Бірақ, екінші жағынан сыртқы сауданың құрылымына зер салар болсақ, ондағы импорттың көлемі экспортқа қарағанда шамамен 2 есеге жоғары екенін байқаймыз. Нақтырақ айтар болсақ, өткен 2 жылда экспорт көлемі 864 миллион АҚШ долларын құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 14,8 пайызға өскен. Ал, импорт 1 миллиард 739,7 миллион (!) АҚШ долларына жетіп, 12,9 пайызға өсіпті. Яғни, ұлттық валютамен есептесек, Шымкент қаласына шет елдерден 2 жылдың ішінде шамамен 780 миллиард теңгенің өнімі әкелінген.
Енді қалаға импортталған тауарлардың бағыты мен құраламын шолып өтейікші. Импорт бойынша Шымкент қаласының негізгі серіктестерінің бірі – Ресей. Солтүстік көршімізден Шымкентке 2 жылдың ішінде 456,1 млн. АҚШ долларының тауары әкелінген. Ал, Қытайдан – 227,2 миллион, АҚШ-тан – 331,7 миллион, Өзбекстаннан – 114,9 миллион, Түркиядан – 84,3 миллион, Бельгиядан – 45,7 миллион АҚШ долларының тауарлары тасымалданған.
Шымкенттің осынша қаржыға шетелдерден не сатып алғанына назар аударайық. Ең алдымен, тік ұшақ, ұшақ және олардың шасси жабдықтарын – 311,9 миллион долларға сатып алыппыз. Қала берді, дәрілік заттарды – 90,5 миллион, жеңіл автокөліктерді – 79,5 миллион, целлюлоза қағаздары мен картонды – 41,7 миллион, автомобиль дөңгелектерін – 40,2 миллион, тоқыма бұйымдарын – 36,5 миллион және қара металдан жасалған бұйымдарды 28,6 миллион АҚШ долларына сатып алынған.
Мемлекеттің жаңа экономикалық саясатының басым бағыты, Президент айтқандай, ішкі нарыққа бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы жоғарыдағы аталған және өзге де көптеген сұранысқа ие өнімдерді өз елімізде өндіріп, импортты отандық тауарлармен алмастыруға бағытталмақ. Бұл міндеттің үдесінен шыға білсек, жоғарыда айтылған миллиардтаған долларлар ішкі айналымда қалып, инфляция деңгейі қазіргідей шарықтамайды. Оған қоса, өңдеу өнеркәсібінің дамуы қала бюджетіне түсетін жергілікті түсімдердің көбеюіне және мыңдаған азаматтарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек.
Қош, енді өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында Шымкент қаласында қандай жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталып өтсек. Шаһардың өндірістік қуаты негізінен 5 өнеркәсіптік аймақта шоғырланған. Оның 3-еуі индустриалды аймақтар, 1-еуі арнайы экономикалық аймақ және 1-еуі сауда-логистикалық орталық екені белгілі. Бұл аймақтарда жалпы 230-ға жуық инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Қазірдің өзінде 14 мыңдай тұрақты жұмыс орны құрылғанын атап өтуге болады.
Бүгінде Шымкентке келіп, жаңа кәсіпорындар ашуға ниетті инвесторлардың көп болуына байланысты жаңадан «Жұлдыз», «Бозарық» және «Стандарт» атты жаңа индустриалды аймақтар құру бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Соның ішінде өткен жылы «Жұлдыз» индустриалды аймағы қосымша 155 гектарға кеңейтілді. Оған қоса, Шымкент қаласы әкімдігі «Бозарық» және «Жұлдыз» индустриалды аймақтарының тұжырымдамасы мен қоршаған ортаға әсерін бағалау құжаттарын әзірледі. Бұл индустриалды аймақтардың инфрақұрылым құрылысына республикалық бюджеттен тікелей қаржы тарту және осы аймақтарға «республикалық индустриалды аймақ» мәртебесін беруге жол ашады. Қала берді Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласындағы көлік-логистикалық орталығын Қазақстанның бүкіл оңтүстік өңірінің логистикалық хабына айналдыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Ол үшін сауда-логистикалық орталығының аумағы қосымша 136 гектарға кеңейтіліп, ол аймаққа тиісті инфрақұрылым желілері тартылып жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілгені белгілі. Осы орайда, Шымкент қаласында орналасқан «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы – республика бойынша ең тиімді аймақтардың бірі. Онда жалпы инвестициялық құны 130,4 миллиард теңгені құрайтын 53 жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобалар толық жүзеге асқан кезде 6 198 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Әзірге мұнда 31 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Бұл кәсіпорындарға 53,2 миллиард теңге инвестиция тартылған және онда 2 309 адам жұмыспен қамтылған.
Аталған аймақта, табысты жұмыс істеп келе жатқан «Бал-текстиль» компаниясының кілем фабрикасын айтуға болады. Аталған серіктестік кілем фарбрикасына қоса, 2015 жылы синтетикалық иірім жіп өндірісін де жолға қойды. Бүгінде компанияда 232 адам еңбек етіп, жылына 7 миллион шаршы метр кілем мен 4 мың тонна синтетикалық иірім жіп өндіреді.
Ал, «Azala Cotton» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы аумағында орналасқан мақта иірім жібін шығаратын елдегі жалғыз фабриканы ашқан. Бұл кәсіпорынға тартылған инвестицияның жалпы көлемі 7,07 млрд. теңгені құрайды. Кәсіпорын 300-ге жуық адамды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. Фабриканың өндірістік қуаты жылына 6 мың тоннаға дейін кардтық және тарамдалған мақта-мата иірім жібін шығаруға мүмкіндік береді. Компания бүгінде қолданыстағы өндіріспен қатар синтетика аралас иірілген жіп шығаратын цех салуды қолға алған. Сонымен қатар, «Azala Textile» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жіп иіруден бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндіріс циклі бар фабрика ашқан. Онда жылына 2,8 мың тонна иірім жіп пен 14 миллион метр қатты матадан дайындалатын тоқыма бұйымдары шығарылады. Бүгінгі таңда кәсіпорын дайын маталар, түкті және вафельді сүлгілер, жаймалар, төсек-орын жабдықтарын, жастық-көрпе тыстары мен балаларға арналған тоқыма бұйымдарды нарыққа шығарып отыр.
Сонымен қатар, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында «Хлопкопромцеллюлоза» атты компания жұмыс істеп жатыр. Бұл кәсіпорын – Қазақстандағы мақта целлюлозасының, карбоксиметилцеллюлозаның және полианионды целлюлозаның жалғыз өндірушісі.
Мұнан бөлек, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында «QAGAZ Ordasy SEZ» жауапкершілігі шекутеулі серіктестігі де жұмыс істеп жатыр. Бұл – Оңтүстік өңірдегі А3, А4 форматтарындағы кеңсе қағазын өндіретін жалғыз кәсіпорын. Зауыттың өндірістік қуаты жылына А4 кеңсе қағазының 3 млн. бумасын және А3 кеңсе қағазының 360 мың бумасын шығаруға жетеді.
Ал, «АГФ Групп» ӨК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – аты әлемге әйгілі «IKEA» сауда белгісінің Қазақстандағы ең ірі серіктесі. 2021 жылы кәсіпорын қосымша тігін цехын салып, өндіріс ауқымын кеңейтті. Аталған жобаға салынған инвестициялардың жалпы сомасы 751 миллион теңгені құрайды. Жаңа кәсіпорында 235 жұмыс орны құрылған. Осылайша зауыт жылына 20 млн дана тоқыма бұйымдарын шығаратын деңгейге көтеріліп отыр.
Қазақстандағы жалғыз шұлық фабрикасы да осы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан. Оны «Әлем БТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ашқан. Аталған фабриканы ашу үшін компания 1 милиард 800 миллион теңге инвестиция құйған. Бұл фабрикада бүгінде 150 адам талмай еңбек етіп, жоғары технологиялы өндірістік жабдықтар мен толық автоматтандырылған өндірістік циклдың арқасында жылына 16 миллион жұп шұлық тоқып, сатып жатыр.
Алғашқы жылдары «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы тек жеңіл өнеркәсіп секторында жұмыс істейтін компанияларға ғана арнап ашылған болатын. Кейіннен Шымкенттегі өнеркәсіптің даму қарқынына қарай мұндағы өндірістік бағыттардың спекторы кеңейтілді. Атап айтқанда, мұнда ендігі жерде құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар, жиһаз шығарушылар, фармацевтика, машина жасау және химия өнеркәсібі салаларындағы компаниялар да қызмет атқара алады.
Соның бірі – «Шымкент химиялық компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл өңірдегі мұнай-химия бағытындағы метил-трет-бутил эфирін (МТБЭ) өндіретін жалғыз зауыт. Зауыттың өндірістік қуаты – жылына 57 мың тонна МТБЭ құрайды. Жобаның бірінші кезеңіне құйылған инвестицияның жалпы сомасы 11 млрд теңге. Мұнда қазірдің өзінде 130 адам жұмыспен қамтылған.
Жалпы, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорындар өндіретін тауарлар АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Бельгия, Италия, Корея, Хорватия, Түркия, Беларусь, Қытай, Өзбекстан, Ресей сынды әлемнің 22 еліне экспортталады. Жоспарға сәйкес 2023-2024 жылдары жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейтіп, өндірістік қуаттылығын арттыруға және жаңа зауыт-фабрикалар ашуға бағытталған 22 инвестициялық жоба іске асуы тиіс. Олардың арасында «Karlskrona Co.» компаниясының «Сорғы жабдықтары мен құбыр арматурасын өндіру», «Шымкент химиялық компаниясы» ЖШС-інің «Ұнтақты полипропилен өндірісінің II кезеңі» және «ESMA Electric» серіктестігінің «Трансформаторлар мен электр техникалық жабдықтар өндіру» секілді ауқымды жобалары бар.
Бұған қоса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының маңында қосылған құны жоғары өндіріс орындарын және мұнай қалдықтарын қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған орай, «Hill Resources» ЖШС-і негізгі майлар өндірісін қолға алмақ. Бұл жобаның инвестициялық құны 270 млрд. теңгені құрайды. Зауыттың қуаттылығы жылына 500 мың тонна мазутты қайта өңдеуге жетеді. Кәсіпорынның құрылысы биыл басталып, 2026 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Ал, «Алмэкс Полимер» ЖШС-і ұнтақталған полипропилен өндірісін жолға қою үшін 38 млрд. теңге инвестиция құюға әзір. Аталған кәсіпорын 2025 жылы іске қосылған кезде жылына 80 мың тонна ұнтақталған полипропилен өндіретін болады. Сондай-ақ, «Эколайф Астана» компаниясы құрамында мұнайы бар және басқа да қалдықтарды кәдеге жаратуға бағытталған зауыт ашуды көздеп отыр. Айта кетейік, бүгінгі таңда осы 3 жоба бойынша «ПетроҚазақстанОйлПродактс» ЖШС-імен шикізатпен қамтамасыз ету бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Міне, осылайша Шымкент қаласында, Мемлекет басшысы айтқандай, өнеркәсіпті, оның ішінде өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Бұл елдегі үшінші мегаполис экономикасының орнықты дамуына және халықтың әл-ауқатының артып, тұрмыс сапасының жақсаруына ықпал ететіні сөзсіз.