Бес миллионнан астам отандасымыздың жинап жүрген депозитіне өтемақы алу мүмкіндігі бар. Оның мөлшері ақша салып жүрген депозитіндегі соманың 10 пайызын құрайды. Ол үшін 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін банктерге тиісті өтінім беріп үлгеру керек.
Мемлекеттік қолдау бағдарламасы 2022 жылдың 23 ақпанына дейін ашылған депозиттерге қатысты. Ең көбі 20 миллион теңгеге дейінгі депозиттерге өтемақы беріледі, деп хабарлайды қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорының өкілдері.
– Біз салымшыларды өтемақы алу мүмкіндігін пайдалануға шақырамыз. Егер сізде 2022 жылдың 23 ақпанына дейін ашылған депозит болса, сіз бұл сыйақыны алуға құқылысыз. Өтемақы үшін депозиттің максималды сомасы 20 млн теңге болғанына қарамастан, статистика көрсеткендей, оны алуға құқылы салымшылардың депозиттерінде негізінен 1 млн теңгеге дейін қаржы бар, – дейді Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорының төрағасы Әділ Өтембаев.
Өтемақы алу үшін салымшы 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін өтініш беру арқылы келісімін растауы керек. Кейбір банктерде төлемге өтінішті онлайн беру мүмкіндігі бар. Әр банк өтемақы төлеудің шарттарын, тәртібі мен мерзімін өзі анықтайды. Оны білу үшін салымшылар депозит ашылған қаржы ұйымына тікелей хабарласуы қажет. Тиісті ақпарат қаржы ұйымдарының ресми сайттарында да бар. Төлемдер 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін ережеде белгіленген мерзімде жүргізіледі.
Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметінше, 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 5 млн-нан астам адам өтемақы ала алады. Оның ішінде салымшылардың 97 пайызының 5 млн теңгеге дейін депозиті болса, оның басым бөлігінің 1 млн теңгеге дейін салымы бар.
Өтемақыны Отбасы банкінің салымшылары да, жинақтаушы жүйе бойынша несие алған азаматтар да ала алады. Тиісті өтініштерді қабылдау 2022 жылдың 1 қазанынан басталған.
– Қазан айының соңындағы мәлімет бойынша Шымкент қаласында 24 812 өтінім қабылданды. Бұл азаматтар міндетті түрде өтемақы алады. Клиенттер біздің банк арқылы несие рәсімдеген болса, олар да өтемақы ала алады. Кей салымшылардың депозиті бойынша 1 700 000 теңге мөлшерінде өтемақы төленуі мүмкін, – дейді «Отбасы Банк» АҚ Шымкент қаласы филиалының директоры Дәурен Саудабаев.
Қазіргідей қымбатшылық заманда бұл кімге болса да жағымды жаңалық болғалы тұр. Бекітілген ережеге сәйкес, өтемақы өтініш беру арқылы төлем келісімін растаған салымшыларға ғана төленеді. Өтініштерді 2022 жылдың 1 қазанынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарын қоса алғанда www.otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталындағы жеке кабинетте беруге болады. Өтемақы салымшыларға 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін, Отбасы банкіне қаржы түскен сәттен бастап 2 жұмыс күні ішінде депозиттерге аударылады. Өтемақы алу үшін бөлек шот ашудың қажеті жоқ. Осы тұста қаржы мамандары бірқатар ережеге назар аударуды сұрайды. Өтемақы мына депозиттер бойынша төленбейді:
- депозит жабылса;
- 2022 жылдың 24 ақпанынан бастап 2023 жылдың 23 ақпанына дейінгі кезеңде (қоса алғанда) депозит бойынша тұрғын үй заемына көшкен, оның ішінде автоматты түрде көшкен салымдар бойынша;
- онлайн табыстау арқылы сатылған немесе сатып алынған депозиттер бойынша.
Ескеретін жәйт, егер банк салымшысында аралық және алдын ала тұрғын үй займдарын алу мақсатында, оның ішінде үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша депозит қамтамасыз ету ретінде берілген салымы болса, онда ол да тиісті өтемді алады. Жақын туыстарға (тегін) тағайындалған салымдар, сондай-ақ біріктірілген депозиттерге де өтемақы беріледі.