Бірқатар көшелер жабылды

Среда, 19 Май 2021 04:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2163 раз

Үшінші мегаполистегі ең ірі жолдың бірі – Қонаев даңғылын ұзарту құрылысы жалғасуда. 17 мамырдан бастап құрылыстың ІІ кезеңінің жұмыстарына байланысты Әйтеке би көшесінің бір бөлігі жабылды. Амангелді көшесінен Володарский көшесіне дейінгі бөлігіндегі көлік қозғалысына шектеу қойылды.

831

 

Жауапты мамандардың айтуынша, құрылыс учаскесін айналып өтуі үшін көлік қозғалысы Қабанбай батыр, Ерманов, Володарский, Бостандық және Өзбек көшелерімен ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, Амангелді, Бостандық, Милицейская, Өзбек, Красноярская, Шымкент көшелерінің тұрғындары үшін осы орамның батыс бөлігінен қолданыстағы Қалдаяқов, 8 наурыз көшелері арқылы қозғалуға және шығыс бөліктен Түркістан, Тоқаев, Әйтеке би көшелері арқылы кіріп-шығуға мүмкіндік қарастырылған.
– Бұл – Қонаев даңғылын жалғастыру құрылысындағы ең ірі және маңызды кезең. Даңғылдың Түркістан көшесін қиып өткен бөлігі Ескі қалашықтың Цитадельге жақын маңдағы тұстан жерасты туннелі арқылы жалғасып, Бадам өзеніндегі көпірге дейін созылады. Бұл аралық – 1,5 шақырым. Оның жанынан басқа көшелерге өтетін оң жақ бұрылыстар болады. Құрылыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, – деді арнайы пресс-тур барысында қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.
Қазіргі таңда жол құрылысына байланысты осы маңайдағы үйлерді мемлекет қажеттілігіне қайтару жұмыстары жалғасуда. Ал сауда нүктелері жолдың үстіне түскен кәсіпкерлер үшін басқа базарлардан арнайы орындар қарастырылған. Бұл құрылыс жобасы туралы біраздан бері насихат жұмыстары жүргізіліп келеді.
Жауапты мамандар орын алған қолайсыздықтар үшін қала тұрғындарынан кешірім сұрап, түсіністікпен қарауларын сұрайды.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.