БҰЗЫЛҒАН МЕШІТ ЕМЕС, ҚОСЫМША ҒИМАРАТ... Избранное

Среда, 24 Январь 2024 05:01 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 332 раз

Әлеуметтік желіде Шымкент қаласындағы көне мешіт ғимаратының бұзылып жатқаны туралы видео тараған болатын. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Дәуітұлы Шыңғысбай қажы» мешітінде (Жәми) болып, жағдайдың анық-қанығын тексерді. Жауапты басшылар, дін өкілдері БАҚ өкілдеріне бұл тарихи нысан емес, қосымша ғимарат екенін айтып берді.

meshit-1

 

Бұзылған нысан 1980 жылы қажының ұрпақтары салған қосымша медресе ғимараты. Жиында қала әкімі тарихи нысандар бұзылмайтынын, қайта қорғауға алынып, абаттандырылатынын мәлімдеді.
– Анықталғанындай, бұзылған ғимарат тарихи нысандарға жатпайды. Көне мешіт қосалқы ғимаратының әбден тозығы жеткендіктен оның орнын абаттандыру және қосымша оқу корпусын салу жұмыстары жүргізілуде. Енді құрылысты екі айдың ішінде тездетіп бітіру қажет. Өздеріңіз білесіздер, біз бұрынғы ескі ғимараттарды қайта қалыпқа келтіруді қолға алып жатырмыз. Мұндай тарихи нысандарды сақтауымыз керек. Бұл жағдайда халыққа ақпараттық-түсіндірме жұмыстары тиісті жүргізілмеген, – деді қала әкімі.

meshit


Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Әбдірахмановтың айтуынша, көне мешіттің аумағы абаттандырылып, заман талабына сәйкестендіру жұмыстары атқарылуда. 1980 жылдары салынған қасындағы қосымша ғимараттарды бұзу, оның орнына оқу корпусы, жатақхана салу жұмыстары қолға алынған. Бұған дейін демеушілердің есебінен жанындағы қосымша ғимараттың орнына сауат ашу курсы ашылған еді. Әбден тозығы жеткен, бос тұрған екінші ғимараттың орнына заман талабына сай оқу корпусы және автотұрақ салынады.
1889 жылы ашылған «Дәуітұлы Шыңғысбай қажы» мешіті (Жәми) Шымкент қаласында орналасқан тарихи ғимараттардың бірі. Дәуітұлы Шыңғысбай қажының шөбересі Сейдехан Мамытов мешіт аумағын көркейту жұмыстары жүргізілгені құптарлық екенін атап өтті.

Последнее изменение Среда, 24 Январь 2024 05:15
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.