«ШЫМКЕНТТІҢ ГАСТРОНОМИЯЛЫҚ АСТАНА АТАНУҒА МҮМКІНДІГІ БАР» Избранное

Пятница, 19 Январь 2024 04:16 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 512 раз

Шымкент – туристерге қолайлы шаһар. Өткен жылы қалаға 300 мыңнан астам турист келген. Оның ішінде шет мемлекеттерден келушілердің де қатары артқан. Қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Нұрымбетовтың айтуынша, 2024 жылы қаланың туристік әлеуетін арттыруда тың жобалар қолға алынады. Тарихи орындарға баратын инфрақұрылымдық жолдар жақсартылып, жаңа маршруттар ашылады. Шаһардың гастрономиялық бағытын жандандыруда да маңызды жұмыстардың қатырында тұр. Тарқатып айтсақ...

turis

 

Республикада төртінші орында

Басқарма басшысының міндетін атқарушы А.Нұрымбетов туристік инфрақұрылымды дамыту, креативті индустрия, сыртқы байланыстарды нығайту және тағы басқа бағыттар бойынша атқарылған жұмыстарды қорытындылады. 2023 жылдың 9 айындағы статистикалық есептерге сәйкес, қала аумағына 340 413 турист келген. Аталған көрсеткіш бойынша Шымкент республика көлемінде Астана, Алматы қалалары және Ақмола облысынан кейін 4-ші орынды иемденіп отыр.
Атап айтқанда, ішкі туристер санын 237 000 адамға жеткізу жоспарланған болатын. Жыл қорытындысында бұл көрсеткіш 319 576 адамды құрады. Ал есептік кезеңде шетелден 20 837 адам келген. 2024 жылы алыс және жақын шетелден 61 000 адам келеді деп жоспарлануда.
Өткен жылы қаланың туристік әлеуетін танытуда бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылған. 2023 жылы наурыз айында «Наурыз Шымкенттен басталады» іс-шарасы аясында Damdastour ресторандар жәрмеңкесі өткізілді. Оған 40-қа жуық қаланың тамақтану орындары 6 номинация бойынша бақ сынаған. Жалпы іс-шараға 30 мыңға жуық адам қатысқан.
Гид-экскурсоводтардың туристерді алып жүру кезіндегі қауіпсіздікті арттыру және сақтау бойынша 4 семинар-тренинг өтті. Сонымен қатар, шетел өкілдерімен әкімдік ғимаратында 70-тен астам кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында қалада инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізілді.
Жалпы 4 мемлекетпен бауырлас қатынас орнатылды. Олар – Түркияның Адана, Италияның Генуя, Қытайдың Сиянь және Қырғызстанның Ош қаласы.
– Биыл да бірқатар іс-шаралар, жобалар қолға алынады. Атап айтқанда, 2024 жылы Сайрам тұрғын алабын дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Жоспарға сәйкес, Қаратау ауданы әкімдігімен бірлесе 2024-2025 жылдар аралығында жылына 80 мыңнан аса зияратшы келетін нысандар – Ибрагим ата және Қарашаш ана кесенелерін абаттандыру көзделген. Жоспар бойынша биыл да Damdastour, дипломатиялық корпус, пресс-турлар мен блог турлар, Қазақстан лайв фест көрмесі, Shymkent Tourism Awards форумы және тағы басқа іс-шаралар өтеді, – дейді Азамат Алматұлы.
Бүгінде қала аумағында 144 орналастыру орны, 25 әлеуметтік және мәдени нысан, 23 демалыс орны, 69 спорт орталықтары, 10 саябақ, 7 республикалық сакралды нысан, 3326 тамақтандыру орны, 150-ден астам туристік нысан бар.

«Кәсіпкерлерді қолдаймыз»

Шымкент қаласында Сайрам тұрғын алабы – туристік маңызды аумақтардың бірі. Туризм саласын дамыту жоспарына сәйкес, былтыр Хызыр мұнарасы абаттандырылды. 7 республикалық тарихи-мәдени нысандарды дамыту бойынша алдағы уақытта Жол картасы әзірленбек. Азамат Алматұлының айтуынша, бұл орайда кесенелер абаттандырылады және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жол сілтегіштер орнатылып, санитарлық-гигиеналық тораптар жаңартылмақ. Сайрам тұрғын алабына алып баратын жаңа туристік маршруттар ашылмақ. Әрине, аталған бағыттар бойынша басқарма 4 маңызды субсидия жүйесін және мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруды көздеп отыр.

turis-1


– Туризм индустриясын дамытуға қызығушылық танытқан кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шаралары қабылданды. Атап айтқанда, туристік нысандарды салу және қайта құру кезінде жеке бизнестің шығындары инвестиция сомасынан 10 пайызы, жол бойындағы сервис нысандарын салу кезінде кәсіпкерлік субьектілері шығындарының 10 пайызы өтеледі. Басқарма тарапынан туристік санаттағы көлік құралдарын сатып алу кезінде туроператорлар мен турагенттіктердің шығындарының 25 пайызын өтеуді де жоспарлап отырмыз, – дейді А.Нұрымбетов.
Өткен жылы шілде айында «Белгілі және белгісіз Сайрам» туристік экспедициясы өткізілген-тін. Экспедиция аясында нысан аумағын зерделеу, тарихи оқиғаларды анықтай отырып, өлкетану, ғылыми, зерттеу және іздестіру жұмыстары жүргізілді. Туристік экспедиция қорытындысы бойынша Сайрамның киелі нысандарын біріктіретін жаңа тақырыптық экскурсиялық маршруты құрылды. Экспедиция жұмысына магистр-тарихшы, өлкетанушы Миралим Мирхалдаров, археолог Азамат Ергешбаев, кәсіби гид-экскурсоводтар атсалысты. Тарихшылар мен археологтар тарихи тақырыпта турларды жиі өткізу, өлке тарихын мектеп оқушыларына оқыту, туристік нысандарды жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізген еді. Археолог А.Ергешбаев қазба жұмыстарына қатысқан маман ретінде туристік кластер құруға қолдан келген көмегін көрсетуге дайын екенін мәлімдеген.
Сайрам – көптеген көне аңыздар мен құнды жәдігерлері бар қала мәдениетінің ең ірі ескерткіші. Сайрамның тарихы өте тереңде. Ендігі кезекте туристік бағыттарды дамыту, инфрақұрылымды жақсарту бойынша бірқатар жұмыстарды іске асыру қажет. Шетелдік туристер үшін Сайрам тұрғын алабында визиттік-ақпараттық орталық ашу да уақыт күттірмейтін мәселе. Жалпы кезекті баспасөз-туры өзекті мәселелерді шешудің алғышарты болды.

Креативті индустрия хабы ашылады

Қазіргі таңда креативті индустрия көптеген елдердің экономикасын дамытуда маңызды инновациялық бағыттарға айналуда. Олар жылдам қарқынмен дамып, ірі мегаполистердің эксклюзивті экожүйелерін құруға серпін береді. Шымкент қаласында креативті индустрияның әлеуеті өте жоғары. Шаһарда креативті индустрияда жұмыс істеп жатқан 3 500-ден астам кәсіпкер бар екені айқындалған. Үшінші мегаполисті еліміздің креативті орталықтарының біріне айналдыру жұмыстары қарқын алуда.
Креативті индустрияда ең негізгі төрт бағыт таңдалған. Олар – кино және анимация, дизайн және сән, IT, халық қолөнері. Басқарманың мәліметінше, қолөнер бағытында 1330 кәсіпкер тіркеліпті. 2024 жылы қалада креативті хаб ашу жоспарлануда. Онда талантты жастар өздерінің шеберлік сағаттарын өткізіп, тауарларын көрсете алады. Былтыр қалаға келетін қонақтарға арналған креативті тақырыптық маршруттар дайындалып, арнайы буклеттер жасалды.
Жалпы, қалада биыл да маңызды іс-шаралар өткізіледі. Соның бірі – «Наурыз Шымкенттен басталады» іс-шарасы аясында Damdastour ресторандар жәрмеңкесі. Наурыз айында өтетін «ДәмДәсTour» фестивалін үшінші мегаполистің жыл сайынғы дәмді мерекесіне айналдыру жоспары бар. Бұл қаланың туристік әлеуетін дамытуға оң септігін тигізеді.
Талдау жұмыстарына сәйкес, қалаға туристер ең көп келетін кезең –наурыз айы. Өткен жылы аталған фестивальге шетелден 3 мыңға жуық шетел азаматы келген. Ол статистика департаментінің кезеңдік есептері, eQonaq туристік-ақпараттық порталының мәліметіне сәйкес белгілі болып отыр.
Damdastour – ұлттық дәстүрлерді, құндылықтарды дәріптейтін маңызды іс-шараның бірі. Министрліктің жоспарына сәйкес, қазіргі таңда Шымкент қаласының еліміздің гастрономиялық астанасы атануға мүмкіндігі бар.
Азамат Алматұлы 2024 жылдан бастап қала аумағында гастрономиялық туризмді зерттеу жұмыстары да қолға алынатынын айтты. Яғни, мейрамханалар, қаланың дәстүрлі тағамдары зерделеніп, жалпы тағамдардың ұлттық картасы әзірленбек.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.