«ЖЫЛЫНА 1 ПАЙЫЗБЕН ТУЫСҚАНЫҢ ДА ҚАРЫЗ БЕРМЕЙДІ...» Избранное

Среда, 01 Март 2023 05:51 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1703 раз

немесе «Іскер қала» бағдарламасы – бизнеске қолдау көрсетудің тиімді құралы

Қазақстанның қуатты мемлекет болуы өңірлердің өркендеуімен тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда алдағы жылдары Шымкент дотациялық аймақтан донор аймаққа айналуы тиіс. Негізінде 2018 жылы республикалық мәртебеге ие болған үшінші мегаполистің алдына ортақ қазынаға қол жайып қарамайтын, Алматы мен Астана сияқты өзін-өзі қамтамасыз ететін, тіпті, қажет болған жағдайда республикалық бюджетке табыс әкелетін қала болу міндеті қойылды. Әрине, мұндай міндеттің ауыртпалығы зор. Ол үшін қалада өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамыту қажет. Қазір Шымкент қаласының әкімдігі осы бағытта ауқымды жұмыс атқаруда.

54

 

–Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында кәсіпкерлікті қолдауға барынша басымдық берілетінін атап өтті. Бұл жергілікті атқарушы биліктің алдында тұрған ең басты міндет деп айтуға болады. Президент жүктеген осынау міндетті орындау үшін биыл Шымкент қаласында кәсіпкерлікті қолдау бағытына бюджеттен 18 миллиард теңге бөлініп отыр. Осыншама қомақты қаржы банктегі есепшоттарда тұр. Енді неге сол қаржыдан өз үлесіңізді алып, бизнес бастамасқа?! – дейді Шымкент қаласы әкімінің халықпен кездесуінде сөз алған қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков.
Оның айтуынша, бұл қаржы кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында бөлінген. Ұлттық жобада бизнеске қолдау көрсетудің бірнеше тетіктері қарастырылған.
–Бұл ұлттық жоба «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламаларын біріктіру арқылы жасалған. Онда өз бизнесін бастауды көздейтін және өндіріс қуатын арттырғысы келетін кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсетудің бірнеше құралдары қарастырылған. Мәселен, кез келген кәсіпті бастау үшін бастапқы капитал керек екені белгілі. Қазір екінші деңгейлі банктерден несие алсаңыз, пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары. Сол себепті мемлекет банктер ұсынған несиелердің үстемақысының бір бөлігін субсидиялайды. Яғни, сіз екінші деңгейлі банктен жылдық тиімді мөлшерлемесі 20 пайыз болатын несие алсаңыз, соның ішінде 15 пайызын мемлекет өтеп береді. Сонда сізге несие жылына бар-жоғы 5 пайызбен түседі, – дейді Береке Талғатұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, ұлттық жобада қарастырылған екінші бір қолдау құралы – несиелерге ішінара кепілдік беру.
–Сіздің қолыңызда дайын бизнес-жоспар бар делік. Оны жүзеге асыру үшін 10 миллион теңге қаржы керек. Несие алайын десеңіз, екінші деңгейлі банктер кепілдікке мүлік сұрайды. Әрі кепілдік ең кемінде 1.6 коэффициентпен есептеледі. Яғни, 10 миллион теңге несие алу үшін сіз ұсынған кепілдік мүлкі кемінде 16 миллион теңгеге бағалануы шарт. Міне, осы тұста адамдар кепілге қоятын талапқа сәйкес мүлік таппай, қатты қиналып жатады. Ал, ұлттық жобада осы кепілдіктің 85 пайызына дейін мемлекет ұсынады. Яғни, 16 миллион теңгенің 13 миллион 600 мың теңгесіне мемлекет кепілдік береді де, сіз бар-жоғы 2 миллион 400 мың теңгеге бағаланатын мүлікті кепілдікке ұсынсаңыз болғаны, – дейді ол.
Мұнан бөлек, ұлттық жоба бойынша кәсіпорынға жетпей тұрған инфрақұрылымдарды мемлекеттік бюджет есебінен қайтарымсыз тартып беру және стартап жобаларды гранттық негізде қаржыландыру секілді қолдау құралдары қарастырылған.

55


Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы толық жүзеге асырылған кезде жалпыұлттық ішкі өнім құрылымындағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 2020 жылғы 25 пайыздан 2026 жылға қарай 35 пайызға дейін жетеді деген болжам бар. Сонымен қатар, мемлекеттің экономикадағы үлесін 14 пайызға дейін төмендету межеленген. Ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін 995,3 мың жұмыс орны құрылады. Оның ішінде тұрақты – 335,1 мың, уақытша – 660,2 мың жұмыс орны болмақ. Сондай-ақ,
ұлттық жоба 1,7 млн адамның тұрақты жұмысқа орналасуына жанама әсер етуі тиіс. Сөйтіп, ауылды жерлердегі табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де аз тұрғындардың үлесі 6,5 пайызға дейін азаяды деп күтіліп отыр.
Мұнан бөлек, Шымкентте экономикалық өсудің негізгі драйвері саналатын кәсіпкерлік саласын дамыту мақсатында «Іскер қала» атты бірегей өңірлік бағдарлама іске қосылды. Бұл бағдарламаның бірінші бағыты – өнеркәсіптік парктер құру. Яғни, қаладағы пайдаланылмай бос жатқан өндірістік ғимараттарды, алаңдарды өнеркәсіп кәсіпорындарын ашу үшін пайдаланылып жатыр.
Инвестор өзінің бос тұрған өндірістік ғимаратына инфрақұрылым желісін жүргізіп, кәсіпорындарды ашуға дайын етіп әзірлеп қояды. Ал, өз бизнесін бастағысы келетін кәсіпкер жобасын индустриалды парктер тізіміне енгізу үшін «Бизнеске арналған үкіметке» кеңсесіне жүгінеді. Осыдан кейін жұмыс тобы жобаны тексеріп, қорытынды береді. Бұл қорытындыны аймақтық үйлестіру кеңесі қарайды. Егер жоба мақұлданса, ол тізілімге енгізіледі. Осыдан кейін кәсіпкер келіп барлық инфрақұрылымы жүргізілген, дайын өндірістік ғимаратқа өзінің қондырғыларын орнатып, жұмысын бастап кетеді. «Іскер қала» бағдарламасы арқылы әкімдік оның ғимаратты жалға алу шығынының бір бөлігін субсидиялап отырады.
–Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Іскер қала» атты бағдарлама қабылдадық. Бағдарлама аясында жеке инвесторлардың есебінен өнеркәсіптік парктер көптеп ашылады. Мұнда шағын кәсіпорын ашқысы келетін бизнесмендерге инженерлік-инфрақұрылым желілері тартылған дайын өндірістік ғимараттар ұсынылады. Бұл өте ыңғайлы. Кәсіпкерлер өндірістік қондырғыларын осы жерге әкеліп орнатады да, ештеңеге алаңдамай жұмыс істей береді. Бағдарлама бойынша 1-ші жылы өндірістік ғимаратты жалға алу ақысының 75 пайызы, 2-ші жылы 50 пайызы, 3-ші жылы 25 пайызы бюджет есебінен субсидияланады, – деді Б.Дүйсебеков.
«Іскер қала» бағдарламасы арқылы жұмыс істейтін ең үлкен кешен «Стандарт» жекеменшік индустриалды аймағы болмақ (бұл жөнінде «Шымкент келбеті» газетінің 2023 жылғы 17 ақпандағы №13 санында арнайы мақала жариялаған – ред.) Ал, бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік парктің үлгісі ретінде 2021 жылдың желтоқсан айында «Трубмашхолдинг» ЖШС-інің базасында ашылған «Silkway Alliance» өндірістік паркін айтуға болады. Ол «Тассай» өндірістік аймағының жанында орналасқан. Кәсіпкерлік басқармасының мәліметі бойынша, бұл индустриалды парктің ауданы 4,4 гектарды құрайды. Онда өткен жылы жалпы аумағы 1 065 шаршы метр кеңселік, 3 500 шаршы метрлік өндірістік ғимараттар орналасқан. Оған шамамен 1 млрд. теңгеден астам инвестиция құйылған. Өткен жылы мұнда 8 кәсіпорын ашылып, қазіргі таңда жұмыс істеп тұр. Олардың арасында тұрмыстық химия, оның ішінде жуу құралдарын шығаратын цех, құрылыс индустриясына арналған түрлі қоспалар шығаратын зауыт, гидротаран өндіретін цех, жиһаз цехы, құрылысқа арналған жасанды тас плита шығаратын цех пен ұлттық музыкалық аспаптар, ұлттық үлгідегі ыдыс-аяқ жасайтын шеберхана және өзге де кәсіпорындар бар. Әзірге мұнда 120 адам жұмыс істейді.
Биыл «Silkway Alliance» жобасының екінші кезеңі іске асады. Онда тағы 8 мың шаршы метр өндірістік ғимараттар салынып, жаңа кәсіпорындар ашылады.
–Шымкент қаласының халқы тумысынан, табиғатынан саудаға, кәсіпкерлікке бейім ғой. Осынау үлкен потенциалды заманның талабына сай тиімді пайдалана білсек, ол қаламыздың ғана емес, тұтас Қазақстанның экономикалық өсуінің қозғаушы күшіне айнала алады. Сол себепті шымкенттіктердің бизнеспен айналысуына барынша қолайлы жағдай жасау үшін республикалық деңгейде Үкімет қабылдаған бағдарламаларға қоса «Іскер қала» атты бірегей өңірлік бағдарлама қабылдадық. Оның бірінші бағыты жоғарыда айтқанымыздай, өнеркәсіптік парктер құрып, сол жерден өндірістік ғимарат жалға алудың шығындарын субсидиялау болса, екінші бағыты – жеңілдетілген несиелер беру. Шағын несиенің екі түрі қарастырылған. Біріншісі 19 бен 35 жас аралығындағы жастар мен әйелдерге берілетін 10 миллион теңгеге дейінгі несиелер. Оның пайыздық үстемақы мөлшерлемесі жылына бар-жоғы 1 пайыз. Қазір банктегі несиенің пайызы қанша екенін білесіздер. Тіпті, жылына 1 пайызбен 10 миллион теңге қарызды өз туысқаныңыз да бермейді мына заманда. Ал, мемлекет сізге сондай қамқорлық көрсетіп отыр. Бизнеске мұндай деңгейде қолдау көрсетіп жатқан мемлекет бүкіл әлемде көп емес, – дейді Береке Дүйсебеков.
Оның айтуынша, жеңілдетілген несиенің екінші түрі кемінде 3 жылдан бері жұмыс істеп тұрған кәсіпорны бар кәсіпкерлерге айналым қаражатын толықтыру және өндірістік қуаттылықты арттыру мақсатында беріледі. Несиенің максималды соммасы 50 миллион теңгеге дейін және жылдық үстемақы мөлшерлемесі 2 пайыздан аспайды.
Айта кетерлігі, «Іскер қала» бағдарламасына өнеркәсіптік бағыттағы, яғни, нақты тауар өндіретін, зат жасап шығаратын кәсіпкерлер ғана қатыса алады. Сауда немесе қызмет көрсету секілді салалар бойынша жұмыс істеп жатқан бизнес өкілдерінің бұл бағдарламаға қатысуына шек қойылған.
Жалпы, бизнес бастау дегеніңіз – зор жауапкершілікті, табандылық пен қажыр-қайратты және белгілі бір деңгейде тәуекел етуді талап ететін іс. Яғни, мемлекет қолдау көрсетті дегеніңіз сіздің жолыңызда ешқандай кедергілер мен қиындықтар болмайды немесе сіз үшін барлық проблеманы мемлекет шешіп береді деген сөз емес. Мемлекет тарапынан ұсынылып жатқан бұл шаралар тек кәсібіңді бастауға көмектесетін құралдар ғана. Осы құралдарды пайдалана отырып өз кәсібіңізді дөңгелетіп әкету сіздің іскерлігіңізге, тапқырлығыңызға, табандылығыңыз бен еңбекқорлығыңызға байланысты екенін ұмытпағайсыз.