– Президенттің бастамасымен 2025 жылға дейін Шымкент қаласында жыл сайын 120 мың түп ағаш егілуі қажет. Әрі Шымсая шатқалын жандандыру да басты назарда тұр. Осы шатқалдағы 11 гектар жер «Жасыл белдеу» мекемесіне тиесілі. Жалпы биыл күзде осында 8 378 көшет егу жоспарланған. Бүгінгі сенбілік те соның аясында өткізілуде. Осы акция аясында 4 мыңға жуық терек отырғызылды. Көшеттің барлығы «Жасыл белдеу» мекемесінің тұқымбағынан жеткізілген, - дейді Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы Нұрсұлтан Сейтжанов.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жылға елдегі орман қорында 2 миллиард және елді мекендерде 15 миллион ағаш көшеттерін егу ісі қолға алынған. Жоспар бойынша үшінші мегаполисте 5 қарашадан бастап жаппай ағаш егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде, нәтижесінде қала аумағына жалпы 160 696 ағаш көшетін егу жоспарланған. Оның ішінде дендросаябақ аумағына – 5000 көшет, аудан әкімдіктері тарапынан көше бойларына – 35 696 көшет, «Жасыл белдеу» мекемесінің жеріне 120 000 көшет егілмек.