Шымкент тұрғындарын коммуналды қажеттіліктермен қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспар орындалуда. Оның ішінде абоненттерге таза ауызсу жеткізу жұмыстары қарқын алған. Соның бірі – Құрсай шағынауданы. Елдімекеннің іргесінен таза су қоймасының құрылысы аяқталуға жақын. Нысан пайдалануға берілсе, тұрғындарға тіршілік нәрін жеткізетін құбыр дайын тұр. Шымкент қаласы әкімдігінің су құбыры және кәріз жүйелері басқармасының мамандары осылай деп мәлімдеді.
– Қалалық әкімдіктің 2023 жылға жоспарланып, аяқталып жатқан нысанының бірі – Құрсайдағы су қоймасы. Басқарманың инвестициялық бағдарламасы бойынша осы нысанға жалғанатын құбырды толық пайдалануға өз үлесімізді қосып жатырмыз. Құрсайдағы жекеменшік су құбырларының сапасы нашарлап, тозу деңгейі жоғарылап кеткен. Мысалы, Жандарбеков көшесіндегі диаметрі 315 мм-лік құбырдың тозығы жеткен 450 метрі ауыстырылып бітті. Тұрғындар игілігіне беруге дайын тұр. Құрсайда су проблемасы бар еді, халық пен билік өкілдерінің кездесуінде жиі көтерілетін. Осыған орай, қала әкімінің тапсырмасымен тиісті жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, бүгінде осы су қоймасы құрылысының 95 пайызы аяқталған. Енді Жандарбеков пен Байзақов көшелеріндегі құбыр қосылуға дайын тұр. Қазығұрт ауданы бойынша осындай жұмыстарға 16,5 млн теңге жұмсалды, – дейді Су құбыры және кәріз жүйелері басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Омаров.
Бұл – басқарманың инвестициялық бағдарламасында қаралған қаржының бір бөлігі. Басқарма жетекшілері ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өкілдерінің алдында инвестициялық бағдарлама қаржысының жұмсалуы бойынша есеп берді. Жауапты мамандар биылғы тиісті қаржы артығымен игерілгенін мәлімдеді.
– Шымкент қаласы бойынша инвестициялық бағдарламаның 2022 жылға бекітілген қаржысының көлемі 110 млн теңге болса, ол 103 пайызға орындалып, 113 млн игерілді. Департамент бекіткен жұмыс біздің тарапымыздан толық аяқталды. Оған қоса, басқа шағынаудандарда да инженерлік инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары атқарылып жатыр. Мысалы, Достық шағынауданы. Онда халықтың тығыз орналасуына байланысты, әсіресе, жаз айларында тұрғындар тарапынан құбырдағы судың қысымы төмендеп кетуіне байланысты арыз-шағым түсіп жататын. Біздің басқарма тарапынан инвестициялық бағдарлама бойынша 60 млн теңгенің жұмысы атқарылып, тозығы жеткен құбырлар жаңасына ауыстырылды. Жалпы ұзындығы 5,2 км құбыр жаңартылып, толық пайдалануға берілді. Келесі жылы Достықта жазда, күн ыстық кезде судың қысымы төмен деген шағым болмайды деп үміттенеміз, – дейді басқарма басшысының орынбасары Бағлан Омаров.
Жауапты мамандардың мәліметінше, қазіргі таңда Шымкент қаласы тұрғындарының 97 пайызы таза сумен қамтамасыз етілген. 2023-2024 жылдары бұл көрсеткіш 100 пайызды құрайды деген жоспар бар.
Сонымен қатар, шаһардағы кәріз жүйелерінің сапасын арттыру бойынша да тиісті жұмыстар орындалуда. Мысалы, Төлеметов көшесіндегі кәріз жүйесі бойынша мәселе шешілді. Ақжайық шағынауданында кәріз сору станциясы болатын. Одан шығатын жағымсыз иіске жергілікті тұрғындар шағымданған. Оған қоса, станция жылына 3,5 млн теңге электр энергиясын тұтынып келген. Осы мәселені шешу бойынша сорғы алынып тасталып, электр энергиясына жұмсалатын қаржы үнемделген. Әрі жағымсыз иіс те жоғалды. Ал, қалдық су өздігінен ағатын жүйеге жалғанып, Сырым батыр көшесіндегі диаметрі 500 мм кәріз коллекторына барып қосылған. Мұның барлығы инвестициялық бағдарлама қаржысының игілігі.
– Заң талабына сәйкес, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті тарапынан базалық ірі субъектілерге 5 жылға немесе одан ұзақ мерзімге инвестициялық бағдарламалар, тарифтер бекітіледі. Су құбыры және кәріз жүйелері басқармасына 2021-2026 жылдарға барлығы 750 млн теңгеге инвестициялық бағдарлама бекітілді. Ең бастысы – бағдарламаның сапалы әрі тиісті орындалуы. Биылға 7 шақырым су және кәріз жүйесі жаңартылды. Қосымша сорғы, су реттегіш сияқты жабдықтар сатып алынған, жаңартылған. Барлық жұмыс кесте бойынша орындалуда. Қосымша айтарымыз, жыл соңына дейін су және кәріз жүйесін пайдалануға бекітілген тариф өзгеретін себеп жоқ. 2023 дылдың 1 шілдесінен жаңа тариф күшіне енеді, – дейді Департамент басшысының орынбасары Айсұлу Әлібекова.
Жалпы, Су құбыры және кәріз жүйелері басқармасының 2021-2025 жылдарға арналған ивестициялық бағдарламасына 750 млн 248 мың теңге бекітілген. Соның аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде нормативтік-техникалық шығын 0,18 пайызға, ал құбырлардың тозу деңгейі 0,5 пайызға төмендеген.
Жоғарыда атап өтілген, биыл игерілген 113 млн теңгенің ішінде 103 млн теңгеге жуығы су желілерін қайта құруға, 3,8 млн теңгесі кәріз желілерін қайта құруға жұмсалса, 340 мың теңгесіне негізгі құралдар сатып алынған.
Қаладағы коммуналды қызмет сапасын жақсарту бағытындағы жұмыс тоқтамақ емес. Себебі, басқарма өкілдерінің мәліметтінше, жыл сайын қаладағы су және кәріз желісінің қызметін пайдаланушы абонент саны артып келеді.