Миллионға жуық адам зейнетақы жинақтарын тұрғын үй сатып алуға және (немесе) емделуге пайдаланды

Четверг, 15 Июнь 2023 11:45 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 991 раз

1 миллионға жуық бірегей өтініш берушілер зейнетақы жинақтарын тұрғын үй сатып алуға және (немесе) емделуге пайдаланды. Өздеріңізге белгілі, зейнетақы жинақтарын азаматтар БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының қолжетімді сомасы шегінде тұрғын үй алуға, емделуге немесе басқарушы компанияларға аударуға шектеусіз рет пайдалана алады.

2021 жылғы қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша БЖЗҚ салымшылардың (алушылардың) тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарын пайдалануға 1 361 040 өтінішін орындады. Отандастарымыздың уәкілетті оператор-банктерде ашылған арнайы шоттарына БЖЗҚ 3,2 трлн теңгеден астам қаражат аударды. Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы шамамен 2,35 млн теңге. Бірегей өтініш берушілер саны – 692 936 адам. Осылайша, кейбір салымшылар (алушылар) біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үйге алу құқығын бірнеше рет пайдаланған.

Бұл бағытта Алматы (17,55%), Астана қалаларының (13,96%) және Маңғыстау облысының (10,31%) тұрғындары белсенді болды. www.enpf.kz сайтындағы "Көрсеткіштер" бөлімінде азаматтардың біржолғы зейнетақы төлемдеріне өтініштерді қандай мақсаттарға беретіні, оның ішінде өңірлер бөлінісі ("Біржолғы зейнетақы төлемдері мақсаттары бойынша" және "Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері" бөлімшелері) бойынша ақпарат орналастырылған.

Салымшылардың (алушылардың) өз жинақтарын пайдаланатын мақсаттарын талдай отырып, мынадай қорытынды жасауға болады: барлық өтініштердің шамамен 36% – азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) және жеке тұрғын үй салу (меншігінде жер телімі болған кезде), өтініштердің шамамен 21% – тұрғын үй құрылыс жинақ бағдарламалары бойынша зейнетақы қаражатын салымшылардың (алушылардың) пайдалануы үшін, өтініштердің шамамен 21% –тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына одан әрі жинақтау үшін салымды толықтыру мақсатында, өтініштердің шамамен 20% – ипотекалық тұрғын үй қарызын бастапқы жарнадан қайта қаржыландыруға және толық өтеуге дейін пайдалану мақсатында жұмсалыпты.

Қазір зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға өтініштерді қабылдайтын уәкілетті операторлар "Отбасы банк "тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ, "Қазақстан Халық банкі" АҚ, "Altyn Bank" АҚ, "Банк ЦентрКредит" АҚ және "Банк Фридом Финанс Қазақстан"АҚ болып табылады.

Атап кетейік, уәкілетті операторлардан 469,46 млрд теңге салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) қайтарылды, себебі отандастарымыз біржолғы зейнетақы төлемдерін өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланбаған.

Сондай-ақ, БЖЗҚ 334,08 млрд теңге көлемінде емделуге берілген 414 326 өтінішті орындады. Емделуге алынған қаржының орташа сомасы шамамен 0,8 млн теңге. Бірегей өтініш берушілердің саны 302 034 адам. Осылайша, жинақталған зейнетақы қаражатын тұрғын үйге пайдалану кезіндегідей, емделуде де кейбір қазақстандықтар өз қаражаттарын бірнеше рет пайдаланған.

Өтініштердің 96% астамы стоматологиялық, 2,71% офтальмологиялық қызметтерді алу үшін орындалды. Қалған медициналық бағыттарға зейнетақы жинақтарының 1% азы пайдаланылды.

Бұл ретте салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на 33,13 млрд теңге қайтарылды, бұл қаражат өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.